Мәселе

Су тасқынына дайындық қалай?

Күн жылынғаннан бастап облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы жұмыстар қолға алынды. Облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кенжетай Мұқановтың айтуынша, су тасқынына қарсы  шараларды тиімді ұйымдастыру үшін аудан әкімдіктеріне арнайы тапсырма беріліпті.  Қазір барлық аудан осы бағыттағы шаруаларға айрықша назар аударуда. Сонымен….

Өзендер бақылауға алынды

Жыл сайын көктемгі су тасқынына қарсы шаралар уақытында қолға алынады. Биыл да облыстық штаб құрылып, су алып кету қаупі бар аймақтарға баса назар аударылып отыр. Оның ішінде Ырғыз, Әйтеке би аудандары сақтық шараларын күшейтіпті. Қала маңындағы Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары да құзырлы мекемелердің  бақылауында.

— Облыс аумағындағы ең қауіпті саналатын өзендерде 19 гидробекет орналасқан. Апта сайын Ақтөбе гидрометеорологиялық орталығының мамандарымен бірлесе отырып, өзендердің ахуалы тексеріліп тұрады. Бүгінгі күні аймақтағы барлық өзен-көлдердегі  мұздың қалыңдығы 26-85 сантиметрге дейін жетеді.

Күн жылынып, қар еріген уақыттан бастап елді мекендерге жақын орналасқан су шаруашылығы нысандары тексерілді. Әзірге тұрғындарға төніп тұрған ешқандай  қауіп жоқ. Жалпы, қазіргі таңда облыс аумағында 116 су шаруашылығы нысаны есепте тұр. Оның 4-еуі республикалық, 76-сы коммуналдық, ал  24-і жекенің иелігінде.  Ал қалған иесіз нысандарды коммуналдық меншікке беру үшін құжат әзірленіп жатыр.

Өткен жылы Шалқар көлінің су реттеуші шлюзіне облыстық бюджеттен 188 миллион, биыл Ырғыз ауданындағы Ақши суармалы көлтабан жүйесіне 45 миллион теңге бөлінді. Ойыл ауданындағы Қарасу елді мекенінен 300 метр қашықтықтағы Тамдыкөл су реттеуші шлюзіне де 147 миллион теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар 2009 жылы Ақтөбе су қоймасындағы су тасқыны кезінде су бұратын канал іші тазартылып, Сазды, Қарғалы  су қоймаларындағы гидротораптарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Соңғы үш жылда үйлерді су алып кететіндей төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Бұған алдымен осы бағыттағы шаруаларға бөлінген қаржының ұлғайып, жұмыстың жүйелі жүргендігі, екіншіден, ауа райы себеп болып отыр.  Дегенмен, жауапты мекемелер өздеріне тиесілі жұмысты тыңғылықты атқаруда.

Сондай-ақ облыс жұртшылығына су тасқыны кезіндегі сақтық шараларына қатысты буклеттер мен жадынамалар таратылды, — деді басқарма бастығы.

«Ақтөбеводохоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары Қарғалы, Жаман Қарғалы, Елек өзендерін ұдайы бақылауда ұстап отыр. Облыс аумағындағы автокөлік жолдары және теміржолдардағы су жіберетін имараттар мен шағын көпірлер тазартылыпты. Бұған қоса аудандарда 6 194,5 тонна инертті материалдар, оның ішінде 3 891 тонна құм, 1500 тонна ұсақ тас, 2 тонна цемент дайын тұр. Қажетті жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Сондай-ақ  Қарғалы, Ойыл аудандарының орталықтары мен Қандыағаш қаласындағы ашық арық жүйелері тазартылған.

Ырғыз ерте қамданды

Су алып кету қаупі басым өңірлердің қатарындағы Ырғыз ауданы аталған шаруаларға ерте қамданыпты. Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Жақып Байқадамның айтуынша, су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру үшін құрылған комиссия қазір қызу жұмыс жүргізуде.  Ырғыз селосына қарасты қауіпті жерлер мекеме мен кәсіпорындарға бөлініп берілген. Бұл жұмыстарға аудандық резервтік қордан  1 миллион 183 мың теңге жұмсалмақ.

