Денсаулық

Ай сайын 700 нәресте өмірге келетін мекен

…Бұл жерде сәбидің өзіне тән тәтті иісі аңқып, іңгәлаған дауыстар жиі естіледі. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған адамдарды да осында жиі кезіктіресіз. Саналы жаратылыс, сүйкімді сәби дүние есігін ашатын перзентханада басқаша болуы мүмкін де емес.

Облыстық перинаталдық орталығы қызметкерлері үшін бұл — күнделікті көз үйренген көріністер.

Өткен жылдың соңында жаңа ғимаратқа көшіп, су жаңа техникалармен жабдықталған облыстық перинаталдық орталықта ай сайын орта есеппен 700 шақалақ өмірге келеді. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсететін бірегей көпфункционалды кешен бір ауысымда 120 адамға дейін қабылдай алады.

— Стационарымыз 200 адамға шақталған. Ал кеңес беру-диагностикалық орталықта бір тәулікте аяғы ауыр 120 әйелге дейін қарала алады.

Бізде барлығы 80 жоғары білікті дәрігер, 140 орта медицина қызметкері, 71 кіші медицина  қызметкері еңбек етеді. Мамандарымыз тұрақты түрде еліміздің басты қалаларында, алыс-жақын мемлекеттердің орталықтарында өз біліктілігін арттырады. Материалдық базамыз да ойдағыдай: 100 пайыз еуропалық сападағы заманауи медициналық жабдықтар тұр. Одан бөлек орталықтың шаруашылық бөлімдері, электр қосалқы станциясы, медициналық газ станциясы бар, — дейді облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары Андрей Гайдай.

Орталық ішінен былтыр «Жастар» денсаулық орталығы» және «Ұрықты антенаталды қорғау орталығы» ашылса, биыл мерзімінен бұрын өмірге келген балаларды динамикалық бақылауды қамтамасыз ететін «Катамнез орталығы» пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ екі апта бұрын осында 3 жасқа дейінгі кішкентайларға оңалту қызметтерін көрсететін «Ерте араласу орталығы» өз есігін айқара ашыпты. Жалпы, мұнда 8 босану орны, 3 операциялық бөлме және жансақтау бөлімшесі бар. Мекеме көшпелі медициналық көмек көрсететін кеңес беру көліктік тобымен де қамтылған, яғни жол үстінде толғақ қысқандарға қолұшын соза алады.

— Облыстық перинаталды орталық базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне қарасты №2 акушерия және гинекология, анестезиология және реанимация, неонатология кафедралары орналасқан.   Кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамы емдеу және әдістемелік жұмыстарға белсенді түрде араласады. Бұл — жас мамандарды осында жұмыс істей отырып тәрбиелейміз деген сөз. Жас кадрлар аз емес, соның арқасында медицина саласы қарқынды дамып келеді, — дейді Андрей Гайдай.

Орайы келгенде әңгімелесушімізден Балалар жылында атқарылуға тиіс жұмыстар туралы ой-пікірін білдік. Бұл туралы: «Атаулы жылда ең алдымен балалар арасындағы ауруларды емдеу мен оны алдын алуға барынша күш салуымыз керек. Ол үшін медициналық қызметтер кез келгенге қолжетімді болса дейсің… Сонымен қатар ұл-қыздарға қауіпсіз орта қалыптастыру жайын мықтап ескеруге тиіспіз. Қазіргідей алмағайып уақытта бұның маңызы зор. Яғни қай жағынан да бақылауды күшейту керектігін айтқым келеді. Бұл бір жылмен шектелмей, ылғи солай болуға тиіс. Өйткені бала — біздің болашағымыз. Ал келешегімізге атүсті қарауға болмайды», — деп сөзін аяқтады ақ халатты абзал жан.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button