Жаңалықтар

Тағдыр тәлкегіне түскендерге төрін ұсынған

Өткен сенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында неміс халқының Қазақстанға жер аударылуының 80 жылдығына орайластырылған тарихи-танымдық шара өтті. «Қазақстандық патриотизм, толеранттылық  жәнеэтносаралық келісім» тақырыбында ұйымдастырылған жиында режиссер Еркебұлан Закировтың «Молочный колодец» кинофильмі көрсетіліп, бір кездері қазақ даласына жер ауып келген өзге ұлт өкілдерінің тағдыры сөз етілді.

Зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар қатысқан шараның мақсаты — өткен ғасырдың 30-жылдары елімізгедепортацияланған  ұлттар, соның ішінде неміс жұрты туралы ақпарат беру, тағдыр тәлкегіне түскендерге төрін ұсынып, бір үзім нанымен бөліскен қонақжай халықтың дархандығы жайлы баяндау, сондай-ақ жоғарыда аталған фильмді кеңінен таныстыру.

Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Құсайынова депортацияланған немістердің тарихы туралы баяндама оқыса, сол жоғары оқу орнының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, Ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының мүшесі Дмитрий Мацюк этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі жөнінде сөз сөйледі. Ал облыстық «Возрождение» немістер қоғамының белсендісі Лидия Лях ата-анасының  қоныстану  кезіндегі қиындықтары және қазақ халқының мейірімділігі жөнінде естелігімен бөлісті.

Кейіннен жиналғандар «Молочный колодец» фильмін тамашалады.

— Аталған фильм 2017 жылы Қобда ауданында түсірілді. Түсірілім жұмыстары 14 күнге созылды. Бұған 20-ға тарта әуесқой актер атсалысты. Дені — жергілікті тұрғындар. Оларға қалай ойнау керектігін, бұның қыр-сырын үйрету үшін 2 апта уақыт кетті. Операторлар Алматыдан арнайы шақыртылды.

Ұзақтығы 45 минуттық фильмде  Қазақстанға көшірілген неміс қызының тағдыры суреттеледі. Осында неміс тілінен балаларға сабақ берген оның өмірі фильмімнің өзегі болды. Яғни бұл болған оқиғаның ізімен түсірілді.

«Молочный колодец» коммерциялық фильм емес. Сондықтан оны кинотеатрлардан көрсету сияқты мақсат болған жоқ. Бірақ Ақтөбедегі телеарналардан, кинотеатрдан көрерменге ұсынылды, — дейді режиссер Еркебұлан Закиров.

Көрсетілімнен соң фильмді түсіруге демеушілік танытқан кәсіпкер Кеңес Жаңабаевқа, басқа да белсенділерге «Возрождение» немістер қоғамы және Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы атынан Алғыс хаттар тапсырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button