Мереке

«Мемлекеттік тілге құрмет — әр азаматтың парызы»

2005 жылдың 1 мамырында Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Согдиана» этномәдени бірлестігі — өңірдегі өзбектердің басын біріктіретін бірден-бір ұйым. Бірлестік төрағасы Әлішер Исматуллаевтың айтуынша, бүгінде облыста өзбек ұлтының мыңнан аса өкілі тұрады. Олар әсіресе Қобда, Хромтау, Алға, Мәртөк аудандарында көп қоныстанған.

Қазір Достық үйіндегі 18 этномәдени бірлестіктің өкілдері өте жақсы қарым-қатынаста. Тіл үйренуге арналған үйірмелер, мектептер бар. Ұлттық орталықтардың дамуына, өз жұмыстарын жүйелі жүргізуіне бар жағдай жасалған.

2018-2019 жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның екі елдегі мәдени жылы аталып өтілді. Бұл іс-шара қос мемлекеттегі достық пен тату көршіліктің символы ретінде ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастықты  нығайтуға  және мәдени тұрғыда өзара тығыз байланыс орнатуа зор үлес қосты. Өзбекстан елінің Президенті Шавкат Мирзиеев қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбайұлының есімі мен шығармашылық мұрасын насихаттау туралы Қаулыға қол қойды. Құжатта Абай Құнанбайұлының есімі мен шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек ағайындардың рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны айтылған. Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Бұл — бауырлас халықтардың арасындағы татулық тінін одан әрі бекіте түсуге септігін тигізді, —  дейді Әлішер Исматуллаев.

Оның айтуынша, облыстағы өзбек ұлты өкілдерінің көпшілігі құрылыс, сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Сәуір айынан бастап көлік-логистика саласы қарқынды дамиды. Өзбекстан еліне барлық бағытта еркін қатынауға мүмкіндік бар.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс аумағында жолаушылар көлігінен өрт шығып, соның салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы мерт болды. Қайтыс болған адамдардың мәйітін еліне жеткізуде облыстық әкімдік, полиция департаменті, көші-қон қызметі басқармасы көмек көрсетті. Өзбекстан президенті өз ризашылығын білдірді.

Су тасқыны кезінде де екі ел бір-біріне қол ұшын соза білді. Былтыр пандемиядан кейін ең бірінші Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара ашылды. Бұл екі елдің арасындағы тығыз қарым-қатынасты көрсетеді, — дейді ол.

Әлішер Исматуллаев Ақтөбе қаласына 1990 жылы Ташкенттен қоныс аударған. Қазақстанға келген кез келген ұлт өкілі міндетті түрде мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп санайды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің қалай қарыштап дамып келе жатқанына куәмін. Қазақстанға алғаш келген күннен бастап мемлекеттік тілді үйренуге ден қойдым. Қазір кез келген ортада, жиындарда тек қазақша сөйлеймін. Себебі осы елдің жерін басып, нанын жеп отырған кез келген азамат тілін де құрметтеуі керек. Мемлекеттік тілге құрмет — әр азаматтың парызы.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін отбасыммен Ақтөбеге қоныс аудардық. Қазірде қазақпен тума-туыс, құда-жекжат болып кеттік.

Осы орайда ел тұрғындарын бірлік мерекесімен құттықтаймын. Әрдайым елімізде тыныштық пен татулық болсын, — дейді Әлішер Исматуллаев.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button