Жаңалықтар

Суағар салмай болмайды

  • Қала

Әуе қалашығы шағын ауданындағы тұрғын үйлерге ыстық су дұрыс жетпейді. Аталған аумақ және Мәскеу, 12-шағын аудандарына ортақ мәселе — жаңбыр жауғанда аула мен көлік жолын су басады. Соның салдарынан көптеген көпқабатты үйлердің жертөлесі жарамсыз күйге түскен. Мұнымен бірге қоғамдық көлік қатынасының кешқұрым тоқтайтынына шағымданушы тұрғындар көп болды.
Бұл мәселелер жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Әуе қалашығы, Мәскеу, 12-шағын аудандары, «Юнис сити» тұрғын үй кешені тұрғындарымен кездесуінде көтерілді.

Жиынды ашқан Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров мұндай кездесулер жоспарға сай өтіп жатқанын айта келе, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін қосты. Артынша қалаға қарасты Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов бұған дейін осындай кездесуде айтылған түйткілдерге төмендегідей жауап берді:

— Өткен жолы Бөкенбай батыр көшесінен жеке секторға қарай жолды жабуға рұқсат беру туралы сұрақ қойылды. Мәселе жан-жақты қаралып, жолды жабуға немесе шектеуге рұқсат жоқ екенін айтқым келеді.

«Юнис сити» маңындағы аллеяны бақылауға алып, күнделікті қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрағандарға: бұнымен «Самғау-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады, санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті атқарылып жатыр.

Әуе қалашағы шағын ауданындағы 4 «Б» тұрғын үйінде ыстық судың ақпайтынын, тіпті қыс мезгілінде де бұның жалғасатыны бойынша монополист мекемемен сөйлестік. Мұнда ыстық су торабы қарастырылмаған. Тек жылыту маусымында ғана ыстық сумен қамтамасыз етіледі.

№8 бағыттағы қоғамдық көлік интервалы сақталмайды, сағат 20.00-ге дейін жүрсе деп тілегін жеткізгендер болды. Жазғы мезгілде автобустар аталған уақытқа дейін ғана жүреді.

«Авиатор» саябағын жөндеу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, көлік тұрағын ұйымдастыру мәселелері айтылды. Қазіргі таңда саябақты абаттандыру бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Мердігер мекемені анықтау кезеңі өтіп жатыр.

Сонымен қатар, Бөкенбай батыр көшесімен жүк көліктері көп өтеді, соған тыйым салатын жол белгілерін қоюды сұрағандарға айтарым, құзырлы органдарға біз тараптан ұсыныс берілді.

Әуе қалашығында тұрмыстық емес қоқыстарды шығару, қоқыс алаңына бейнебақылау орнату жайына келсек, жыл соңына дейін қала бойынша 100 көппәтерлі ауладағы қоқыс алаңдарын бейнебақылау құрылғысымен жабдықтау жоспарда бар.

Көпшіліктің қалауымен №7 қалалық емхана алдына аялдама орнату мәселесі назарға алынды, жыл соңына шешіледі, — деді.

Одан соң сөз алған тұрғындар бірталай мәселені ортаға салды. Айталық, Әуе қалашығы, Мәскеу, 12-шағын аудандарын мекен еткен жұртшылықты суағар мәселесі толғандырады. «Әсіресе, жауыннан кейін аулаға кірудің өзі мұң. Жертөлеміз адам көргісіз. Қанша жылдан бері осы түйткіл шешілмей келе жатыр» деп бірнеше ақтөбелік арыз-шағымын білдірді. Мұнымен бірге әуежайға қарама-қарсы Led-экранда ұзақ жылдан бері Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың туған жылы қате көрсетілгенін, жалпы батырларымызды ұлықтау, олардың атындағы аллеяларды жинастыру кемшін екенін айтқандар болды. Тіршілік нәрі — судың Әуе қалашығы шағын ауданында сыздықтап ағатынын, қыс мезгілінде жылудың да дұрыс берілмейтінін сын тезіне алғандар  ұшырасты. Арасында Ақтөбеден шыққан елеулі тұлғаларға көше атын беруді сұрағандар да кездесті. Атқарушы билік барлығын назарға алатынын уәде етті.

Соңында қала, аудан әкімдері азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, мұң-мұқтажын тыңдады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button