Пікір

Ең басты құндылық — халықтың бірлігі

Эльвира Хабибуллина,

«Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Отыз жылда қол жеткізген жетістіктерімізге көз жіберсек, соның барлығы Елбасының көреген саясатының арқасы деп білемін. Осыдан 26 жыл бұрын әлемде тұңғыш рет Елбасының бастамасымен Ассамблея секілді орган құрылды. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде қаншама ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Менің осы Ақтөбе жерінде тұрып жатқаныма 40 жылдан асты. Мен отбасыммен 1977 жылы Ақтөбеге Қарақалпақстаннан көшіп келгенмін. Содан бері осы жерде өзге ұлт өкілдерімен өзара ынтымақта, бірлікте өмір сүріп келемін. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Себебі барлық ұлт өкілінің ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде!

Биыл елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы атап өтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл — тек мерейтой ғана емес, ең алдымен, тарихи оқиға. Сондықтан біз егемендіктің қадірін біліп, осы елдің дамуына, оның ішінде өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек.

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап қоғамдық, оның ішінде этносаралық қатынастарды нығайту ішкі саясаттың өзегі болды. Міне, бүгінге дейін тарих толқыны ең басты әрі маңызды құндылық халықтың бірлігі екенін көрсетіп келеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қазақ мақалы да тегін айтылмаса керек. Себебі бірлік — мемлекеттік дамудың қозғаушы күші. Сондықтан егемендіктің осынау мерейлі сәтінде барша қазақстандықтарды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, әр отбасыға бақ-береке, қуаныш пен амандық тілеймін. Әрдайым еліміздің тұғыры биік, халқымыз аман, мемлекетіміз мәңгілік болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button