Жаңалықтар

Комиссия отырысына сенаторлар қатысты

Облыстық мәслихат депутаттары сенаторлармен бірге облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы барысында бірқатар мәселелерді талқылады.

Отырыс жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары Мұхтар Жұмағазиев, Бауыржан Қаниев қатысты.

— Мәслихат депутаттарына Қазақстанда қандай реформаларды жүргізу керектігін және Конституцияға ұсынылатын әрбір өзгерістің мәнін түсіндірудің қажеті жоқ. Бірақ қазақстандықтарды ерекше толғандыратын сұрақтар бар және оларға нақты әрі толық жауап беру қажет. Бұл облыстарда және елдің орталығында құрылған қоғамдық штаб мүшелерінің міндеті болып табылады, — деді Мұхтар Жұмағазиев.

Талқылауға ұсынылған өзгерістерді талдау барысында депутаттар қазақ тілінің мәртебесі сияқты маңызды мәселелерді қозғады, отырысқа қатысушылар жер мен жер қойнауына қатысты өзгерістер тармағын бірауыздан мақұлдады.

Мәслихаттар депутаттарының келісімімен жергілікті әкімдерді тағайындау туралы мәселе депутаттар арасында пікірталас тудырды. Отырыста көтерілген аралас сайлау жүйесін енгізу мәселесі де қызу талқылауға түсті.

Облыстық мәслихаттың «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар алдында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндады. Ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен халыққа берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекіту туралы мәселе жөнінде депутаттар алдында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев сөз сөйледі.

Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button