Жаңалықтар

Баланы буллингтен қалай қорғаймыз?

  • Ойтүрткі

 

 

 

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,
«Ақтөбе»

 

Домофон шырылдады. Тұтқаны ұстаған қызым ар жағындағы көрші қыздардың даусын тыңдар-тыңдамастан далаға шығуға сұранды.

— Кімдер келіп тұр?

— Көрші қыздар ғой. №15 үйдің қасында ойнауға бола ма?

— Қыздармен бірге бар, олар бармаса, сен де барма.

— Жақсы, — деп қызым шығып кетті үйден.

Сол күні қызым ұйықтап жатып, шошып оянды. Ертеңіне сөйлессем, есік алдына шыққанда бір қызды көріпті. Бұтындағы көк джинсыдан басқа киімінің бәрі қап-қара дейді. Қызымның айтуынша, тіпті тырнағы мен еріні де қара түске боялған. Көрші қыздарға еріп, басқа аулаға барып ойнайды. Сол кезде жаңағы қара киінген қыз бұларға жақындап келіп, әңгімеге тартыпты. «Атың кім? Қай үйде тұрасың?» деген сұрақтар қойған. Өзін таныстырған қыз он төртте екенін айтып, «менің тобыма кіргілерің келсе, ертең айтқан уақытта соңдарыңа ешкімді ертпей келіңдер» депті. Бірнеше сұрағы барын, соған дұрыс жауап бергенді тобына қабылдайтынын айтқан. Осы әңгімені айтып берген қызым әлгі жасөспірімнен қорқатынын да жасырмады. Абырой болғанда, бұл жерде қызыммен ашық сөйлесетінім мән-жайды білуге және шешуге көмектесті. Әйтпегенде, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты…

Жеті жастағы қызымның уайымы — оқушылар арасындағы буллингтің бір мысалы. Ағылшын тілінен аударғанда «bullying» сөзі кемсіту, келемеждеу, қысым көрсету деген мағынаны білдіреді. Қарапайым тілмен айтсақ, буллинг — адамның өзгеге күш көрсетіп, қорлауы. Балалар арасында мазақтау, қорқытып-үркіту, итеріп жіберу, соққыға жығу, яғни, буллинг бұрыннан бар нәрсе. Алайда ақпараттық технологияның дамыған уақыты әсер ете ме, әйтеуір қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Мұның қайсысы болса да жасөспірімге ауыр әсер етеді. Қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер ушықтырып тұр.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, елімізде әрбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады екен. Өйткені, психологтар қатысушылары көп болған жағдайда басталған буллингті тоқтату өте қиын екенін айтады. Ең өкініштісі, мұның арты кей жағдайда өліммен де аяқталуы мүмкін.

Мектептегі буллинг көбіне бастауыш және орта сыныптарда кездесетінін, жоғары сыныптарда, яғни, жасөспірімдер өзін-өзі реттей бастаған кезде бұл мәселелер бірте-бірте жойылатынын да көріп жүрміз. Алайда қауіптің бала өскенде сейілетінін күтіп отыра беруге де болмас. Көшедегі қауіптен қорқып, үш ай каникулда баланы үйден шығармай ұстау, далада ойнайтын уақытын шектеу де обал. Шілденің шіліңгір ыстығында бала түгілі ересектер де үйде отыра алмай, түс ауа аулаға шыққанды тәуір көреді емес пе?!

«Бөгде адаммен сөйлеспе, танымайтын адамнан кәмпит алма» секілді біраз ескертулерді күнде айтып отырғанмен, баланы күнұзақ қадағалап отыру мүмкін емес. Ал буллердің қысымын бір көрген бала үреймен өмір сүреді. Сонда баланы буллингтен қалай қорғаймыз?

Басқа жаңалықтар

Back to top button