Спорт

Қар үстіндегі футболдан жарыс өтті

Ақтөбеде 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында қар үстіндегі футболдан қала әкімінің жүлдесіне арналған ХХХІХ халықаралық турнир өтті.

Жарыстың басты мақсаты  — футболды, жалпы салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ балалар арасындағы достықты нығайту.

Ақтөбе қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара төрт күнге созылды. Спорт жарысына 16 командадан тұратын 200-ден астам спортшы қатысты. Ақтөбеден бөлек, Тараз, Екібастұз, Қостанай қалаларынан келген командалар да бар.

Шараның жабылу рәсіміне Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.

Турнирдің қорытындысы бойынша футболдан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің «Барыс» командасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды «Ақтөбе» командасы еншілесе, ІІІ орынға «Тараз» командасы қол жеткізді.

Аталған спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дархан Тәжіғұлов жыл сайын футбол сүйер жастардың артып келе жатқанын айтады.

— Дәстүрлі жарыс жылда мектеп оқушыларының қысқы демалысында өтетін еді. Биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілді.

Бүгінде біздің мектепте футбол секциясына 800-ден астам бала қатысады. Былтыр спортшыларымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Облыс әкімдігі және облыстық спорт басқармасы тарапынан «Үздік облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» номинациясы бойынша марапатталдық.

Осындай турнирлер арқылы жастар өздерін шыңдай түседі, — дейді ол.

Турнир жүлдегерлеріне қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан кубоктар, медальдар мен дипломдар берілді. Сондай-ақ «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік жартылай қорғаушы» және «Үздік сұрмерген» аталымдары бойынша дипломдар, естелік сыйлықтар табысталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button