Спорт

Алғашқы кездесулер

Премьер-Лига

5-6 наурыз күндері биылғы чемпионаттың алғашқы кездесулері өтті.

Ерекше көзге түскен ерекшелік сол — командалар беташар ойындарда аса сақтық танытты.

Үш кездесуде есеп ашылмады. Екі кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Бір ойында ғана екі команда да гол соқты (1:1). Орта есеппен алғанда әр ойында 0,86 гол соғылды, яғни ортақ көрсеткіш 1 голға да жетпеді.

Стадиондарға барлығы 19 300 жанкүйер келген болса, оның 9 200-і «Қайрат» пен «Ақтөбенің» кездесуіне жиналды.

*   *   *

Алғашқы турды «Ақтөбе» Алматыда өткізді.

Обалына не керек, бірінші таймда жерлестеріміз белсенді болды. Бірінші минуттан бастап-ақ ойын тізгінін қолда ұстады. Өз алаңында жүрген «Қайраттың» футболшыларын кәдімгідей-ақ тықсырды. Әттең, қақпаны тікелей нысанаға алу мәселесіне келгенде жерлестеріміз қарсыластарына сан соқтырып кетерліктей тапқырлық көрсете алмады. Рас, алаң иелері де біздің қақпамыздан саңылау таба алмады.

Екінші таймды да ақтөбеліктер шабуылдармен бастады-ақ. Тіпті есеп ашып та кете жаздады. Виталий Балашов оң жақ қапталдан тамаша пас беріп еді, әттең, Темірлан Ерланов қақырата тепкен доп қайраттықтар қақпасының сол жақ діңгегіне тиіп, кері серпілді.

Жағдайдың нашарлап бара жатқанын ұққан «Қайраттың» бас бапкері Құрбан Бердиев 61-минутта ойыншыларын алмастырып, алаңға шабуылшылар Хосе Канте мен Вячеслав Швыревті шығарды да, алаң иелері тың тынысқа ие болды, шабуылды үдетіп жіберді. Осындай қарбалас сәттердің бірінде біздің қорғаушымыз қайраттық Жоао Паулоны шалып құлатуға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. 69-минутта 11 метрлік нүктеге келген Хосе Канте қателескен жоқ — 1:0.

Осы арада айта кеткен мақұл, ақтөбелік бапкер Владимир Муханов, кейін білгеніміздей, ойын алдындағы протоколдық тізімде салдыр-салақтық кесірінен қате кетуіне байланысты футболшыларды дер кезінде өзі ойлаған тың ойыншылармен алмастыра алмады. Бұл, әрине, алаңдағы ахуалға кері әсер етті де, Хосе Канте біздің қақпамызға 83-минутта екінші голды енгізіп жіберді — 2:0.

Осылайша Алматыда қай кездегідей де жерлес жанкүйерлеріміздің мықты қолдауын сезінгенімен де, «Ақтөбе» чемпионаттың жаңа маусымын жеңіліспен бастады.

*   *   *

«Қайрат» — «Ақтөбе» — 2:0.

Голдардың авторы: Хосе Канте, 67-минут, пенальти (1:0), Хосе Канте, 83-минут (2:0).

Ескерту қағазын алғандар: Яцек Гуральский, 36-минут; Хосе Канте, 83-минут («Қайрат») — Рамазан Оразов, 7-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (Арман Кеңесов, 73-минут), Темірлан Ерланов, Юрий Логвиненко (капитан), Артурас Жулпа, Владимир Гинайтис (Ескендір Қыбырай, 84-минут), Рамазан Оразов (Руслан Камболов 78-минут), Никита Маляров, Уго Видемон, Рожерио Шина, Виталий Балашов.

Запаста болғандар: Саша Стаменкович, Евгений Ситдиков (қақпашылар), Әлішер Әжімов, Әлібек Қасым, Рустам Темірхан, Йоахим Адукор, Жерар Гоу.

Бас бапкерВладимир Муханов.

6 наурыз 2022 жыл. Алматы, Орталық стадион. 9 200 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы» (Шымкент) — «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 1:1

Гол авторлары: Биллал Себаихи, 18-минут (1:0); Серж Ньюадзи, 38-минут (1:1).

«Астана» (Нұр-Сұлтан) — «Шахтер» (Қарағанды) — 0:0

90+5 минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Абдель Ламанжаға («Шахтер») қызыл қағаз көрсетіліп, футболшы жасыл алаңнан қуылды.

«Атырау» (Атырау) — «Ақсу» (Павлодар облысы) — 0:0

«Каспий» (Ақтау) — «Қызылжар» (Петропавл) — 1:0

Гол авторы: Аслан Әділ, 66-минут (1:0).

«Тұран» (Түркістан) — «Тараз» (Тараз) — 0:0

85-минутта ойын ережесін өрескел бұзған Сұлтан Әбілғазы («Тұран») жасыл алаңнан қуылды.

«Тобыл» (Қостанай) — «Ақжайық» (Орал) — 1:0

Гол авторы: Игорь Сергеев, 79-минут (1:0)

*   *   *

Алғашқы үштікке 3 ұпайдан жинаған үш команда шықты:

«Қайрат», «Каспий», «Тобыл».

1 ұпайдан жинаған сегіз команда 4-11 орындарға орналасты:

«Мақтаарал», «Ордабасы», «Ақсу», «Тұран», «Астана», «Атырау», «Тараз», «Шахтер».

12-14 орындарға еш ұпайы жоқ үш команда жайғасты:

«Ақжайық», «Қызылжар», «Ақтөбе».

*   *   *

2-тур ойындары:

10 наурыз,  бейсенбі

«Тараз» — «Ордабасы»

«Ақсу» — «Астана»

«Қызылжар» — «Шахтер»

11 наурыз, жұма

«Ақжайық» — «Тұран»

«Каспий» — «Тобыл»

«АҚТӨБЕ» — «АТЫРАУ»

«Мақтаарал» — «Қайрат»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button