Жаңалықтар

Күдіктілер тергеліп жатыр

Облыстық полиция департаменті жаппай тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету, ғимаратқа шабуыл жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру деректері мен терроризм актілері бойынша 11 сотқа дейінгі тергеу басталды. «Аса ауыр қылмыстар жасады» деген күдік бойынша уақытша ұстау изоляторына 7 адам қамалды, қалғандарына қатысты жедел шаралар мен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаментіне облыс әкімдігі алдындағы алаңда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан күдіктілерді анықтау және бейнежазбаның бар-жоғын анықтау, түсініктеме беру үшін республикалық БАҚ-та жұмыс істейтін журналистер де куәгер ретінде шақырылды. Бұл туралы бізге облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов:

— Қазіргі уақытта журналистердің телефон жадындағы фото және бейнематериалдарды зерделеу жүргізілуде. Тексеруден кейін байланыс құралдары иелеріне қайтарылады. Ведомствоаралық тергеу тобының барлық іс-әрекеттері тергеу прокурорымен келісілген және Қылмыстық іс жүргізу кодексі нормаларын бұзуға жол берілмеген, — дейді. Сондай-ақ ол жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін, төтенше жағдай кезінде бұған Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертті.

Төтенше жағдай кезінде облыс аумағында орнатылған 10 блок-бекетте қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері мен әскерилер тәулік бойы өткен-кеткен көліктерді тексереді. Бір тәулік ішінде блок-бекеттер арқылы 10 мыңға жуық көлік өтеді.

Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 147 азамат жеткізіліп, оның 92-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button