Спорт

Тартысты турнир

Өткен аптада аудан орталығында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына, Қазақстан Республикасының рәміздерінің​ 30 жылдығына және Қазақстандағы төтенше жағдайлар кезінде қаза болған өрт сөндірушілерді еске алуға арналған шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.​

Шараны ашқан аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолына тоқталып, осындай шараларды алдағы уақытта аудан көлемінде көбірек ұйымдастыру керектігін атап өтті.

Ырғыз аудандық футбол федерациясының, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және №12 өрт сөндіру бөлімінің демеушілігімен ұйымдастырылған футбол турниріне​ барлығы​ 18 команда қатысты.​ Олардың қатарында Қарақұдық, Қарасай, Құмтоғай, Тәуіп, Жаныс би және Құтикөл ауылдарының жастары бар.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Ырғыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Спорт» командасы жеңіп алса, ІІ орынды кәсіпкерлерден құралған «Атамекен» командасы, ІІІ орынды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының «Қасқоршы» командасы иеленді.​

Турнир соңында жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Д.АЙДАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button