Әдебиет

Әдеби сыр-сұхбат

«Ой маржаны — кітап» медиа жобасы мен «Қазақстанның оқырман ұрпағы» акциясының аясында Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің әншісі, «Назқоңыр» домбыра ансамблінің жетекшісі Арайлым Қуанышбайқызымен әдеби онлайн-сұхбат өтті.

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы 2021 жылдың наурыз айынан бастап, «Bookdating» айдарымен кітапсүйер оқырмандардың кездесулерін тұрақты ұйымдастырып келеді. «Bookdating» сүйікті кітабыңмен бөлісу, пікір алмасу дегенді білдіреді.

«Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деп, жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, кітаптан алған әсерлеріңді, оған қатысты ой-пікіріңді көпшілікпен бөлісіп отыру да рухани қажеттілік. «Bookdating» айдарының мақсаты — осыған жол ашу. Карантин талабына сай, бұрын сұхбаттар, негізінен, әлеуметтік парақшаларда тікелей эфирде, сондай-ақ «Aqto’be» телеарнасымен бірлесіп ұйымдастырылып келсе, енді форматы өзгертілді.

Арайлым Қуанышбайқызы — жұртқа өнерімен танылған жас әнші. Сонымен бірге ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алып жүр. Болашақ мамандығы — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Арайлым болашақ педагог ретінде өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында оқытудың жаңа технологияларын тәжірибеге енгізгісі келетінін айтты. Шәкірттерінің зейінін ашу, кітапқа қызықтыру үшін заманауи әдістерді пайдалануға, әрдайым ізденуге дайын екенін жеткізді. Өзі, негізінен, ұлттық құндылықтар, тәрбие тақырыбындағы туындыларды, мысалы, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарын, Бексұлтан Нұржекеевтің шығармаларын, т.б. оқығанды жақсы көреді.

Сұхбат арасында Арайлым оқырмандарға «Қазақтай ел қайда?», «Қазақ жігіті», «Әке-ана», «Ауыл жатыр той жасап», «Жақсы адамдарым» сынды әсем әндерді тарту етті. Сонымен қатар Арайлым Қуанышбайқызының өнерге баулып жүрген шәкірті Ақмади Аягөз «Сыпыра жыраудың термесін» орындады.

             Ақмарал МҰҚАШЕВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button