Мәселе

Киік мүсіндерді кім сындырды?

Масқара!

Ақтөбеде қаланың қақ ортасындағы киік мүсіндерді белгісіз біреулер бүлдіріп кеткен. Жойылып кету қаупі бар киелі жануарларға арнап өткен жылы қаламызда ескерткіш орнатылған еді. Бір жылға жетпей-ақ қала көркін келтіріп тұрған мүсіндердің сұрқы кетті. Масқара! Бұзақылар ең үлкен бөкеннің басын жарып, киіктердің мүйізін сындырып кетіпті. Ал «құйрықтарын» кесіп тастаған.

Жазықсыз тірі жануарларды браконьерлер қуып жүріп атып, мүйізін алып, жойып болды. Енді бұзақылар жансыз киік мүсіндерге тиісуді бастады, не үшін керек болды екен?

Қазір тәртіп сақшылары кінәліні іздестіріп жатыр. Олардың сөзінше, қаладағы әрбір ескерткіш пен мүсіннің жанына кезекші қоюға мүмкіндік жоқ. Ал мүсіндерді қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде жарты миллион теңге қаражат қажет екен. Бұған дейін осы киіктердің мүйізін бұзақылар үш мәрте кескілеп кеткен.

Заңға сай қылмысқа тарту мүмкін емес, сондықтан полиция қызметкерлері небары айыппұл салумен шектеліп отыр.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Ерболат Сарқұлов:

— Мүсіндер мен қоқыс жәшіктерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған. Айыппұл көлемі — бір айлық есептік көрсеткіштен жиырма айлық есептік көрсеткішке дейін. Бұзақылық тағы қайталанса, 20 есептік көрсеткіштен 40 есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Қаламызды гүлдендіру мен көріктендіру —  біздің азаматтық борышымыз. Осыны жастар ескере бермейді, — дейді.

Р.S. Өткен демалыста дереу шаралар алынып, сынған киік мүсіндер қайта қалпына келтірілді. Әдемілікке нұқсан келтіретін осындай бұзақылық енді қайталанбаса екен дейміз…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button