Жаңалықтар

Авиажөндеу зауыты жабылмау керек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 9 маусым күні шағын әуе кемелеріне күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын «Азаматтық авиацияның №406 авиажөндеу зауыты» акционерлік қоғамында болды.

Қазір кәсіпорын тапсырыс көлемінің азаюына байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отыр. Облыс әкімі өндірісті қарап шығып, зауыт басшылығы және ұжымымен жиын өткізді.

«Сіздің ұжымда туындаған мәселелер туралы білемін. Сондықтан мен уақыт тауып келіп тұрмын. Бұл — бірегей кәсіпорын. Қателеспесем, баламасы тек Алматыда ғана бар. Біздің өңір үшін зауыттың маңызы зор, оның алдағы тағдырына бейжай қарай алмаймын. Кәсіпорын толық қуатында болмаса да, өндірістің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратындай және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіндей жұмыс жасауы үшін алдағы уақытта не істеу керектігін талқылайтын боламыз», — деді облыс әкімі.

Ақтөбеде авиажөндеу зауыты 1939 жылы салынған. Қазіргі уақытта зауытта күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету, модификациялау мен жетілдіру, Ан-2 ұшақтарының, Ми-2 тікұшақтарының құрамдас бөліктерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Одақ ыдырағаннан кейін зауыттағы жұмыс көлемі он есеге қысқарды. Қазір жүктемеміз азайды – жылына онға жуық АН-2 ұшағын, 4-5 МИ-2 тікұшағын жөндеп шығарамыз. Қазақстандық тапсырыстар аз болғандықтан, биыл ресейлік авиацияның сертификатын алдық. Енді ресейлік авиакомпаниялардың да ұшақтарын жөндей аламыз.

Жұмыс көлемінің болмауына байланысты қызметкерлер саны 170-ке дейін қысқарды, бірақ жүктеме болса, бізге көбірек жұмысшы қажет болады», — дейді зауыт басшысы Қуандық Қадірбаев.

Кездесу барысында тараптар бірқатар өзекті мәселені талқылады, соның ішінде қызмет көлемін кеңейту және жабдықтардың жаңа түрлерін шығаруды игеру, жобалаушы, инженер-технолог мамандарының тапшылығы проблемасы мәселелері бар.

«Бүгін мен еңбек етуге, өндірісті сақтап қалуға, тіпті оны кейін келетін жас мамандарға беруге құлшынысы зор ұжымды көрдім. Қазіргі жағдай кәсіпорынды дамытуға тіпті жалақыны көтеруге де мүмкіндік бермейтіні анық. Ең алдымен зауытты қаржылық-экономикалық жағынан қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі авиажөндеу зауытының жүктемесін арттыру мәселесі орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтерілетініне уәде берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button