Әдебиет

Ақын қызды еске алды

Тірісінде атағы жер жарған ақынның өмірден өткен соң ізделмей қалатыны да болады. Керісінше, тірісінде жазған жырын ешкімге бұлдамай, тып-тыныш қана тірлік кешкен ақынды кейінгі ұрпақтың іздеп, төбесіне көтеретіні бар. Әр ақындық ғұмырдың жалғасы әрқилы…

Күні кеше ғана ортамызда жүрген ақын Жанар Нұрғалидың бүгінде өзі жоқ болғанымен, өлеңінің ғұмыры жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» қонақжайында өткен  еске алу кешінде осыған тағы бір көз жеткіздік.

Кеш жүргізушісі алдымен жиналғандарды ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен таныстырды. Оның өлеңдері әр жылдары «Толқынды толқын қуады», «Аңсау», «Гүл-ғұмыр» атты жыр-жинақтарына, «Жәдігер» деген атпен шыққан Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 47-томына енген. 2011 жылы «Аппақ әлем» атты кітабы шықты. Сондай-ақ бірқатар өлеңіне ән жазылып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде үлкен сахналарда орындалып жүр.

Бұдан кейін Жанар туралы естеліктерге кезек берілді. Жанардың «Алтын Орда», «Ақтөбе» газеттерінде бірге еңбек еткен әріптесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ертай Ашықбаев:

Ақын ретінде Жанар әркімге еліктеп, әр тақырыпқа, әр нәрсеге ұрынған жоқ. Тек өзінің сезімін, жүрекжарды сырларын ғана қағазға түсірді. Өмірде өзінің мінезі әрдайым бірқалыпты, жұмсақ, биязы еді, оның өлеңдері де сол тұп-тұнық, таза, биязы болмысының көшірмесі, — деді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов:

Жанар жазғандарын әр мінбеге ала жүгірмейтін, дабырлата бермейтін, өте қарапайым жан еді. Өзімен-өзі, томаға-тұйық жүретін ақынның жырларының қалың көпшілікке жетуіне бір септігі тиер деген оймен оның өлеңдерінің арасынан бес-алтауын алып, «осыған ән жазайық, ол әндерді жарыққа шығарайық», —  деп, өнерде өзім араласып жүрген достарыма ұсыныс айтқан едім. Бұл бастамам қолдау тапты, Жанардың өлеңдеріне жазылған әндер бүгінде концерттерде, мәдени-көпшілік шараларда, мерекелік жиындарда шырқалып жүр. Қазір сол әндерді естігенде, бір сәт Жанар досымды әлі де ортамызда жүргендей сезінемін, — деді.

Жиында ақынның туыстары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлімай Әбішқызы, бала күннен бірге өскен, Жанардың өзі өнерін ерекше мақтан тұтқан досы, актриса Айнагүл Өлмесековалар тебірене естелік айтты. Осы кешті ұйымдастыруға үлес қосқан ақынның жерлестері — Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейірхан Әттиев, сондай-ақ Әкімжан Бекжанұлы сөз сөйледі. Жерлестері өмірден ерте өткен ақынның есімі ұмытылмайтынын, оның шығармашылығын насихаттау үшін алда да осындай шаралардың үзбей ұйымдастырылатынын жеткізді.

Кеште ақынның жырлары оқылып, Нұржан Қаражанов, Шынтас пен Айнагүл Омаровтар, Алтынбек Қанатов сынды әншілердің орындауында оның өлеңдеріне жазылған «Сені іздеймін», «Астана мен Ақтөбе», «Қайда жүрсің?», т.б. әндер орындалды.

Шара соңында Ырғыз аудандық орталық кітапханасы ұйымдастырған «Жанар Нұрғали оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Айта кету керек, Марат Мырзалы басқаратын аудандық кітапхана ұжымы Жанар Нұрғали шығармашылығын насихаттауға көп көңіл бөліп келеді. Биыл ұйымдастырылған «Жанар Нұрғали оқулары» облыстық байқауында С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Нұршат Өмірзақова І орынға ие болды. Ал Ырғыз ауданы Тәуіп ауылдық кітапханасының кітапханашысы Элмира Көшекбай — ІІ орын, Мәртөк ауданынан қатысқан Айдана Нұрмұханова ІІІ орын алды. Жүлдегерлерге аудан әкімдігінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Осы шараға орай ақын шығармашылығына арналған «Әр өлеңі — бір әлем» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button