Әдебиет

Кітап оқып жүрміз бе?

Қазір бір-бірімізден бұрынғыдай: «Қандай кітап оқып жүрсің?» — деп сұрамаймыз. Өйткені «Алдымен кітап оқисың ба деп неге сұрамайсың?» — деп қалса ше?.. Дамыған техниканың, ақпараттар тасқынының астында рухани құндылық тұншығып, ұмыт боп қалып барады.

Әлі есін білмейтін сәбиден еңкейген кәріге дейін ұялы телефонға үңілген заман. Ақиқаты бар, жалған, жалпақшешей уағызы бар сайттар сананы шырмап, уақытты ұрлап, жан-жағыңа қарап, сабырмен өмір сүруге мұрша беретін емес. Тіпті шаруаны да өз ақылымызбен ойланып шешпей, ғаламтордың ақылына жүгінетінімізді қайтерсіз. Ол қай елдің әдіс-айласы, қазақы қалыпқа лайық па, жоқ па — ол жағына бас ауыртпаймыз. Сананың улануы өз алдына, денсаулыққа, көз жанары мен жүйкеге тигізіп жатқан зиянын ойласақшы.

Иә, кітап оқу жайындағы әңгімеге оралайық.

Кім болса да, білім кітапта екенін әр адам түсінеді. Сонау ғасырда өмір сүрген бір ғұламадан білім артық па, байлық артық па деп сұрағанда: «Білім артық, себебі ол сені бағады, ал байлықты сен бағасың», «Білім — досыңды, ал байлық дұшпаныңды көбейтеді, білімді жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды», «Білім артық — оны ұрыдан қорғаудың керегі жоқ, ал байлығыңды ұрыдан күнде қорғауың керек», «Білім көп болса да, іріп-шірімейді, дүние-байлық бүлінеді. Білімді адам орнымен сөйлейді, байлығы мол адам оған мас болып, мақтанады, астамшылық көрсетеді, сонысымен жұртқа жеккөрінішті болады» — деп, сөзіне сандаған мысал келтіріп жауап берген екен.

Міне, сол білімнің көзі — кітапқа деген қызығушылық неге төмендеп бара жатыр? Бір жылдары кітапханаға барып, екі-үш кітап қолтықтап келе жататын жандарды кездестіретін едік. Қазір олар көрінбейді. Балалардың да көркем әдебиетке құмарлығы өте төмен. Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» — деген сөзі бар. Бала кітап оқысын десек, соған баулуды 4-6 жастан бастаған жөн екен. Кітап баланың ой-өрісін кеңейтеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады.

Қазіргі аға буын, яғни біздің бала кезімізде кітапқа деген қызығушылық жаппай әдетке айналған еді. Атақты Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» атты шығармасы, басқа да осы тектес қызықты кітаптарды таласа-тармаса оқитынбыз.

Бесінші класс оқып жүрген кезімде көрші Мұқан деген ақсақал Қоңырат жағындағы туыстарына барып, сол жақтан жасыл мұқабалы «Батырлар жыры» деген кітап алып келді. Ол жерде үйге келген қонақ үшін арнайы жыршы шақырылып, жыр айтқызатын бұрынғы дәстүр сақталған екен. Ақсақал осыған сүйсініп, жыр кітабын  «ауылға барғасын балаларға оқытып тыңдаймын» деп, қалап алған ғой…

Сабақтан келсем, үйдегілер: «Үлкен кісі шақырып жатыр» — деді. Барсам, ауылдың үш ақсақалы күншуақта әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Мұқан ақсақалдың қолында — қалың жасыл кітап.

— Балам, бері кел, — деді кітапты ұсынып. — «Қобыландыдан» баста.

Қасында отырған Мәлік пен Сынекеш ақсақалдар да бас шұлғып, қоштай кетті. Барымды салып оқып отырмын:

…Қобыланды батыр шүу деді,

Құбылып бурыл гуледі.

Көлденең жатқан көк тасты

Саз балшықтай иледі…

Тыңдаушыларым: «Па, шіркін, батырдың аты да өзіне сай ғой!» — десіп, бас шайқап қояды. Айшылық алыс жерге сәске түсте-ақ жеткенін жырлаған тұста Сынекеш ақсақал: «Қайран бұрынғының адамы! Бүгінгілер Тайбурыл түгіл, тайға да міне алмайды», — деп кеңкілдеді.

