Спорт

Алғашқы жеңіс

«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:1

2-турдың ойындары 10-11 наурыз күндері өтті.

Небір атақты ойыншылары бар «Астананың» жоғары топқа биыл ғана қосылған «Ақсудан» жеңілгені турдың ең басты сенсациясы болды. Оны былай қойғанда, ҚФФ Тәртіптік бақылау комитеті өткен 1-турда қазақстандық футболшы болып есептелмейтін жетінші легионерді алаңға шығарғаны үшін «Астанаға» техникалық жеңіліс жазды (0:3).

Қазақстан жастар құрамасының 20 жастағы шабуылшысының «Ордабасы» қақпасына соққан голы «Таразды» алғашқы жеңісіне жеткізді.

Сырт алаңда ойнаған «Шахтер» «Қызылжардан» басым түсті, алаң иелері осымен екі ойында да ұтылды.

«Қайрат» жоғары топқа биыл қосылған «Мақтааралды» пенальти арқылы әупірімдеп әрең жеңді.

«Каспий» өз алаңында чемпион «Тобылмен» тең ойнады, есеп ашылған жоқ.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Ақжайық» (Орал) пен «Тұран» (Түркістан) командаларының кездесуі кейінге қалдырылды.

Екі турда 13 кездесу өткізіліп, 13 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында 1 голдан соғылған екен.

*   *   *

Күн ызғарлы болған соң да кездесудің бастапқы кезеңі аса қызғылықты бола қоймады. Расында да әрі салқын, әрі желді күні жасыл алаңға қолғаппен, спорттық бас киіммен шығу, қалай дегенде де, әлдебір ыңғайсыздық тудыратыны белгілі ғой. Дегенмен бұл ауа райына да дене үйрене бастаған соң футболшылар допты бақылауға алуға тырысты. Бірақ бұл ретте де екі команда да бір-бірін ерекше тактикамен аса абыржыта алған жоқ-ты. Сөйткен аз шабуылдардың бірінде, 20-минутта біздің айып алаңымызға ентелей жеткен атыраулық жартылай қорғаушы Андрия Филипович дәл қақпа алдында сол қанаттан Петр Гжельчак тастаған допқа аяғын тоса қойды да, біздің Стас Покатиловты қапы қалдырды — 0:1.

Әрине, қатты шамданған жерлестеріміз енді алаң кімдікі екенін танытуға белсене кірісті. Бірнеше рет «Атырау» қақпасына бірлесе шүйілген сәттер болды. Бірақ нысананы дәл көздеудің реті келмей қойды. Үзіліске де футболшылар осылай тарқасуға жақындаған. Осы шақта, 45+2 минутта «Ақтөбенің» жартылай қорғаушысы Уго Видемонт стадионды дүр сілкіндірді. Ол айып алаңы сыртынан, қақпаға қарама-қарсы жерден белгіленген айып добын қаз-қатар тізіле қалған қарсылас футболшылардың үстінен асыра, соншама шеберлікпен шиыра тепті де, сол жақ «тоғыздықты» бүлк еткізді, қақпашы дұрыс қарманып та үлгермеді — 1:1.

Екінші таймда ақтөбеліктер жеңістен басқаны ойлаған да жоқ. Әсіресе осы таймның екінші бөлігінде атыраулықтарға жерлестеріміз тіпті де дамыл бермеді. Соның нәтижесінде қонақтар жиі абдырай бастады. Тіпті олардың қақпасына төреші пенальти да белгілеген болатын, бірақ VAR бұл үкімді жоққа шығарды. Сөйтсе де жерлестеріміз негізгі мақсатқа жетіп тынды. 83-минутта Арман Кеңесов пен Темірлан Ерланов арқылы аяғының астына дәл келе қалған допты айып алаңына ентелей енген Артурас Жулпа еш ысырап етпеді, еш бөгелместен тура қақпаға қарата тепті де, Арам Айрапетянның саусағының ұшы ғана тиген доп жібек торды желп еткізді — 2:1.

Рас, төреші қосқан соңғы алты минутта қонақтар жанталаса қимылдады, бірақ есепті теңестіруге жерлестеріміз мүмкіндік бермеді.

Үнемі қызу қолдап отыратын адал жанкүйерлерінің алдында «Ақтөбе» осылайша биылғы алғашқы жеңісіне жетті.

Айтпақшы, бұл ойын чемпионат басталғалы ең көп (3) гол соғылған кездесу ретінде тіркелді.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:1

Гол авторлары: Андрия Филипович, 20-минут (0:1), Уго Видемонт, 45+2 (1:1), Артурас Жулпа, 83-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Ескендір Қыбырай, 45+4 минут, Йоахим Адукор, 65-минут («Ақтөбе») — Матеус Бисси, 9-минут, Николай Тарасов, 45+4 минут, Петр Гжельчак, 60-минут («Атырау»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Арман Кеңесов, Темірлан Ерланов, Юрий Логвиненко, капитан (Йоахим Адукор, 38-минут), Артурас Жулпа, Ескендір Қыбырай (Әділхан Таңжарықов, 90+4 минут), Рамазан Оразов, (Әлібек Қасым, 90+4 минут), Никита Маляров, Уго Видемонт, Рожерио Шина (Руслан Камболов, 90-минут), Жерар Гоу (Виталий Балашов, 46-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович, Евгений Ситдиков (қақпашылар), Дмитрий Шомко, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан.

Бас бапкер Владимир Муханов.

11 наурыз 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, №8 жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің стадионы. 2000 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол.

Жерлестеріміз 2 кездесу өткізіп, 1 рет жеңді, 1 рет ұтылды.  Ұпай саны — 3. Доп айырмашылығы — 2:3.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қызылжар» (Петропавл) — «Шахтер» (Қарағанды) — 0:1

Гол авторы: Абылайхан Назымханов, 81-минут (0:1)

«Мақтаарал» (Түркістан облысы) — «Қайрат» (Алматы) — 0:1

Гол авторы: Хосе Канте, 26-минут, пенальти (0:1).

78-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Себаихи Биллал («Мақтаарал») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақсу» (Павлодар облысы) — «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 1:0

Гол авторы: Мирас Тұрлыбек, 81-минут (1:0)

«Тараз» (Тараз) — «Ордабасы» (Шымкент) — 1:0

Гол авторы: Абылайхан Жұмабек, 20-минут (1:0)

«Каспий» (Ақтау) — «Тобыл» (Қостанай) — 0:0

*   *   *

Екі турдан соң 1-орынға алты ұпаймен «Қайрат» шықты.

Төрт ұпайдан жинаған бес команда 2-6 орындарды бөлісіп тұр: «Ақсу», «Каспий», «Тараз», «Тобыл», «Шахтер».

7-орындағы «Ақтөбенің» үш ұпайы бар.

8-11 орындарға бір ұпайы бар командалар орналасты: «Тұран», «Атырау», «Мақтарал», «Ордабасы».

12-14 орындардағы «Ақжайық», «Қызылжар», «Астана» командаларында еш ұпай жоқ.

«Тұран», «Ақжайық» командалары тек бір кездесуден ғана өткізгенін еске саламыз.

*   *   *

3-тур ойындары:

16 наурыз, сәрсенбі

«Шахтер» — «Ақсу»

17 наурыз, бейсенбі

«Атырау» — «Мақтаарал»

«АСТАНА» — «АҚТӨБЕ»

«Ордабасы» — «Ақжайық»

«Тұран» — «Каспий»

«Қайрат» — «Тараз»

«Тобыл» — «Қызылжар»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button