Мәселе

Ұялы телефон қылмыскер тәрбиелей ме?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Болашағым кім?» деген мақала жарияланған болатын. Балалардың қазіргі тәрбиесі жөніндегі әңгіменің басы оқырмандар арасында көп пікір туғызды. Мақаланың ізімен редакцияға қоңыраулар соғылып, хаттар келді. Бала тәрбиесіне қатысты үлкен әңгіменің бүгінгі жалғасы — ұялы телефондардың қалыптасып келе жатқан жас өскіннің қалай өсуіне әсер ететіні туралы.

Ұяны бұзарлық «қабілеті» бар ұялы телефонды бүгінгі балалар неге жанынан тастамайтын болды? Тіпті ұйқыға жатарда да не себепті қасына алып жатады? Не себепті ұялы телефоны үйде қалып қойса, қимасынан айрылғандай әсерде болады?

Рас, бұл тақырып турасында айтылып жатқан әңгіменің шет-шегін табу қиын. Пайдасын әркім-ақ біледі. Зияны бастан асады. Қараңыз:

Еуропада жүргізілген зерттеулер ең аз дегенде он жылдан бері ұялы телефон қолданған адамдарда кейбір ми рагының кездесу жиілігінің артқанын көрсетіпті.

Ең аз дегенде 10 жылдан бері ұялы телефон қолданған адамдарда кейбір ми рагының кездесу жиілігі телефонды қолданбаған адамдарға қарағанда тым көп екені анықталған. Елімізде 100 мың балаға шаққанда 100-127 бала қатерлі ісік ауруымен ауырады екен. Сарапшылардың айтуынша, обырды тудыратын факторлар қатарында ұялы телефон алғашқы орындардың бірін алып отыр. Телефоннан бөлініп шығатын зиянды заттар баланың әлі қалыптасып үлгермеген иммундық жүйесіне зақым келтіретіндіктен ойын баласына ұзақ уақыт телефонды ұстатып қоюға болмайды екен.

Зерттеулер нәтижесінде телефонды жиі қолданушылар арасында ДНК-дағы, нерв клеткаларындағы өзгерістер, мидың жұмысының бұзылулары байқалған.

Ал жақында шетелдің мықты мамандары «ұялы телефон ер адамның ұрығына арақ пен темекіден екі есе көп зиян келтіреді» деген тұжырымдар жасады. Өйткені ұялы телефон ер адамдардың репродукциялық  (бала туғызу) қызметіне айрықша зиян екен.

Мамандардың айтуынша, қазір балалар жиі қолданатын құлаққаптың (наушник) да зияны өте көп. Ол құлақ тамырларын, жүйке талшықтарын тітір­кен­діріп, әлсіретеді. Бұдан микроцир­ку­ляция бұзылып, бірден сезіле қоймайтын жарақат пайда болады. Бастапқыда біліне қоймайтын ол уақыт өте келе инфекция әсері­нен түрлі құлақ дертін өр­шітуі әбден мүмкін деседі. Дәрігерлер құлаққапты күніне 3 сағаттан артық пайдаланған адамның есту қабілеті әлсірейтіні былай тұрсын, музыка мен сыртқы дауысты қатар тыңдаудан артық салмақ түсетін жүйке тал­шықтары тез тозатынын айтады.

