Жаңалықтар

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу

Жыл басынан бері облыста үш әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмды. Тағы екі әйел ауыр дене жарақатын алған.

Бейсенбі күні өткен облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Жиын облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Бұлбұл Елеусінованың басшылығымен өтті.

Алдымен күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ардана Саймағамбетов баяндама жасады.

Баяндамада келтірілген деректер бойынша, отбасындағы жанжалдар кезінде әйелдердің тек күйеуінен ғана емес, есейген балаларынан, қыз балалардың өгей әкесінен таяқ жеп, қорлық көру жағдайлары кездеседі. Тұрмыстық қылмыстарға көбіне ішімдік себеп болады.

— Биыл тіркелген қылмыстардың 80 пайызында жәбір көрсетушінің ішімдік ішіп, мас күйінде болғаны анықталды, — деді Ардана Саймағамбетов.

Жиында осы мәселе бойынша аудандардағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың басшылары, дағдарыс орталықтарының директорлары, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жыл басынан бері Ақтөбедегі дағдарыс орталықтарының көмегіне, жалпы алғанда,  94 баласы бар 42 әйел жүгінген. Отбасындағы келіспеушіліктер, жанжалдар кезінде зардап шеккен әйел көп жағдайда жәбірлеушіні заң бойынша жауапқа тартуға қарсы болады, яғни зәбір беруші жазасыз қалады. Бұл да — тұрмыстық қылмыстардың азаймай отырғанының бір себебі. Мысалы, Ақтөбеде жанжал кезінде жолдасы әдейі қайнаған су төгіп, екі аяғы күйіп қалған әйел «денсаулыққа қасақана зақым келтіру» бабы бойынша іс ашуға қарсы болған. Тіпті ол: «Суды өзім төгіп алдым», — деп, күйеуінің қылмысын жасырып қалуға тырысқан. Көп жағдайда әйелдер балаларды жетім қалдырмау үшін неше түрлі тұрмыстық мәселелер, жұмыссыздық салдарынан күнделікті қысымға шыдап жүре береді.

Жиында дағдарыс орталықтарын қаржыландыру мәселесі де көтерілді. Осы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырма берілді. Сондай-ақ кейбір аудандарда дағдарыс орталықтарын ашудың тиімді-тиімсіздігі де талқыланды. Пікір білдірушілердің бірі жұртшылық бірін-бірі жақсы танитын шағын қалаларда мұндай орталықтардың озбыр күйеу, берекесіз үйден қашқан әйелдерге пана бола қоюы неғайбіл екенін айтты.

Дағдарыс орталықтарында әйелдерге 8 бағытта көмек көрсетіледі. Соның бірі — мамандық алып, жұмысқа тұруына ықпал ету. Мысалы, былтыр — 12, биыл 10 әйелді тігінші, шаштараз, т.б. мамандықтар бойынша оқытып, жұмысқа орналастырудың сәті түсіпті.

Жиында сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі әйелдерді еңбекке орналастыру, нашақорлық пен маскүнемдікке қарсы күрес мәселелері де қаралды.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button