Мәселе

Суицид неге көбеюде?

Бүгінде осы сұраққа нақты жауапты, тәжірибелі, атағы да бар педагог-ғалымдарымыз бен балалармен күнбе-күн қоян-қолтық араласып жүрген мұғалімдер, дәрігерлер қауымы, дін саласының адамдары, ата-аналар, психологтар, мектептерге бекітілген жүздеген полиция қызметкерлері таба алмай дал болуда.

Қайсыбір ғалымдарымыз бұның себебін күннің бетіндегі «қара дақтардың» көбеюінен, радиацияның өсуінен көреді. Енді біреулері белгісіз жаңа есірткі шығыпты, содан десе,  Алматы қаласының бір мектеп директоры психологтардың  жұмысының төмендігінен деп түсіндіреді. Байқаған адамға осы жоғарыдағы жалпылама үш себептің өзінен-ақ, әркімнің жауапкершілікті өзінен  қашықтатқысы, басқаға аударғысы келетіні аңғарылады.

Ашық айтуға ешбір жан батпайтын  сыңайлы. Ғылыми тұрғыдан талдауды айтпағанда, жай қазақы, қарапайым сөзбен түсіндірудің  өзі жетпей тұр. Суицид туралы және оның алдын алу шаралары жөнінде сауатты түсіндіруге мүмкіндігі бар дәрігерлер қауымына да халық өкпелі. Дін жолын ұстанған ауыл ақсақалдары, ел азаматтарының да осымен байланысты өз ойларын айтатын кезі келді.

Әр ғалым, сауатты, есті адам білгенін халыққа үйретпесе, күпірлік болады. Үгіт-насихатсыз қай жұмыстың да ілгері басуы қиын. Будда, кришна, христиандық, басқа да  небір ағымдар елді үгіттеп, арбайды. Солар ақшасын тыққылап әр отбасына кеулеп барады. Ата-бабадан жалғасқан қазақы салт-дәстүрге қауіп  төнді. Өлгенді жерлеу, қонақ күту, қыз-әйел, бала тәрбиесі — екі қазақтың, тума-туыстың арасындағы талас-тартысқа айнала бастады.

Бұған кінәліні қайдан іздейміз? Осы жерде өзім онша діндар адам болмағаныммен, қарапайым, қазақы адамгершілік жолымен, әрі тәртіпті бала-шаға тәрбиелеп, енді немерелерді  халық қатарына қосуға ерік-жігерімді аямай, аталық парызымды өтеуге тырысып  жүрген адамның бірі ретінде, көпшілікпен ой бөліскім келеді.

Қазіргі дәуіріміз — барлық тыныс-тіршілігімен өзгеше. Бұрынғы қоғамдық   құрылым толық өзгерді. Жетпіс жыл жалпы адамзаттың даму жолынан адасып, шығандап шығып кеттік. Содан ортақ арнаға әзер оралдық. Табиғи арнаға бүйірден келіп қосылсақ, бұл сара жолымыз адам танымастай өзгеріп – «Нарықтық» жолға айналып кетіпті. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев айтқандай: «А» дегенің ақша, «Б» дегенің банкомат, «Д» дегенің доллар, «Е» дегенің евро болған…

Кеңес кезінде 70 жыл бойы бірдейшілікке, ортаққа үйренген қоғамның қайсыбір мүшелері қолына еркіндік тиіп, аз-мұз байлыққа қолы жеткенде есінен айырылып қалды. Ақша қуған қызыл ала шапқын басталды. Қолында билігі барлар жерді гектарлап, өндірісті заводтап, фабрикалап жұтты. Бұған қолы жетпегендер ала қапшық арқалап базар жағалады. Айтқалы отырған сөзіміздің түйіні — осы қиын кезең кеңес дәуірінде таяқ жеп, отырса опақ, тұрса сопақ болған, әбден жасып қалған еркек қауымын тағы бүйірден соқты, беделін түсірді. Ақпарат құралдары, қоғам өкілдері халықты «отбасын қиын кезеңнен әйелдер алып шықты» деп түсіндіреді.

Алайда  сол сауданың ортасында жүрген менің ойым басқаша. Мұнда біздің менталитетіміздің тікелей себебі болғанын айтқан жөн. Рэкет, ұрлықшы, зорлықшылардың бәрі еркектер болды. Олар әйел, қыз-қырқынға тимеді, ата-бабадан қалаған сыйластық  табын кетірмеді. Еркек еркекке ғана жаудай тиді. Содан талай ер-азамат зардап шекті.

