Мереке

Удмурт қызы Ульяна

Удмурт қызы Ульяна Муравьева қазақ мектебін бітірген. Ол өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған тіл байқауларына қатысып, марапаттарға да ие болып жүр.

Ульяна Хромтау ауданында туып-өскен. Ол удмурт жерінде ешқашан болмағанымен, туған халқының тарихы, салт-дәстүрлері туралы деректерге, оның тілін үйренуге қызығады.

— Удмурт халқы фин-угор халықтарының бір бұтағы болып есептеледі. Алайда қазақ пен удмурттың тілінде ұқсастық та бар, — деді ол. — Мысалы, нанды удмурттар «нянь» дейді, ал ананы «анай» дейді. Сондай-ақ «бабай» сөзі «ата» ретінде қолданылады. «Аяз Атаны» удмурттар «Тол Бабай» деп атайды.

Бір қызығы, Тол Бабайға қатысты удмурт ертегілерінен тағы бір таныс сөзді кезіктірдік. Бұл — айтылуы да, мағынасы да қазақша «алаңғасар мен» дөп келетін «алангасар» сөзі. «Ертеде Жер бетін алангасарлар мекен етіпті, — дейді. — Бұлар өздері дәу, күшті, бірақ ақымақтау жаратылыс екен. Жер бетіне адамдар келгенде, алангасарлар олардан қорқып, қашып, таулардың тесік-тесігіне тығылады. Бір алангасар туған жеріне соңғы рет көз салмақ болып, артына бұрыла бергенде таудың тесігі жабылып қалады. Содан соң ол бұрынғы мекенінде ешкімге көрінбей, жасырын күн кеше жүріп, табиғаттан даналықты, аң мен құстың тілін үйреніпті. Күндердің күнінде орман арасындағы бір ашық алаңқайда балалармен бетпе-бет кеп қалады. Балалар өзін көріп қаша жөнеле ме деп ойлайды. Бірақ балалар қашпайды. Содан бастап адамдардың ортасында қалыпты, оларға табиғатты қадірлеуді, онымен тіл табыса білуді үйретеді екен».

Фин-угор және түркі-моңғол тайпалары бір-бірімен араласып, көршілес өмір сүрген, сондықтан қазақ пен удмурттың тілінде бірдей сөздердің болуы заңды. Оның үстіне удмурттар Қазан хандығының құрамында болған. 1552 жылы Қазан хандығы құлағаннан кейін, Ресей құрамына өтті.

— Удмурттар бүгінгі күні христиан дінін ұстанады, соған сай православтық мерекелерді тойлайды, — дейді Ульяна.

Ал көне заманда удмурттардың өз наным-сенімі, соған байланысты мерекелері болған. Мерекелері көбіне егін науқандарымен байланысты атап өтіледі. Жазғы күн мен түннің теңелуін де атап өткен. Егін орылып, қамбаларды астыққа толтырып алғаннан кейін, көп болып бас қосып, мәре-сәре болып, мерекелейді. Орыстың жазушысы А.Герцен осы мерекеге байланысты удмурттардың жирен түсті жылқыны құрбандыққа шалатынын да жазған. Герценнің қалдырған дерегі бойынша, удмурттардың шыршалы орманның биіктеу жерлерінде «керемет» деп аталатын табыну орындары болған. Мұнысы қазақтардың ұғымындағы «әулие ағашқа» да келеді. Осындай табыну орындары удмурттарға көршілес жатқан басқа да фин-угор, түркі халықтарында кездеседі екен. Мысалы, бұл дәстүр чуваштарда да болған. Чуваш жазушысы әрі тарихшысы Мишши Юхма «керемет» дәстүрін ежелгі дінмен байланыстырып, мынадай аңыздың барын айтады: «Тәңір адамдарға бақыт таратсын деп, Жер бетіне Кереметті жібереді. Адамдар болса, оны ұстап алып, өртеп, күлін желге шашып жіберген екен. Кереметтің күлі түскен жерлердің бәрінде саялы ағаштар пайда болыпты. Ал адамдар өздеріне-өздері қастық жасағандарын түсініп, сол ағаштардың жанына жиылып, «күнәмізді кеше гөр» десіп, Тәңірге жалбарынып, жылай бастапты. Содан бері ол ағаштардың жанында құлшылық етулерін ұрпақтан-ұрпаққа үзбей келеді екен».

Кейін христиан миссионерлері «керемет» дәстүрін үзу үшін бұл атауға жағымсыз мағына беріп, түрлі қауесеттер таратқан. Сөйтіп, адамдарға бақыт тарату үшін келген Кереметті «зұлым күш иесіне» (мысалы, исламдағы шайтан секілді) айналдырып жіберген. Дегенмен бұл халықтың санасына біржола сіңіп-бекімеген. Христиандықты қабылдаған жұрттардың өзі кейінгі кеңестік дәуірде «керемет» аталған табыну орындарындағы ағаштарды отап, егін егуге қарсылық көрсетіп отырыпты…

Удмурттар бүгінде саны жағынан Ресейдегі фин-угор халықтары арасында екінші орын алады екен. Ал Қазақстанда удмурттар кеңес кезінен бері тұрып келеді. Ақтөбеде олардың саны өте аз, алайда Алматыда өз этномәдени орталықтары бар.

Сөзінен де, көне наным-сенімінен де қазаққа ұқсастық табылатын удмурт жұртының өкілі Ульяна қазір Хромтау ауданындағы «Дөң» тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасында техникалық бөлімнің қызметкері болып еңбек етеді. Ол еліміздегі бірлік пен тұрақтылыққа үлес қосу әр азаматтың парызы деп біледі.

— Әрдайым аспанымыз ашық, іргеміз берік болғай! — деп тілейді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button