Мұндай зерттеулерді тізбелей беруге болады. Оны барлығымыз саналы түрде білгенімізбен, тіршілікте қолдана бермейміз. Расында, қазір бесіктегі балаға дейін ұялы телефонның көмегінсіз ұйықтамайтын болды. Бір келіншек айтады: «Баламды ұйықтатайын деп, бесік жырын жаттап алғанмын, бірақ оған жұбанатын бала жоқ, ұялы телефоннан ән қосып, қасына қойсам, сол мезет жұбана қояды». Мектепке бармаған бүлдіршіндер де қазір ұялы телефон көрсе, әлемнің ойыншықтарын бір бұрышқа жиып қойып, телефонмен ойнайды. Мектеп жасындағы балалар мүлде телефонсыз өмір сүре алмай қалды. Жатса-тұрса «ең жақын достары» қасында. Құшақтап ұйықтайды, құшақтап оянады. Ал ұялы телефонның балаларға «үйретпейтін» нәрсесі жоқ. Онда ойынның не шұрайы бар, сағаттап әңгіме де айта беруге болады, интернеттен не пәленің барлығын көшіріп алып, кез келген жерде алаңсыз отырып асықпай қарауға болады. Телефон кәдуілгі компьютердің кішкентай көшірмесі іспетті. Бірінші сыныпта оқитын бала телефоннан аядай тордың ішінде арыстанның адамды қанын шығарып жұлмалап жатқанын, қызтеке еркектердің түнгі клубтарда жалаңаштанып алып қалай билейтінін, кемпірдің шынашақтай баланы теуіп ұшырып жіберетінін, атпалдай еркектің қоймен вальс билеп жүргенін, түрлі шайтани секталарға кіруге уағыздайтын нәрселерді, ауыз бармайтын тағы түрлі видеоларды еш шімірікпестен көріп, мәз болып, «менде мынадай бар» деп, мақтанышпен достарына көрсететінін, достары одан да «кереметін» көрсетіп, «кімнің телефоны, кімнің видеосы мықты» екендігін айтып жарысады. Жасанды бейнекөріністер былай тұрсын, қазір нағыз болған оқиғаның не түрін — перзентханадағы әйелдердің босану сәті, екі бойжеткеннің бір-бірінің ішінен теуіп, шаштасып жатқанын, қайын атасы мен келінінің ұятсыздығы… барлығын да мектеп оқушысының ұялы телефонынан көре аласыздар.

Түрлі бейнекөріністерді айтпағанда, телефонның «мобильді агент» деп аталатын тағы бір «құдіреті» бар. Олай дейтініміз, мобильді агент пайда болғалы бері балалар былай тұрсын, үлкендердің көбі бала-шағасын, отбасын түгел телефон тұтқасына айырбастауға шақ қалды. Балалардың көбі қазір пайдалы әрекеттермен айналысатын уақыттарын телефонға арнайды. Мобильді агент туралы біздің газетімізде бірнеше рет жазылған-ды.

Қазір шет мемлекеттердің кейбірінде 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефонды ұстауға тыйым салынған. Америкада 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 75 пайызының қалта телефондары бар екен, алайда балалар сабаққа кірер алдында телефондарын арнайы орынға тапсырып, сабақтан шыққанда қайтадан алады. 2007 жылы Үндістанда оқушыларға телефон ұстауға тыйым салынған. 2008 жылы жапондар да сөйтті. 2009 жылы Тәжікстанның жалпы білім беретін мектептерінде оқушылар мен мұғалімдерге ұялы телефондарды тағып жүруге және пайдалануға тыйым салынды. Өзбекстанда балалардың телефонды пайдалануына тыйым салу туралы заң қабылдау мәселесі көтеріліп жатыр деседі.

Бізде ше?

Балаларды еліктіретін, жаман жолға бастайтын дүниелерді бойына жиып алған қалта телефонының зиянды жақтарынан қорғау үшін не жасалып жатыр?

Біздің елде оқушыларға мектепте қалта телефондарын пайдалануға тыйым салуға неге болмайды?

Мектептерде қалай?

Облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, білім беру мекемелерінің әкімшілігі өз оқушыларына ұялы телефонды пайдалануға тыйым салуға құқығы жоқ, мектептердің, колледждердің «Ішкі тәртіп ережесіне» сәйкес мектеп оқушылары ұялы телефонды барлық сабақтары аяқталғаннан кейін, ал колледж студенттері сабақ арасындағы үзіліс уақыттарында пайдалана алады. Басқарма бастығы «егер оқушы «Ішкі тәртіп ережесін» бұзып, сабақ үстінде ұялы телефонды қолданса, пән оқытушысы оқушыдан ұялы телефонын сөндіруге және оқытушының үстелінің үстіне қоюын талап ететінін, сабақ соңында түсініктеме алынып, телефон оқушыға қайтарылатынын және колледж студенті бірінші рет «Ішкі тәртіп ережесін» бұзса, онда кураторлық сағатында оның тәртібі қаралып, екінші рет қайталанса, ата-анасы шақыртылып, ескерту берілетінін, бұл ескерту бұйрығы оқушының жеке іс-қағазына тіркелетінін» айтады.

