Спорт

Тең текетірес

Премьер-Лига

«Мақтаарал»-«Ақтөбе» — 1:1

10-11 қыркүйек күндері 19-тур ойындары өткізілді.

Бұл турда 5 кездесуде қонақтар жеңіске жетті.

Ақтауда «Каспийдің» «Астанадан», Оралда «Ақжайықтың» «Шахтерден», Түркістанда «Тұранның» «Қайраттан» ұтылуын қандай да бір заңдылыққа сыйғызуға болатын болса, өз алаңдарында «Тараздың» «Ақсудан», әсіресе Қостанайда «Тобылдың» «Атыраудан» ұтылуын қандай да бір желеумен ақтап алу қиын.

Алғашқы үштіктен, әлде төрттіктен үміткер «Ордабасы» Петропавлда 12-орында тұрған «Қызылжардан» ойсырай ұтылды.

Ал чемпионат басталғалы 132 кездесу (73%) өткізіліп, 340 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,58  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Түркістанда «Мақтаарал» командасымен кездесті.

Бұл ойынның қиын болатыны алдын ала белгілі еді. Себебі «Мақтааралға» жаңа бас бапкер келген-ді. Ал әдетте жаңа жетекші келген команда көбіне-көп жеңіске ие болатын. Екіншіден, «Мақтаарал» турнир кестесінде ең соңғы орында келе жатыр. Сондықтан олардың жоғалтатын ештеңесі жоқ: не бел кетеді, не белбеу кетеді. Оның үстіне қатарынан сегіз кездесуде жеңіске жеткен «Ақтөбенің» әйтеуір бір сүрінетін кезі болған сияқты көрінетіні де рас еді. Өйткені жерлестеріміз соңғы екі ойында да тек 1:0 есебімен ғана жеңіске жеткен. Онда да әуелгі ойында жеңіске пенальти арқылы ғана қол жетсе, келесі кездесуде гол 89-минутта ғана соғылған.

Дегенмен ақтөбеліктер бұл ойынды да әдеттегіше шабуылдармен бастады. Алаң иелерінің осал тұстарын табуға тырысты. Ал алаң иелері басымдық бермеудің барлық амалдарын қарастырумен болды. Сөйтсе де мақтааралдық қақпашы Рамил Нұрмұхаметов 24-минутта оңбай қателесті. Қайта-қайта лап берумен болған ақтөбеліктердің кезекті қысымынан құтылуды ойлаған мақтааралдық қорғаушы Диержан Арипов допты айып алаңының оң шет жағында жүрген өз қақпашысына алас-қапас итере салды да, сасқалақтаған қақпашы допты дереу алаң ортасына қарай әуелете тепті. Осы кезде тап сол жерге атқып шыға келген Руслан Камболов допты жерге түсірместен, 30 метрдей қашықтықтан бірден ашық қалған қақпаға қарай әуелете тепті. Қақпасына жетіп үлгермеген мақтааралдық қақпашы допты көзімен ғана ұзатып салды — 0:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймның басында ақтөбеліктердің есепті одан әрі ұлғайту мүмкіндігі туды. Өз алаңында алаң иелері қолмен ойнап қалғаны себепті бас төреші Григорий Московченко «Мақтаарал» қақпасына пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге келген Әлібек Қасым, әттең, допты қақпа маңдайшасынан асыра тепті. Ал арада аз уақыт өтпей дәл осындай мүмкіндікті алаң иелері тиімді пайдалана білді. Біздің айып алаңымызға ентелей енген мақтааралдық футболшы сұлап түсті де, пенальти белгіленді, Биллал Себаихи қателескен жоқ. Стас Покатилов доп бағытын аңғарып қалып, созыла ұмтылғанымен бөгет жасай алмады — 1:1.

Бұдан соң да алма-кезек тартыстар жалғаса берді. Дегенмен алаңға 65-минутта тыңнан шыққан Юрий Логвиненко, Жерар Гоу, Максим Самородов, одан соң Бауыржан Байтананы алмастырған Рамазан Оразов есепке өзгеріс енгізе алмады. Мысалы, жас футболшымыз Максим Самородов екі рет қауіпті соққы жасады. Дегенмен бірінші жағдайда доп тым қиыс кетсе, екінші ретте қақпашы қырағылық көрсетті. Қалай болғанда да, тәп-тәуір ойын өрнегін көрсететін футболшыларымыз қарсыластардың қақпасы алдына келгенде қимылдарын шашыратып ала беретіні рас.

Осылайша «Ақтөбе» Түркістаннан бір ұпаймен ғана оралды. Бұл турда жеңіске жеткен «Астана» енді желкемізден демалып тұр.

«Мақтаарал»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Руслан Камболов, 24-минут (0:1); Биллал Себаихи, 58-минут, пенальти (1:1).

50-минутта пенальти орындаған Әлібек Қасым («Ақтөбе») допты қақпадан асыра тепті.

Ескерту қағазын алғандар: Егор Потапов, 49-минут, Руслан Юденков, 81-минут, Секу Думбия, 90+4 минут («Мақтаарал») — Темірлан Ерланов, 39-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы, капитан), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Йоахим Адукор, Руслан Камболов (Юрий Логвиненко, 65-минут), Эрнест (Максим Самородов, 65-минут), Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 72-минут), Рожерио Шина (Арман Кеңесов, 85-минут), Сердер Сердеров (Жерар Гоу, 65-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Ескендір Қыбырай, Владимир Гинаитис, Артурас Жулпа.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

10 қыркүйек 2022 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 500 адам.

Бірінші айналымда жерлестеріміз өз алаңымызда «Мақтааралды» 1:0 есебімен ұтқан болатын.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 19 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 39. Доп айырмашылығы — 28:19.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 4 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 3 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Каспий»-«Астана» — 0:3

«Тобыл»-«Атырау» — 0:2

Екі голды да Демир Имери («Атырау») соқты.

«Тұран»-«Қайрат» — 1:3

Бұл ойында Жоао Пауло («Қайрат») үш гол соқты.

«Тараз»-«Ақсу» — 3:4

Жеңіс голын «Ақсу» (Дамир Марат) 90+7 минутта соқты.

«Ақжайық»-«Шахтер» — 1:2

84-минутта Тома Табатадзе («Ақжайық») пенальтиді голға айналдыра алмады.

«Қызылжар»-«Ордабасы» — 4:0

*   *   *

19-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 39 ұпай
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 37 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 32 ұпай
  4. «Шахтер» (Қарағанды) — 30 ұпай
  5. «Қайрат» (Алматы) — 30 ұпай
  6. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  7. «Ордабасы» (Шымкент) — 26 ұпай
  8. «Тараз» (Тараз) — 25 ұпай
  9. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 23 ұпай
  10. «Каспий» (Ақтау) — 23 ұпай
  11. «Қызылжар» (Петропавл) — 21 ұпай
  12. «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 18 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 14 ұпай

«Тұран» мен «Ақжайықтың» басқалардан бір кездесуі кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

20-тур ойындары 14-15 қыркүйек күндері өтеді.

14 қыркүйек, сәрсенбі

«Астана» — «Тобыл»

«АҚТӨБЕ» — «ТАРАЗ»

15 қыркүйек, бейсенбі

«Ақсу» — «Ақжайық»

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Мақтаарал» — «Қызылжар»

«Атырау» — «Тұран»

«Шахтер» — «Каспий»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button