Пікір

Еңбек бәрін де жеңбек

Амангелді НУҒМАНОВ

Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Egemen Qazaqstan» газетінің 6 желтоқсан күнгі санында жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы қоғамға үлкен ой салды.

Тұңғыш Президентіміз Тәуелсіздіктің отыз жылы ішіндегі еліміздің ішкі-сыртқы саясатын терең талдай отырып, ғаламдық өзгерістер халқымыздың өмір сүру салтына, тұрмыс тіршілігіне қалай әсер еткенін таразылайды. Иә, осы кезең ішінде ел жұртымыз көптеген қиындықты еңсеріп қана қоймай, болашақ бағдары айқын, ынтымақ бірлігі күшті мемлекетке айналды. Биылғы күзде елімізде өткен халық санағының қорытындысы да Елбасының пікірін ресми мәліметпен қуаттай түскендей. Шүкір, бүгінде Қазақстан Республикасы тұрғындарының саны 19 млн адамнан асса, оның 30 %-дан астамы тепсе темір үзетіндей жас буын екен. Осы деректерге сүйене отырып, мемлекеттің іргетасын қалап берген аға буынның ісін ақылды да білімді, еңбекқор да тәртіпті жастарымыз жалғастыратынына өз басым ерекше қуаныштымын.

Ата бабамыздың жүріп өткен жолдарының тәжірибесі әр заманның өз қиындығы мен қуанышы қатар жүретінін көрсетіп берді. Елбасы мақаласында «Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын қатерлер де аз емес», деп ескерте кетеді де, болашақтың стратегиясын былай тұжырымдайды: «Міне, екі жылдан бері дүниежүзі алаң күй кешуде. Коронавирус дертінен туындаған пандемия әлемдік экономиканы ғана емес, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды, ғылым мен технология дамуын, жалпы адамның ойлау жүйесін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, адамзатқа ортақ індет даму деңгейіне қарамастан, ел мен елдің экономикасы мен технологиясын жақындастырып, бір бірімен ынтымақтастыра бастады. Соның негізінде жаңажаһандық экономикалық парадигма қалыптасты. Жақында Нобель сыйлығының түрлі ғылым саласындағы лауреаттарының үлкен бір шоғыры «Біздің ғаламшар, біздің болашағымыз» саммитінің қорытындысы бойынша әлем мемлекеттеріне үндеу жасап, пандемия адамзат дамуына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болып енгендігін атап көрсетіп, онымен бүкіл дүниежүзі бірлесе күресуі керектігін алға тартты. Олар: «Егер осы бесжылдықта трансформациялық шаралар қабылданбаса, адамзаттың болашағына ауыр қатер төнетін болады… Қоғамның ең кедей және маргиналданған топтары мейлінше әлсіз жіктер күйінде қала береді», деді. Бұл менің осыдан тура 30 жылдай бұрын, 1992 жылдың 5 қазанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен айтқан ұсыныстарыммен астасып жатыр. Біз сол кезеңнің өзінде әлемнің ең бай мемлекеттерінің әскери-соғыс мақсатына қарастыратын шығындарының 1%-ын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған едік. Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітімгершілік күштері туралы болған еді, бірақ, біріншіден, маңыздысы идея және ұжымдық әрекеттестіктің тетігі болатын, екіншіден, түрлі елде тәулік сайын жүздеген, мыңдаған адамды баудай түсіріп жатқан пандемияның соғыстан несі кем? Егер дәл сол кезде мен ұсынғандай қор жасалған болса, қазіргі пандемия жағдайында кедей мемлекеттерге коронавируспен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға бағытталған шараларды ұйымдастыруға мол мүмкіндік туған болар еді».

Мұнайдың баррелі 100 доллар болып тұрған кезден бастап, 2000 жылдардың бас кезінен Н.Назарбаевтың бастамасымен Ұлттық қордың жасақталуы елдің болашағына салынған инвестиция болғанын пандемия дәлелдеді. Қоры бар ел озады екен. Пандемия соңғы жылдары ғаламдық экономика бағытын ғана емес, ұлттық экономика құрылымдарын да күрделі өзгеріске түсірді. Елбасы әлемдік экономиканың осы құбылысын «жаңа геосаяси трансформация», деп бағалай отырып, алдағы уақытта еліміз жағдайында неге дайын болуымыз керек екендігіне айрықша назар аударады.

Ақтөбео блысының жаңа құрамдағы депутаттары да өз жұмыстарын пандемия кезінде бастады. Пандемия экономикалық байланыстарды шектеп, ақша мен тауар айналымын тежеп, шағын және орта кәсіпкерлікке көптеген қиындық әкелді. Мұндай кезеңде қаржы ресурстарын тиімді салаларға жұмсауды басты назарға ұстаған мәслихат депутаттары түбірлі шешімдер қабылдады. Медицина мекемелерін пандемияға сай етіп жабдықтау, қысқа мерзімде қорғаныш құралдарын әзірлеуге қаржы бөлу және медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу, көктемгі егіс үшін шаруаларға қаржылық қолдау көрсету мәселелерін жедел шештік. Депутаттар жұмысының негізгі салмағы пандемиямен күреске бағытталды десек, артық айтқандық емес. Осылайша, депутаттар корпусы өңір экономикасы мен әлеуметтік саланы ақсатып алмауда жедел әрекет етті. Осындай кезде елдің бірлігі мен ауызбіршілігі, жағдайды толық талдай отырып тез әрекет ете білу де көптеген шиеленісті мәселенің алдын алды. Пандемияның салдары да, сабақтары да осы.

Отандастарымызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, мемлекетіміздің берік нығаюы жолында күш жігерімізді аямаймыз депб ерікс еніммен айта аламын.

Дереккөз: «EgemenQazaqstan»газет басылымы

Сілтеме:https://egemen.kz/article/298966-enhbek-barin-de-dgenhbek

Басқа жаңалықтар

Back to top button