—  Ұялы телефон әр адамның жеке мүлкі болғандықтан, арнайы нұсқау болмай, оны және оның ішкі мазмұнын тексеруге мекеме әкімшілігінің және оқытушылардың құқығы жоқ. Бұл мәселені тек қана ата-аналармен байланысып шешуге болады.

Ұялы телефондардың ішінен қарауға ұялатын неше түрлі суреттерді пайдалану адамгершілікке, мәдениеттілікке жатпайтындығы туралы, оны тым жиі пайдалану адам денсаулығына зиян екендігі жөнінде дәрістерде айтылады. Жат дінді насихаттайтын видео, аудио жазбаларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстаған жағдайда заң алдында жауапкершілікке тартылатындығы және 7 жыл бас бостандығынан айырылатындығы туралы айтылып, ішкі істер департаментінің діни экстремизмге қарсы күрес бөлімінің мамандарымен кездесулер өткізіледі, — дейді басқарма бастығы.

Ал Ақтөбе қаласының білім бөлімі мамандары  телефонның бала денсаулығына, сабақ үлгеріміне, рухани дамуына оң немесе теріс әсер ететіні жөнінде дәлелдер, деректер жоқ екендігін айтады.

Ата-аналар балаларына ұялы телефонды байланыс және бақылау құралы ретінде алып береді, ал оның балаларының қай бағытта пайдалануын үнемі бақылай алмайды. Оқу-тәрбие үрдісінде бағдарлы талаптар және заңдар мен ережелер, нормативтік актілер аясында тәрбиеленушілерге бейморальдық ақпараттар, діни немесе т.б. үгіт-насихаттық ақпараттарға тыйым салынады. Дегенмен ақпараттық ағымды реттеп бақылау да мүмкін емес, — дейді бөлім  мамандары. Қала мектептерінде де мектеп әкімшілігі, мұғалімдері оқушыларға ұялы телефондарды сабақ үстінде пайдалануға тыйым салып, сынып жетекшілері ата-аналар жиналыстарында бұл жөнінде үнемі ескертіп отырады деседі. Ұялы телефон оқу құралдарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылмағандықтан, оны пайдалану тәртіпбұзушылық ретінде қарастырылып, талаптар мен ережелерге, мектеп Жарғысына сәйкес шаралар қолданылады екен.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханованың сөзімен айтсақ, баланың сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануына Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша тыйым салынбаған, сондықтан бұл жағдай әр мектептің ішкі ережесіне сәйкес ата-аналардың келісімімен реттелуі тиіс. Өйткені «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағына сәйкес «Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар»…

Және осы заңда айтады: «… баланың рухани және имандылық жағынан дамуына өзгеше зиян келтіретін… дыбыс және бейнежазбаларды көрсетіп, таратып жүргендер…» жауапқа тартылады деп. Бірақ әр баланың телефонында жүрген оның «рухани және имандылық жағынан дамуына өзгеше зиян келтіретін» жазбаларды ауыздықтауға көп ретте күш келмей жатқан секілді…

P.S. Редакцияға хат жолдаған Қобда ауданы Бегалы ауылының тұрғыны Жандыағаш Қылышбаев ақсақалдың айтуынша, барлық мәселенің қазығы   қазіргі мұғалімдердің оқушы алдында беделінің жоқтығынан. Мүмкін, солай шығар? Бірақ неге солай? Қалай ойлайсыз?

Пікір қосыңыз… Хат жолдаңыз: e-mail: sataeva81@mail.ru.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button