Дарындылар іріктеледі
Балалар жылы
«Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған үздік білім шаңырақтарында — республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқиды. Бұл білім сайысы 5-6-сыныптарда оқитын ауыл балалары арасында ұйымдастырылады. Солардың арасынан неғұрлым қабілетті мың бала іріктеліп алынады. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Шараға облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова мен «Ақтөбе-Дарын»өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Нұрбол Бекбағанбетов қатысты.
Олимпиадаға қатысуға өтініштерді тіркеу 20 наурызда аяқталады.
Жарыстың мақсаты — ауыл мектептеріндегі оқушыларының қабілеттерін дамыту, оларға қолдау көрсету.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Соған байланысты іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Сол жоспар аясында жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірі — «Мың бала» олимпиадасы.
Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатыса алады.Тіркелу 1000bala.elbasyacademy.kz. сайтында тіркеледі, — деді Гүлжан Құлыбекова.
«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 4-8 сәуірде өтеді. Тестілеу онлайн форматта ұйымдастырылады. Ел бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді.
Екінші кезең 27-29 сәуірде өңірлік тестілеу орталықтарында офлайн форматта ұйымдастырылады.
— Білім бәйгесінің қорытындысында мың дарынды оқушы анықталып, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ олимпиаданың 5 мың финалисі «Елбасы Академиясының» Вirge oqý онлайн-мектебінде тегін білім алады, — деді Гүлжан Құлыбекова.
Аталған шара биыл үшінші рет өткізілмек. Былтыр біздің өңірден олимпиаданың бірінші кезеңіне 5051 бала қатысып, оның 167-сі екінші кезеңге жолдама алған болатын. Ел көлемінде өткізілген іріктеуде 4 бала үздік атанып, қазір олар дарынды балаларға арналған білім шаңырақтарында оқып жатыр.
— «Білімді ұлт» ұлттық жобасының міндеттерінің бірі — қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Мың бала олимпиадасы — осымәселені шешугебағытталған жобалардың бірі, — деді Гүлжан Құлыбекова.
Айта кету керек, олимпиаданы «Елбасы Академиясы» КҚ Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп өткізеді.
Барлық сұрақтар бойынша 8 800 080 48 48 call-орталығына хабарласуыңызға болады. Қоңырау шалу тегін.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.