Пікір

Бүгінгі қадам болашақ үшін маңызды

Ануар Искарин,

«Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:

—Айбынды Ата заңымызға өзгерістер енгізілмек. Нақтырақ айтқанда, Конституциядағы 98 баптың 30-дан астамы өзгертіліп, 20-дан астам заң қабылдау күтілуде.

Бұл «Жаңа Қазақстан» құру идеясын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты қадамы болмақ. Яғни, Жолдауда жарияланған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет референдум 1995 жылы өтіпті. Араға 27 жыл салып қазақстандықтар тағы да тарихи таңдаудың қарсаңында тұр.

Мемлекеттік маңызы бар істі халықтық дауысқа салу мәселесі 5 маусымға белгіленіп отыр. Бүгінгі таңда, осы бағытта референдумды өткізудің маңыздылығын халық арасында түсіндіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Уақыттың талабына сәйкес, ел дамуы үшін жасалып отырған маңызды қадамда «AMANAT» партиясы да өз тарапынан үлес қосуға кірісті. Референдумды қолдау бойынша арнайы штаб құрып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформа сәтті өтсе, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Халық ел басқаруға қатысады. Өйткені, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл дегеніміз қарапайым халыққа сайлауға белгілі партияның атынан емес, халық атынан шығып мандат алуына берілетін мүмкіндік. Осы арқылы қоғам өкілдері маңызды шешімдерге араласады. Одан басқа, суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу, яғни, Парламент палаталарының рөлі күшейтіп, мәртебесін арттыру, Конститутциялық сот құру, елімізде өлім жазасы мүлдем жою, жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деп тану сияқты өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.

Жалпы елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Егер референдумда дауыс берушілер, яғни халық аталған өзгерістерді қолдаса, біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам.

Ендеше Қазақстанның азаматы ретінде, партия жанындағы облыстық штабтың мүшесі ретінде баршаңызды 5 маусымда дауыс беруге шақырамын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button