Денсаулық

Трансплантация — адам өмірін ұзартады

Еліміздегі транс­плантологиялық қызмет әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Ақтөбеде 2014 жылы қараша айында ең алғашқы трансплантация жасалды.

Ақтөбе медициналық орталығының хирург-трансплантологы Жанәділ Әлмырзаұлының айтуынша, осы кезге дейін 69 рет транс­плантациялық ота жасалған. Оның ішінде 13-і — бауыр, 56-сы — бүйрек, 8-і — мәйіттік бүйрек және 1-еуі — мәйіттік бауыр транплантациясы.

Биыл Ақтөбеде 5 трансплантация отасы сәтті жасалды. Жақында тағы бір бүйрек ауыстыру отасын жасағалы отырмыз.  Ең алғаш 2014 жылы белгілі хирург Жақсылық Досқалиевтің және трансплантолог Ғани Құттымұратовтың қатысуымен трансплантация жасалды.

Трансплантология дегеніміз — хирургия мен терапия, молекулярлық биология, генетика, медициналық инженерия, иммунология, биологиялық этика, фармакология, медициналық биохимия және басқа да көптеген мамандықтардың өзара біріккен күрделі салаларының бірі.

Осыдан 40 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет Алматыда бүйрек трансплантациясы жасалды. Бірақ тек 2009 жылдан бастап трансплантология ісі мемлекеттің қолдауымен қарқынды дами бастады. Қысқа уақыт ішінде тірі донорлардан органдарды трансплантациялауда біздің  дәрігерлер өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді, — дейді Жанәділ Әлмырзаұлы.

Ол Ақтөбедегі ең алғашқы болып транс­плантология саласында кәсіби біліктілігін жетілдірген дәрігерлердің бірі. Еліміздің Нұр-Сұлтан қаласында, Белоруссияның Минск қаласында білікті дәрігерлерден, профессорлардан дәріс алған.

Оның айтуынша, жыл сайын ішкі органдарын ауыстыруды қажет ететін науқастар саны көбейіп барады. Ақтөбе медицина орталығына Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан да науқастар жиі келеді. Мұнда транс­плантология және нейрохирургия саласында жиі пайдаланылатын аппараттар жоғары сапалы шетелдік технологиялармен жабдықталған. Лапароскопиялық әдіс 3D форматында жүргізіледі.

— 2020 жылы шыққан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарына қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын беруге, яғни донорлыққа келісім беру немесе бермеуіне ерік берілген. Бұл мүмкіндікті әр ересек адам Egov порталы арқылы немесе жергілікті емхана арқылы өз еркімен жүзеге асыра алады.  

Қазіргі таңда елімізде 4 мыңға жуық адам донорлық органдардың кезегінде тұр. Ал жыл сайын бүйрек жетіспеушілігі анықталып, 100-ден астам науқас гемодиализ алушылар санатына қосылады, бауыр циррозымен немесе қант диабетімен ауыратын науқастар да жиі анықталады. Барлық науқастың 80 пайыздан астамы — еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Бір жылдың өзінде Ұлттық күту парағында тұрған 100-ге жуық науқас кезегі жетпей қайтыс болады, — дейді дәрігер.

Оның айтуынша, трансплантация жасау өте күрделі процесс. Бір ота жасау үшін 5-6 хирург, 2-3 анестезиолог, нефролог, патологоанатом, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, лаборанттар, қан орталығы қызметкерлері, медбикелер, кіші медициналық қызметкерлер қатысады. Ота бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Трансплантолог дәрігерлер тек төртінші және алтыншы кезеңдерге қатысады. Мұндай үлкен және күрделі процесс 12 сағаттан бастап бірнеше тәулікке дейін созылады.

Мәйітті трансплантациялау кезеңдерінің барлығын үкімет толық қаржыландырады. Мәйіттен донорлық ағзаларды алу операциялары денсаулық сақтау министрлігінен лицензия алған және жоғары технологиялық медициналық аппараттармен жабдықталған медициналық орталықтарда жасалады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button