— Аудан көлемінде суға кету қаупі бар тоғыз елді мекен ұзындығы жиырма төрт шақырым дамбымен қоршалған. Осы дамбылардың аласа жерлерін көтеріп, әлсіз жерлері қайта жөнделіп жатыр. Қар, жаңбыр суларын сорғызу үшін сегіз су соратын құрылғы бар. Бұған қоса 8 мың литр дизель отыны, 4 мың литр жанар-жағармай дайын. Қауырт кезде жұмылдырылатын К-700 тракторы, 2 экскаватор, 5 «Камаз», яғни барлығы 28 техника мен 9 қайық бар.  Су тасқыны кезінде уақытша оқшауланатын ауылдар қажетті азық-түлік, дәрі- дәрмек, жем-шөппен қамтамасыз етілді. Әрі мұндай ауылдардағы авариялық құтқару қызметкерлері де төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қол ұшын созуға әзір, — деді бас маман.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Боранбай Алпысбаев табиғи және техногендік төтенше оқиғалар кезінде тұрғындардың қалай әрекет етіп, қорғану керектігі жөнінде арнайы басқосулар ұйымдастырылғанын айтты. Оның ішінде білім ордаларында оқушыларға интерактивті тақта арқылы ашық сабақтар  өткізіліп, су тасқыны жөнінде бейне көріністер көрсетілген.

Қауіп жоқ, бірақ сақтық сақталады

Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы Шоқан Тілеумағанбетов су тасқыны жұмыстары үшін  3203,0 мың теңге қарастырылғанын айтып отыр. Күн жылынғаннан бастап тиісті орындар ауданның елді мекендеріндегі су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылымдарды тексеріп, айтарлықтай қауіп жоқ екеніне көз жеткізіпті. Дегенмен, ауылдық округ әкімдеріне  өңірдегі өзен көлшіктері мен бөгеттерге, дамбыларға мониторниг жасауды жүктепті. Аудандағы 19 дизельді электрстанциясы және  7 су сору помпалары мен қажетті техникалар  талапқа сай. Су тасқыны кезінде әкімшілік қызметкерлерімен бірге тәртіп сақшылары да кезекшілік кестесі бойынша жұмыс жүргізуге әзір.

Қазір аудан орталығы қардан тазартылып жатыр. Тұрғын үйлердің қауіпсіздігін сақтау үшін өткен жылы орталық көшелерге суағарлар салынған.

Ал Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Сәрсенғали Көпенов биыл шалқарлықтар алаңдайтын  қауіптің жоқтығын айтып отыр. Қар көп жаумағандықтан Шалқар көліне судың аз түсетін түрі бар. Қазір негізгі күш орталықтағы көшелерге жұмылдырылуда.

—  Тұрғын үйлерді су алып кетпеу үшін қыста қала сыртына бес мың текше метр қар шығарылды. Сондықтан қазір көшеде қар жоқтың қасы. Бұған қоса, көшелерге құбырлар қойылып, инертті материалдармен бес су соратын техника жұмысқа дайын тұр.  Толассыз жаңбыр жаумаса, орталықта аса күрделі шаруа жоқ. Дегенмен, сақтық керек. Сондықтан тиісті мекемелерге тапсырмалар беріліп, қандай жағдайға да дайын тұру керектігін  ескерттік, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Ал Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Шоқан Ермұханбетовтің айтуынша,  аудан Жем, Сағыз өзендерінің бойына орналасқанымен, су тасқыны кезінде елді мекендерге ешқандай қауіп төнбейді. Дегенмен, маңызы бар нысандар, оның ішінде автокөлік және  теміржол көпірлерінің су өткізгіш имараттары қар, мұздан тазартылуда.

— Алаңсыз отыруға болмайды. Сондықтан жыл сайын көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, аудандағы жергілікті маңызы бар ұзындығы 375,5 шақырым жолдың бойындағы бес көпірде жүз жиырма су өткізетін құбыр бар. Республикалық маңызы бар «Ақтөбе — Атырау» тас жолының бойында үш көпір мен 64  құбыр тағы бар. Осы құбырлардың барлығын су тасқынынан аман сақтау үшін жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, ауданда су алып кету қаупі бар аймақтар жоқ, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Ауылдық округтердің аумағында сексенінші жылдарды қолдан тұрғызылған алты бөгеттің де жай-күйі комиссияның тексерісінен өтіпті.  Оларды су тасқынынан сақтау үшін алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button