Жаңалықтар

«Омикрон» жылдам тарап, жеңілірек өтеді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 285 жағдай анықталған. Оның 3-еуі — жасөспірімдер, 33-і — 14 жасқа дейінгі балалар, қалғаны — ересектер. Қазір облыстағы инфекциялық ауруханаларда 128 адам ем алып жатыр.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, соңғы аптада ауру көрсеткіші күрт өскен. Індет жұқтырғандардың көпшілігі — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Сондай-ақ Алға, Темір, Хромтау аудандарында да жиі тіркеліп отыр.
— Инфекцияға шалдыққан адаммен қарым-қатынаста болған 543 адам оқшауланды. 40-49 жас аралығындағы тұрғындар арасында ауру дерегі жиі тіркелді. Жыл басынан бері 22, соңғы тәулікте 1 адамның пневмониямен ауырғаны белгілі болды. Қазіргі таңда үй карантиніне 2575 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Мұхтар Сербаев.
Қазір Ақтөбе қаласындағы инфекциялық ауруханаларда — 119, облыс аудандарында 9 адам ем алуда. Жансақтау бөлімшесінде 7 науқас бар. 2 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. КВИ диагнозы бойынша 133 бала және 106 жүкті әйел медициналық бақылауға алынды. Осы жылы 2 адам қауіпті індеттен қайтыс болды.
— Біздің өңірімізде әзірге «омикрон» штамы тіркелген жоқ. Бұл басқа штамдарға қарағанда өте тез таралады және жеңіл өтеді. Қауіптің алдын алу үшін тұрғындарды көпшілік жерлерге бармауға, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып жүруге шақырамыз.
Қазір облыс орталығында коронавирус инфекциясын тестілейтін 12 зертхана жұмыс істеп тұр. Бұл зертханаларда тәулігіне 7900-ге дейін тест жүргізуге болады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Оның айтуынша, өткен жылдың ақпан айынан бастап облысқа 1 миллионнан астам бастап вакцина жеткізілген. Қазіргі таңда бірінші компонентін — 380233, екінші компонентін 365 251 адам алған. 38 мыңнан астам адам ревакцинациядан өткен.
Барлығы 12 жастан асқан балалар мен жүкті, емізулі әйелдерге 8376 «рfizer» вакцинасы берілген. 60 жастан асқан адамдарға да ревакцинация үшін «рfizer» вакцинасы ұсынылады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button