Жаңалықтар

Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» ІІІ Халықаралық ғылыми конференциясы өтті

Конференцияға әлемнің 10 елінен, атап айтқанда Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Франция, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан жетекші тарихшылар, археологтар, этнологтар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар және сарапшылар қатысты.

Шара қонақтарының назарына Ақтөбе облысының аса көрнекті сәулет өнері ескерткіштері фотокөрмесі ұсынылды.

Конференция барысында сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов аталған диалог алаңы әртүрлі тарихи кезеңдерде Арал-Каспий өлкесін мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

«Ақтөбе өлкесінің аумағында мемлекет үшін баға жетпес қазына саналатын 1000-нан астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар екенін археологиялық және этнографиялық зерттеулер көрсетіп отыр. Бұл жерде палеометалл дәуірінде ежелгі металлургия белсенді дамыған. Қола дәуіріндегі металлургтердің қоныстарын тауып, жан-жақты зерттелуі — ерекше жетістік. Жалпы, соңғы жылдардағы археологиялық жаңалықтар Батыс Қазақстан халқының қола дәуірінде мал шаруашылығымен ғана емес, металлургияда да өндірістің күрделі және озық технологияларын игергенін дәлелдейді. Сонымен қатар, ғалымдардың соңғы археологиялық зерттеулеріне сүйенсек, Ақтөбе өлкесінде Ғұн дәуіріне тиесілі археологиялық орындар табылған. Ол кезеңнен де ғалымдардың нәтижелі еңбектерінің арқасында көптеген археологиялық ескерткіштер табылды. Айта кету керек, бұл жұмыстар өңір аумағында бұрын болған күрделі тарихи процестерді айшықтаудың бастамасы ғана. Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Археологиялық зерттеулерді одан әрі нығайту және тереңдету қажет деп санаймын. Жаһандану заманында ұлттық кодымызды сақтау, төл тарихымызды зерделеу, сабақ алу, шынайы болмысты тану, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау – басты міндет болса керек», — деген облыс әкімі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл мәселеде жан-жақты қолдау көрсетілетінін алға тартты.

Конференцияға қатысушылар Арал-Каспий аймағының жалпы тарихи-мәдени маңызын түсіну, этномәдени және саяси проблемалық мәселелерін талдау, аймақтың жылжымайтын ескерткіштерін зерделеу тақырыптарында баяндамалар жасады. Материалдарға тарих, археология және этнография бойынша жан-жақты пәнаралық зерттеулер, мұрағат және кітапхана қорларында сақталған құжаттар арқау болған.

Конференция барысында жаңа далалық зерттеулердің нәтижелері жарияланып, Арал-Каспий өңірінің аумағын одан әрі жан-жақты зерттеудің тың міндеттер қойылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button