Сөйтіп, үлкендердің батасын алып, алғашқы күнді аяқтадым. Келесі күні тағы бір жырды бастап, дауыстап оқып бердім. Мен болмай қалсам, көрші аталар менен бір класс жоғары оқитын Қуанышбайды шақырып, соған оқытады. Көбіне «сөзің анықтау шығады» деп, мені іздеп отырады. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жырларындағы кейбір шумақтарды жаттап алдым.

Онымен қоса мектеп кітапханасынан да шықпайтынбыз. Сол кездегі кітаптың тапшылығынан ба, кітапханашы апай алған кітабыңды тапсырарда бетінің сызылып-бүлінбегенін тексерумен қатар, мазмұнын сұрап, оқыған-оқымағаныңды да қадағалайтын. Оны айта алмасаң, кітап бермей қоятын. Кітап таңдауыңа да мұқият қарайтын еді. «Тынық Дон», «Мың бір түн», «Бату» сияқты кітаптарды «саған оқуға ерте, жоғарғы кластарға барғасын оқисың» деп, бермей қоятыны да есімде. Бәріміз кітапханадан кітап алып оқимыз, сабақтан келе жатып, оқыған ертегілерімізді бір-бірімізге таласа баяндаймыз, сөйтіп, үйге қалай жеткенімізді де білмей қалушы едік.

Ал қазіргі балалар телефонға телміреді де отырады. Ғаламаттардағы пайдалысы қайсы, зияндысы қайсы екенін ажыратып болмайтын ақпараттар ағынының баласының ой-санасы, дүниетанымының қалыптасуына қалай әсер етіп жатқанымен көп адамның ісі де жоқ…

Біздің ауданның орталығында кітап дүкені жоқ екен. Кітапхананың оқырманы да аз. Есесіне, тойхана, азық-түлік дүкені, тағысын тағы кәсіпкерлік нысандар көп.  Турасын айтқанда, күндіз-түні мал табуды ғана ойлап, ал рухани азық алу мәселесіне еш қайырылмайтын болдық. Оның соңы адами құндылықтардың жұтауына әкеледі.

Кейбір адамдар ұялы телефонда, яғни ғаламторда да кітап бар, жастар соны оқиды деген пікірді алға тартады. Әрине, техниканың жетістігін пайдаланған дұрыс. Бірақ ұялы телефоннан кітап оқу немесе оны теледидардан, радиодан тыңдау дегенді өз басым қабылдай алмаймын. Кітапты қолыңа алып отырып, онымен «бетпе-бет» сырласудың жөні бөлек. Оның үстіне, ұялы телефон, т.б. қондырғыларға ұзақ қарап отыру көзге, жүйкеге зиян екенін дәрігерлер айтып та, жазып та жүр.

Өзім жақында Ақтөбенің Ырғыз ауданының аяулы перзенті Әлім Алмат туралы естелік кітапты оқып шықтым. 1917 жылы туып, 101 жасқа жетіп қайтыс болған екен. Бүкіл дерлік өмірі Түркияда өткен қарттың өмірбаянын тебіренбей оқу мүмкін емес. Соғыс кезінде Польша жерінде немістердің тұтқынына түскен скрипкашының өмірін, кітап болып шықпаса, қайдан білер едік? Өнерінің арқасында неміс лагерінің азабынан аман қалып, Германия, Австрия, Францияда білімін жетілдірген. Сөйтіп, ширек ғасыр Стамбул симфониялық оркестірінің скрипкашысы болған. Әлім Алмат сынды мықты адаммен таныстырған бұл кітаптан шексіз әсер алдым. «Жақсы кітап — жан азығы» екеніне тағы бір көз жеткіздім.

Бізге ата-бабадан қалған басты рухани байлық — оның ауыз әдебиеті. Оған қоса, қазақтың ақын-жазушылары ХХ ғасырдың басынан бергі бір ғасыр уақыттың ішінде әдебиетіміздің жауһарына айналған қаншама құнды дүниелер жазды? Осы қазынаны текке қалдырмай, жетімсіретпей, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында пайдаға асыра білуіміз керек. Қазіргі жаһандану тұсында ұлттың рухани иммунитеті осы қазына арқылы, кітап арқылы қалыптасады. Ал сіз қалай ойлайсыз?.. Кітап оқып жүрміз бе?..

 Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

ҚР құрметті журналисі,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button