Спорт

Турнир Дәулет Хайроллаға арналды

Ақтөбе қаласында киокушинкай-кан каратэден Азия чемпионаты Дәулет Хайролланы еске алуға арналған балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық турнир өтті. Ақтөбе облыстық  денешынықтыру және спорт басқармасы мен киокушинкай-кан каратэ Республикалық Ұлттық федерациясының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған спорттық шара Жекпе-жек сарайында болды.

Турнирге еліміздің 7 облысынан 250 спортшы қатысты.Олар жас шамасына қарай 20-80 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. «KIKO» ережесі бойынша өткізілген жарыста 150 жеңімпаз жүлдеге ие болды.

Турнирге демеушілік жасаған Дәулеттің ата-анасы мен бауырлары жеңімпаздарға бірнеше номинация бойыншаI, II, III орындар мен жалпыкомандалық орынға ақшалай сыйлық тікті.

«Дәулет» номинациясы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан келген спортшы Рахат Жанғабылов турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Бас жүлде — ағылшын жүйрігі.

Дәулет Хайролла киокушинкай-кан каратэден спорт шеберлігіне үміткер еді. Ақтөбе құрамасының капитаны болды. Спортпен шұғылданған 8 жыл ішінде Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының жеңіпазы, Азия кубогының иегері атанды. Кәмелет жасқа толысымен-ақ қоңыр белбеу иегері атанып, шәкірт тәрбиелеп, артынан ерген іні-бауырларына жол көрсетіп үлгерді. ҚР Кубогында облыстың намысын қорғап жүрген талантты спортшы өткен жылы кісі қолынан қаза тапқан болатын. Араға 1 ай салып, Ақтөбедегі өзі жаттыққан «Жауынгер» спорт клубына Дәулеттің есімі берілді. Бұл каратэ федерациясының облыстық филиалы мен тәрбиеленушілердің ата-аналарының ұсынысы болатын.

Аз ғана ғұмыр кешкен Дәулеттің арманы көп болатын. Әлемді бағындыру жолында тер төгіп, көп еңбектенді. Жан-жағындағы балаларды спортқа тартып, түзу жолмен жүруге шақыратын. Кәмелет жасқа толып, жеке куәлік алған күннен бастап жаттығу залын жалға алды. Шәкірт тәрбиелеп, әр балаға бар ынтасымен үйрететін. Нағыз қылшылдап тұрған шағында үзіліп кетті. Енді оның ісін шәкірттері жалғастырады деп сенемін,— дейді Дәулеттің әкесі Төлеубай Жақанов.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button