Жаңалықтар

Аққайтымдағы аламан бәйге

Жаңақоныс ауылдық округінің орталығы Аққайтым ауылында  «Жаңақоныс» кеңшарының құрылғанына  58 жыл толуына орай ауыл азаматтары аламан бәйге ұйымдастырды. Одан басқа садақ ату, арқан тарту, қой көтеру, тағы басқы спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.

Ауылдастар бас қосқан мерейлі күнге халық көп жиналды. Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Манас Каюпов сөз сөйлеп, ауыл бойынша мал шаруашылығын дамыту барысында жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, осы саладағы ілгерілеген әрбір істе ауыл азаматтарының үлесі бар екенін ризашылықпен жеткізді. Округ әкімі атынан бірқатар еңбек ардагеріне Алғыс хат беріп, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған сый-сияпаттарды иелеріне табыстады.  Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде меймандарға ас беріліп, кең дастарқан басында Жаңақоныстың арғы-бергі тарихы сөз болып, жастарға үлгі боларлық мәнді әңгімелер айтылды.

Астан соң жиналған халықтың назары бәйге алаңына ауды.  Қашықтығы 24 шақырымдық аламан бәйгенің бірінші орнына тігілген мотоциклді Мөңке би ауылынан келген жүйріктің иесі Балабек Зарипов жеңіп алды. Екінші орын жүлдесіне тігілген 80 мың теңге қаржы Мырзағұл Шыманұлы ауылынан ат қосқан Нұрлан Сағынаевқа бұйырды. Ембі қаласынан келген ЖұмағазыТөретовтың аты үшінші келіп, жүлдеге тігілген тайды жетектеді.  Құнан, тай жарыстары да көпшіліктің делебесін қоздырды, жүлдеге тігілген сыйлықтары да қомақты болып, көптің көңілінен шықты.

Садақ ату сайысында аққайтымдық Мадияр Жексенбайдың көздеген оғы нысанаға дөп тиіп,сұрмерген атанды. Ал 2-орынды Шалқар қаласынан келген Аида Социал, 3-орынды Бекзат Елубай иеленді.

Қойды иыққа салып көтеруден Шалқар қаласының тұрғыны Серікқали Жаңабаев жоғары көрсеткішке жетті. Бұдан да өзге спорт түрлерінен сайысқан азаматтарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді.

Жалпы осы аталған спорттық сайыстардың барлық жеңімпаздарына грамоталар, сертификаттар мен арнайы медальдар табысталды.

Туған мекенге тағзым етіп, ұлттық спортты дамытуды мақсат еткен аққайтымдық азаматтардың бір күнге созылған игі шаралары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button