Пікір

Мемлекеттің тірегі — тұрақтылық

Сергей ВИШНЯК,

облыстық мәслихат депутаты, ҚР халқы Ассамблеясы мүшесі:  

— Қазақстанның Тәуелсіздігі күні — ұлы мереке! Ұлы далада өмір сүріп жатқан ел тұрғындарының басты байлығы да осы тәуелсіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің бірінші тірегіміз тәуелсіздік болса, екінші тірегіміз — бейбітшілік пен келісім. Елімізде түрлі ұлт өкілдері татулықта, бірлікте бейбіт өмір кешіп жатыр. Сырт мемлекеттерге барған кездерде өзіңді тәуелсіз Қазақстанның азаматы екеніңді, елдің жетістіктерін айтқанда кеудеңді мақтаныш кернейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы Жолдауларында, басқа да стратегиялық құжаттарда еліміздің жеткен жетістіктерімен қоса болашақтағы мақсат-міндеттер туралы айтып отырады. Оны көріп, оқып, таразылап, елдің ертеңіне деген сеніміміз беки түседі.

Тәуелсіздік күні —  жай ғана ән айтып, би билеп өткізетін мереке емес, ол ел тұрғындарының мемлекеттің қамқорлығын сезінетін, халықтың бір-біріне деген қолдауын сезінетін жылы, иә, тура осылай — жып-жылы мереке. Біз бірлікте болуымыз керек, айналамыздағы көмекке мұқтаж, қолдауға зәру адамдарға қол ұшын созып, мүмкіндігінше бір-бірімізге жылу сыйлауымыз керек. Әрбір отбасы осы мерекенің ұлылығын сезінуге тиіс, қуанышпен атап өтуге мүмкіндігі болуы керек!

Тәуелсіз елдің әр адамы ертеңгі күнге сеніммен, үмітпен қарауы үшін достық пен тұрақтылық тіні берік болуы керек. Қазақ елінің алдында ұзақ та жарқын болашақ күтіп тұр, сол болашаққа бізді бірлік бастап барады.

Ұлы мереке — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні құтты болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button