Жастар

Құмар ойынға тәуелділер көбейіп барады

Басқосу

«Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалы «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік, құмар ойындары және кибербуллинг мәселесі» тақырыбында басқосу өткізді.

Талқылау шарасына облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Нұржан Мукумов, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының психолог әдіскері, магистр Арайлым Тоқсанбаева, психолог Айбек Нәженов, психолог, отбасылық-жүйелік психотерапевт Гүлжан Рахимова, облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Исабек Дүйсенбаев қатысты.

Полиция майоры Нұржан Мукумовтың айтуынша, бүгінде облысымызда азаматтарды құмар ойынға баулитын 100-ге жуық лото-клуб, 30 интернет клуб жұмыс істейді.

— Бұл — соңғы бес айдың қорытындысы. Өйткені лото-клубтар ұзақ уақыт жұмыс істемейді. Олардың ашылуы да, жабылуы да тез. Ал оларға ғимараттарды жалға беретін тұлғаларды қадағалаушылар жоқ. Заң бойынша құзірет шектеулі. Соның салдарынан лото-клубтың иелері қалаған жерінен бөлімшелерін ашып жұмыс істеп келеді, — дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай лото-клубтарға барған кәмелет жасқа толмаған жастар тіркелмеген. Бірақ интернет клубтарында рұқсат етілмеген түнгі уақытта ата-анасыз жүрген жасөспірімдер анықталған. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жалпы ата-ананың қадағалауынсыз түнде көше кезген жасөспірімдерге қатысты 53 дерек тіркелген. Баласын бақылаусыз көшеге жіберген ата-аналар да, демалыс орталықтарына кіруіне рұқсат берген заңды тұлғалар да жауапқа тартылған.

Бала психологиясының бұзылуы үйде шектеусіз ұялы телефонға байланып отырғаннан басталады. Отбасылық психолог, терапевт Гүлжан Рахимова телефонда отырған бала ата-ананың бірнеше мәрте шақырған дауысын елемесе, демек баланың бойында ұялы телефонға, оның ішіндегі дүниелерге тәуелділік бар екендігін аңғартады. Ал мұндай жағдай болашақта баланың психологиясын бұзып, бірте-бірте құмар ойын ойнауға алып келеді. Психолог Айбек Наженов құмар ойынға салынған азаматтарды емдеу, ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді адамдарды емдеуден де қиын деп баға берді. Қазіргі таңда психологтың алдына үш азамат құмар ойынынан арылу үшін ем алуға келеді екен.

— Өкініштісі, өз бетімен келіп емделуге құлықтылар аз. Көбін жақындары жетектеп алып келеді. Сондықтан да емдеу процесінің нәжижесі ұзақ болады. Тіпті, емделмеуі де мүмкін, — дейді Гүлжан Рахимова.

Бұл аталған өзекті мәселе – қоғамның ортақ мәселесі. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін тәрбиені отбасынан бастау керек.

— Үйдегі баланың бойына жауапкершілік деген құндылықты сіңіріп, оны сезінуіне жағдай жасау қажет. Ол үшін ата-ана күнделікті балаға жоспар жасап, орындап отыруын қадағалауы керек, — дейді облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының психолог-әдіскері Арайлым Тоқсанбаева.

Басқосуда мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Шара соңында «Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин өзекті тақырыпты талқылауға келген түрлі сала мамандарына ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта жастарды осындай жаман әдеттерден сақтандыруда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button