Міне, осыдан келіп, шарасыздан ер-азамат әйелдер қауымының жүкшісіне, жүргізушісіне айналып шыға келді. Әрі кеткенде «КамАЗ» көлігін жүргізді. Одан да тапқан пайдасы шамалы, талайы жолда құрбан болды.

Бірсыпырасы азын-аулақ мал бақты. Жастары  әскерге алынды, шекара күзетті. Әрине, атақ-абыройды ерлерге ешкім әкеліп бермейді. Оны өз  еңбегімен, ақыл ойының артықшылығымен жеңіп алады. Дегенмен, оған да уақыт керек, адамгершілігі мол, ақылды, өмірлік серік, әйел керек.

Осындай қоғамдық дерт дендеп тұрғанда, отбасында бала тәрбиесін жолға қоюға ер мен әйелдің шынайы бірлігі қажет.  Баланың  алдында  бір-бірінің абыройын төкпеуі, әсіресе, баланың есі кіргеннен «Әкең не дейді?», «Әкеңмен ақылдасайық» «Әкең келіп қалар…» деген сияқты басыңқы  сөздерді пайдаланып, баланың алдында әкенің рөлін көтеру абзал. Бұл мен ұсынып отырған жаңалық емес, бабаларымыздың, дініміздің үрдісі. Пайғамбарымыз өз насихатын надан халыққа «Бұл менің сөзім емес,  Алланың сөзі, мен жеткізушімін» деп үгіттеген ғой.

Осындай өмір сүру тәсілдерінен келіп, балада әкеден сескену тәрбиесі  қалыптасады. Осыған  аз ғана діни сауаттылық қосылса, құдіретті бір күш барлық қаракетті бақылап тұрғанын сезінсе, ол адам, не бала өзіне-өзі қол жұмсауға құдайдан қорқады. Ал ата-бабамыз «Құдайдан қорықпағаннан — қорық» деген.

Суицид себебін тудыруға қоғамдық жағдай, сол қоғамның мүшесі өзіміз, отбасымыз кінәлі. Ата-аналар комитетінің белсенді мүшесі ретінде  байқағаным, көбісі мұндайда бірден мектепті кінәлай бастайды. Қоғамдық ғылымда осындай шаруаларды  тексерудің дедукциялық сараптау жолы бар. Соған жүгінсек, мектепте бала толық 5 сағаттан артық болмайды. Мұғалім осы қысқа уақытта сабақ сұрап, тексеріп үлгерсе де аз шаруа емес.Әр сыныпта кемі 20-25 бала бар. Нағыз талапқа сай  үлгерім болуы үшін, сабақ сұралмаған бала болмауы тиіс.  Қанша тырысқанмен мұғалім көп баладан сабақ сұрап үлгере алмайды. Осы есептен көп мәселе туындайды. Бірлі-жарым  оқушы тәртіп бұзса, психолог маман сөйлессін. Ал меніңше, милицияның мектепке бар-жоғы бәрібір. Дұрысына келгенде милицияның жүруге,  бақылауға тиіс орны — мейрамхана, дәмхана, кинотеатр, базар маңайы болғаны дұрыс. Мектеп рухани орталық, мешіттен кейінгі киелі орын.

Осы аз ғана саралаудан туатын қорытынды — негізгі кінә да, себеп те әке-шешенің өзінде, мойнында. Бұлай болатын себебі, баланың оқуы, адам болып ел қатарына қосылуы — бірінші әке-шешеге керек, бар болса, әке-шешенің өзін тәрбиелеген ата-әжеге керек.

Қазіргі отбасылары бала тәрбиелеудегі ең негізгі буын — ата-әжелер еңбегін, тәжірибесін пайдаланудан қол үзіп қалды. Жаңа заманның адуын келіндері  балаларын ата-енелерінен гөрі компьютерге сеніп тапсыратын болды. Ата-бабаның заман сарабынан өткен алтын сөзі: «Баланы жастан, әйелді бастан» деген алдымыздан тағы атойлап шықты. Киімін тауып берсек, тамағын тойғызсақ болды деген тоғышарлық ойдың  қайда апаратыны белгілі. Үйде қалған баладан, «Қайда барасың?», «Қашан келесің?», «Не істейсің?» деп сұрап отыратын бақылаушы керек-ау деп ойланбады. Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген ұлағатты сөзі алдымызды ораса, дала академиктері – қазақтың қара шалдары да:

Қатаң бол перзентіңді жақсы көрсең,

Болмайды бетіменен қоя берсең.

Оған да, өзіңе де сор болады,

Айтқанын екі етпей істей берсең,

деп кейінгіге даналық сөздерін қалдырған.

