Жаңалықтар

Қамбардың сүйікті кәсібі

Ақтөбелік Қамбар Бақтиярұлы мемлекеттік ветеринарлық мекемелер талаптары бойынша үй жануарларын диагностикалық тексерістен өткізу, емдеу, алдын алу қызметтерін көрсететін орын ашты.

—  Мектеп бітіргеннен кейін Батыс Қазақстан Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінде өзім армандаған ветеринарлық медицина мамандығы бойынша оқуға түсіп, студент атандым. Бес жыл университет қабырғасында әртүрлі ғылыми жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Мен осы мамандықты жаныммен қаладым, оқу бітірген соң осы салада жұмыс істегім келді. 2019 жылы оқуымды тәмәмдап, қолыма дипломымды алып, Ақтөбеге келдім, — дейді ол.

Қамбар кішкентай кезінен жануарларды жақсы көреді екен. Тіпті бала кезде көретін мультфильмдерінің де түгелі жануарлар туралы болатын. Өсе келе жанарлар туралы деректі фильмдерге құмар болды.

— Бастапқыда зоолог болғым келді, сол арманмен ветеринария саласына келдім.

Студент кезімде Оралға қатынап жүргенде поезда бір кісімен кездесіп қалдым. Сол кісінің: «Жас кезіңде от болып жарқылдамасаң,ойын-күлкінің бәрі бекер», — деген сөзі маған қатты ой салды. Осыдан кейін қалайда өзім ұнатқан мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруім керек деп мақсат қойдым. Бірде интернет арқылы «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау қоры ұйымдастыратын «Бастау-Бизнес» жобасы туралы оқып, бағымды сынағым келді, — дейді ол.

Осылайша Қамбар 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен ол биыл бизнес-жобасын іске асыру мақсатында 200 АЕК мөлшеріндегі (583 400тг) қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражатын алғанын айтады.

— «Бастау-Бизнес» жобасы мен үшін үлкен өмір мектебі болғандай. Біздің тәлімгерлеріміз кәсіпті қалай жүргізудің алғашқы сатысынан бастап үйретті. Өзіңнің сүйікті ісіңді кәсіпке айналдыруға болатынын, яғни монетизация заңдылықтарына қанықтық. Алайда, 2019 жылы курстан өткеніммен, өзімнің ветеринария саласында тәжірибемнің аз екенін ескеріп, осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер Айман Әшімқызының жеке клиникасына жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасып, алты ай еңбек еттім. Айман Әшімқызы бұл саланың қыр-сырын үйретті, күрделі операциялар жасау туралы мағлұматтар алдым, — дейді ол.

Кейін пандемия басталып кетіп, Қамбар карантинде үйде отырып, жануарларды емдеу туралы ғылыми деректі фильмдер қарап, кітаптар оқып, білімін теориялық жағынан ұштай түседі. Ғаламтордан кейбір адамдардың тұқымы ерекше ит-мысықтарды асырау туралы пікірлерін оқығаннан кейін оларды емдейтін орталық ашуды ұйғарады.

— Халықтың жағдайы тұқымы ерекше ит-мысықтарды бағуға, асырауға жетсе, оларды емдетуге, күтіп-баптауға да мүмкіндігі болады деген сөз. Сондықтан, өзімнің «Бастау-Бизнес» курсында оқыған кезде жазған бизнес-жоспарымды іске асырғым келді. Практикалық, теориялық тәжірибемді толықтырғаннан кейін өз ісімді бастауға дайын екенімді түсіндім. Әрине, әлі де оқитын, үйренетінім көп.

«Бизнес-Бастау» жобасы аясында биыл мамыр айында грант алу үшін іріктеу жүргізілді, соған жобамды ұсынып, нәтижесінде 583 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдым. Дереу жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, Нұр-Сұлтан қаласынан ветеринариялық қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтарды тапсырыспен алдырттым. Қыркүйек айынан бастап Ақтөбедегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы көшеде орналасқан ветеринарлық клиника ішінен 3 бөлмені жалға алып, жұмысымды бастап кеттім.Көбіне маған келушілер неміс овчаркалары мен шотландық, британдық мысықтарын алып келеді. Қарапайым үй мысықтарын әкелушілер де бар. Жалпы, үй жануарларын тұрақты ветеринарға көрсетіп тұру керек, себебі олардың арасында да түрлі аурулар болады, —  дейді ол.

Қамбар бұл саланың елімізде кенже дамығанын айтады. Дегенмен, сұраныс бар.

Жиырмадан енді асқан жігіттің бұл тірлігі — өзі құралпы жастарға үлгі боларлық іс. «Судың да сұрауы бар. Оңай жұмыс, оңай табыс болмайды. Сондықтан, өз қатарластарыма айтарым —  табысы аз болса да, өз маңдай теріңмен тапқан нан тәтті болады», — дейді ол.

Мейрамүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button