Пікір

Баға жетпес байлығымыз

Ваид МАГАМАДОВ,

облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің өкілі:

— Мектепті орыс тілінде оқығаныммен, арнаулы білімді қазақ тобында игердім. Дипломдық жұмысымды да мемлекеттік тілде қорғадым. Қазақшамның қалай екені осыдан-ақ белгілі шығар (күліп). Кішкентай кезімнен қазақ достарым көп. Шынымды айтсам, осы өңірден болғандықтан, Ақтөбесіз, қазақтарсыз өмірімді елестете алмаймын.

Қазақтар сияқты шешендер де қыздардың ашық-шашық жүруіне қарсы. Егер сондай жағдай болса, тәртіп бұзуға жол берген ата-ана сынға алынады. Сосын біз тек өз ұлтымыздың өкілдеріне ғана қосыламыз. Салт-дәстүрді ұстанған нағыз қазақтар да солай ғой, бұған қатты мән береді.

Осы орайда кезінде Қазақстанды паналауға мәжбүр болған шешендерге кеңпейіл  достық көңіл танытқан қазақтарға алғысым шексіз. Бұл жақсылықты біз, шешендер, ешқашан ұмытпаймыз. Бір анығы, қайырымы шексіз қазақ халқының арқасында біз сол қиын-қыстау кезден аман өттік, өзіміздің екінші отанымызға қазығымызды тігіп, шаңырағымызды көтердік. Сонау саяси репрессия жылдарында тағдырдың айдауымен осы Ұлы далаға келіп, Қазақстанды Отаным деп қабылдаған қанша халық бар. Сол депортацияланған миллиондаған адам қазақтың көмегі мен қайырымының арқасында ертеңгі күнге деген үмітін өшірмей, үзілгелі тұрған тағдыр жібін жалғады, сонымен бірге жекелеген этнос ретінде сый-құрметке ие болып, көпұлтты Қазақстан қоғамында өзіне лайықты орнын алды. Бұл ақиқат және осы ақиқатты ешкім ұмытпауға тиіс.

Өзім панкратион мен грэпплингтен Қазақстан чемпионымын. Бүгінде жас спортшыларды тәрбиелеп жүрмін, жаттықтырушымын. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерімде тәуелсіздіктің де үлесі бар. Біле білгенге бұл — баға жетпес байлығымыз. Себебі соның арқасында біз алыс-жақын елдерге шығып, жарыстарға қатыса аламыз. Еркіндік бар. Сондықтан осы бір құндылықты бағалай білсек деймін.

Барша ақтөбеліктерге келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бәріңізге  тек жақсылық тілеймін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button