Әдебиет

Жырларымен жылу шашқан жүрекке

Әдеби кеш

Байғанин аудандық орталық кітапханасында Сәбит Баймолдиннің 80 жылдық мерейтойына орай «Жырларымен жылу шашқан жүрекке» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті.

Онлайн форматта өткен кешке ақынның ұрпақтары — Ләззат пен Лейла Баймолдиналар, «Егемен  Қазақстан» газетінде ақынмен бірге жұмыс істеген әріптесі, журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы, Ш. Есенов атындағы университеттің  «Қазақ филологиясы» кафедрасының аға оқытушысы Бақтыбай Жайлау, С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми  кітапханасы директорының орынбасары Талғат Тілеулесов және ақынның балалық шағының куәсі Қуанғали Мәшібаев, туған ауылындағы Қарабұлақ орта мектебі ұжымы, т.б. қатысты.

Кешті аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов ашты. Өзінің сөзінде ол ақын  мерейтойына орай жоспарланған шаралар туралы да айтты.

Кеште өмірден ертерек 58 жасында кеткен ақынның шығармашылығымен қатар, азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеттері туралы естеліктер де көп айтылды.

Кенжалы ауылының тұрғыны, ақынның замандасы Қуанғали Мәшібаев өз естелігінде:

— Біз бала болып ойнауды білмедік. Ол кездегі тұрмыс ауыр болса да, Сәбит сабаққа  алғыр, зерек болатын. Өзі жиі ауыратын, тіпті 10-сыныпта үйден оқыған кезі де болды. Сөйте тұра, білімге деген құштарлығымен, ізденімпаздығымен емтиханның бәрін жақсы  тапсыратын, оқуда ол қатарының алды болды. Оқуда да, шығармашылықта да үлкен  жетістіктерге жетті. Кейбіреулер Сәбитті қатал еді деп те жатады, шынында, ол өз  биігіне еңбекқорлықпен, табандылықпен жетіп, темірдей тәртіптің қадірін жақсы білген, соны алдымен өзінен талап ететін жан еді, — деді.

Ақынның қызы Алматыдағы А.Чехов атындағы қалалық кітапхананың директоры Лейла Баймолдина:

— Әкемнің өмірде, соның ішінде отбасында да берік қағидалар ұстанғанын өлеңдерінен де байқауға болады. Досы — кітап, сырласы — өлең, сүйгені — туған  жер, сенгені — өзінің  азаматтық ары болды. Мағынасыз ырду-дырдудан бойын аулақ ұстайтын, өзі дастарқанға ішімдік те қойғызбайтын талапшыл адам еді. Халқымызда үйдегі әр баланы ересектердің меншіктеп алатын әдеті барын білесіздер. Мен әкемнің қызы болдым. Сондықтан оны ерекше қатты жақсы көрдім. Әкем бізді адалдыққа, әділдікке, тәртіпке, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Сол тәрбиесінің жемісін өмір бойы көріп, сол үшін әке рухына әрдайым рахмет айтумен келемін, — деді.

Ақынның үлкен қызы, бүгінде Ақтөбе жұртына өз ісінің білгірі ретінде танылған дәрігер-физиотерапевт Ләззат Баймолдина да тербініспен естелік айтты. Өз сөзінде ол ақынның туған жеріне деген сүйіспеншілігі айрықша болғанын атап өтті:

— Әкемнің туған жерін ерекше сүйгені соншалық, ауыл жақтан өзінен жәрдем сұрай келген адам болса, соның әрқайсысына көмектесуді парызым деп білетін, — деді.

Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы университеттің аға оқытушысы Бақтыбай  Жайлау ақын мерейтойы аясында оның шығармаларының толықтай жинағын шығару, туған жеріндегі руханият ордасы — кітапханаға немесе мектептердің біріне ақынның  есімін беру секілді игі істер атқарылса деген тілегін жеткізді. Бұған орай Әсет Жеткізгенов аудандағы нысандардың біріне ақын есімін беру туралы ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссияға жолданғанын, сондықтан бұл мәселенің оң  шешімін табар күні алыс емес деп үміттенетінін айтты.

Ақынның туған жерінен байланысқа шыққан Қарабұлақ орта мектебінің директоры    Ахмет Келдібаев ауыл тұрғындарының атынан ақын жырға қосқан Қарабұлақты табиғи  демалыс орнына айналдыру жөнінде ұсыныс  жасады. «Бәкір ақынның Ақбұлағы сияқты, біздің Қарабұлаққа да лайықты көңіл бөлініп, абаттандырылса, бір жағы ақын  шығармашылығына деген мұндай құрмет жастардың тәрбиесіне игі әсерін тигізіп, ал екінші жағынан ауыл тұрғындарының бас қосар демалыс орнына айналар еді», — деді ол.

Кездесу кешінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Нұрәділ Алтынбайұлы сөз сөйлеп, журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы, еңбек ардагерлері Темір Төлеуов пен Нұрлан Өскінов мағыналы естеліктер айтты, ал аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Айнабек Жеткірбаев өзінің ақын рухына арнаған жырын оқып, кеш куәгерлерінің ризашылығына бөленді.

Назекен МӘТБАЕВА, 

аудандық орталық кітапхананың әдіскері.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button