Мәселе

Кеншілер талабы қонымды ма?

Хромтау кеншілерінің көнбіс тірлігі бүгінде бейнетіне зейнеті сай болмауы салдарынан қалыпты арнасынан шығып, наразылық шеруіне ұласа бастағаны туралы хабар айналаға тез тарады. Өткен жұмада Дөң кен байыту комбинатының жұмысшылары Кеншілердің Мәдениет үйі алдына тағы да жиналды. Мұнда бас қосқандардың сырт түрінен ашу мен ыза лебін байқау қиын емес еді.

Біз ең алдымен осындағы ахуалды бағамдап алу үшін жұмысшылармен жолығысып, әңгімеге тарттық. Комбинаттағы жөндеу-механикалық шеберхана цехының жұмысшысы Айна Жоламанованың аталған ұжымда еңбек еткеніне төрт жыл болыпты.

«Мен фрезер станогында жұмыс істеймін, машиналардың детальдарына дейін осында жасап шығарамыз, — дейді ол, — егер бізде кідіріс болып қалса, ол басқа құрылымдардың тірлігіне де кедергі келтіреді. Сондықтан өз міндетімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Сонда алатын жалақым 30-35 мың теңге шамасында. Оның жартысынан астамын жалдап отырған пәтеріме төлеймін».

Аслан Қанғожин комбинатта жеті жылдан бері слесарь болып еңбек етеді. Оның айтуынша,  қолға алатын жалақысы — 40-45 мың аралығында. «Азық-түлікті дүкеннен жаздырып аламыз, — дейді ол, — сосын айлық алған кезде санап бере қоямыз. Сонда қалған тірлігіміздің қалай болатынын елестете беріңіз».

Осындай ой-пікірлерді олармен бірге тұрған көптеген жолдастары да бөлісті.

Әрине, адам мұндай шеруге еріккеннен шықпайды. Дегенмен, айлықтың аз болуының себептерін білуге тырысқанымызда, жұмысшылар норманың өте жоғары қойылатындығын айтты. Соның салдарынан жоспарлы тапсырмалар орындалуы қиынға соғады екен. Мұндай жағдайда сыйлықтар кесіліп қалады. Кеншілер мәлімдеген тағы бір жағдай, норма көтерілгенімен, тарифтік бағалау өзгеріссіз қалған.

Осының алдында бір апта бұрын болған наразылық шеруінде жұмысшылармен кездесуге Дөң кен байыту комбинатының техникалық директоры Марал Бекеев пен комбинат кәсіподақ ұйымының жетекшісі Сағидолла Клюмов келген екен. Ол жүздесудің ешқандай нәтиже бермейтіні сол арада-ақ түсінікті болыпты. Өйткені айтылып отырған мәселелерді шешу бұл қатардағы лауазымды тұлғалар мүмкіндігінен  тыс екендігі басы ашық нәрсе еді.

Соңғы болған жиынға келген «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының бас директоры Виктор Тиль жұмысшылармен ашық сөйлесуге тырысты. Бірақ оның кеншілердің қазіргі алып отырған жалақысы атқарған еңбектеріне сай екендігін тұжырымды түрде айтуы жиналғандарды одан сайын ашындыра түсті.

Кеншілер де өз байламдары мен дәлелдерін ортаға салып, ақырында АҚ басшысына «сонымен, алдағы уақытта біздің жалақымызды өсіресіз бе, жоқ па?» деген сауалды көлденең тартты. Оған бас директор «жалақы өсіру мәселесі шеру жасаумен шешілмейді» деп жауап қайтарды.

Сол арада шахтада үңгуші болып жұмыс істейтін 4-разрядты маман өзінің айлық жалақысы қағазын журналистер назарына ұсына берді. Оған өткен айда алпыс жеті мың теңге еңбекақы шыққан, ұстағаннан кейінгі қолға алғаны — 36 мың теңге екен. Бұған байланысты бас директор түсінік бере алмады.

… Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының хром рудасын өндіретін ірі бөлімшелерінің бірі болып табылады. Ол сондай-ақ алпауыттар қатарындағы ENRC холдингінің құрамдас бөлігі де болып саналады. Дерек үшін айтыла кететін бір дерек, өткен жылы комбинаттың екі шахтасында төрт жарым миллион тонна руда өндірілген. Осынша өнім өндіріп отырған жұмысшылардың жалақысы туралы жоғарыда айтылды.

Кеншілер мұнымен тоқтап қалмайтындықтарын айтып тарасты. Алдағы ахуалды «Ақтөбе» газеті өз оқырмандарына хабарлап отыратын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button