Бұдан шығатын қорытынды, баласы бар үйде ата-әжесі, болмаса бақылайтын бір ересек адамның болуы қажет.  Әйел, еркегі жарысып жұмыс істеп, баланы кездейсоқ жағдайға ұшыратқаннан, келісіп біреуі үйде отырғаны орынды. Оны отбасы келісімі біледі. Оған болмаса, бала спорт, саз үйірмелерінің бірінде уақытын өткізуі тиіс. Ең дұрысы, немересі ата-әжелерімен бірге болып тәрбиесін көріп, олардың қасы-қабағын бағып  өскені жөн. Бұл — баланың  туыстық сезімін де нығайтады. Біздің қазақтың  мыңжылдық дәстүрі де осы.

Дәрігер мамандар, полиция өкілдері суицид ауруы жөнінде халыққа түсіндіріп, аса қауіпті деген отбасыларды есепке алып отыруы керек. Оның себептерін анықтап, материалдық жетіспеушілік болса, жәрдем ұйымдастырып, тұйықтан шығаруға жәрдем көрсетуі қажет.

Қазіргі кезде 25-40 жас арасындағы ерлердің арасында суицид мәселелері көбеюде. Медицина ғалымдары ерлердің белсіздік ауруы 30 пайызға  жетті деп жазуда. Осы себептің ықпалы бар-жоғына зер салып, зерттеп жатқандар жоқ.  Қапылдан өлген азаматтардың мүрдесін сараптама жасамай жерлеуді тыю керек. Мұны тәртіпке келтіру талап етіледі. Суицидтен басқа себептерді таза айырып есепке алу жергілікті ауыл әкімдерінің де  азаматтық борышы.

Бұдан жергілікті дін өкілдері де сырт қалмай,  жаман жағдаятқа душар болған отбасыларымен әңгіме өткізіп, оларды дәстүрлі дінімізге жақындата түсуі керек. Мешітке барған жастардың темекі, есірткі, арақ-шараптан қашық болуының өзі — қоғамға көп көмек.

Немерелерін оқытып, тәрбиелеп жатқан ата-әжелердің бірі болғандықтан, қоғамға саналы азаматтарды өсіру әр қазақтың мұсылмандық міндеті деп есептеп, осы мәселе жөнінде ой қозғау, күресу, әр азаматтың борышы деп санаймын. Еткен еңбегі еш кетіп, көрер қызығы таусылып, он екі де бір гүлі ашылмай баланың солуы — әке-шешеге ауыр азап, жазылмас қайғы, қасірет. Бұл оқиғаға немқұрайды қарай берсек, алда етіміз өліп, үйреншікті әдет болып кету қаупі тұр.

Халқымыз айтқандай, аурудың емі — алдын алу болса, ел болып қозғалайық. Жастардың суицидтен, арақ, есірткі жол апаты т.б. себептерден көп шығынға ұшырауы — адамдардың, оның ішінде ер адамдардың орта жасының әйелдерге қарағанда 10-12 жасқа кем болуына үлкен себепкер екені анық.

Біздер, қазақтар, тарихта көп қасірет шеккен халықпыз. Бірақ өміршеңдігіміз — сапалық арқауымыз, геніміз мықты. Таза етпен, сүтпен қоректенетіндіктен ойлау қабілетінен басқалардан басымбыз. Көңіліміз даладай кең. Жұрт айтатын бозторғай жұмыртқалаған заман ешуақытта болған емес. Қазақ халқы экономика, дағдарыс дегеннен де талай өтіп, шыңдалған. Бірақ психологиялық дағдарыстан өту қиындық келтіруде. Бұл көзге көрінбей, әр пенденің басында, миында болғандықтан, онымен күресуге, баланың өмір тәжірибесі, ал үлкеннің мүмкіндігі жоқ.

Мемлекетіміз байығанмен, жеке адамдардың аз бөлігінде ақша асып жатса, көбінде жетіспеушілік сақталуда.  Күйлі адамдар мансап, ақша қуалап, балаларын бақылаусыз қалдырады. Ал аз қамтылған отбасындағы жанжалдың көзі — жетіспеушілікте. Осы фактілердің жалғасы мектеп ішінде көрініс береді. Мемлекет мұғалімдерге еңбекақыны балаға дұрыс білім беріп, тәртібін бақылап, үйіне аман-есен қайтарғаны үшін береді. Баланың керегін тауып беру, тәртібін түзету, тәрбиелеу тәуліктің қалған он тоғыз сағатында ата-ананың міндеті.

Ағыбай БЕРДІМҰРАТОВ,

зейнеткер.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button