Жаңалықтар

Қараша: қарқынды істер толастаған жоқ

Шолу

Жыл соңы жақындаған сайын жаз және күз бойғы шаруалардың етек-жеңі жинақталып, бір арнаға тоғыса бастаған сияқты. Абай айтқандай, «Қарашада өмір тұр, тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?».  

Биылғы қараша көп тірлікке қарасқан сыңай танытты. Ауа-райы ара-арасында аздап мінез танытып қойғаны болмаса, қабағын бірыңғай қату ұстай қойған жоқ. Соның да ықпалы тиді ме, облыс аумағында қарқынды істер толастаған жоқ.

Ауылдағы өзгерістер

Мәртөк ауданының Вознесеновка және Достық ауылдарына көгілдір отын келуі елдегілер тарапынан ерекше сый ретінде қабылданды. Ауылдарды газ желісіне қосу жұмыстары Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Екі елді мекенді газдандыруға 600 миллион теңгеден астам  қаражат бөлінді.

«Мемлекет басшысының ауыл-аймақтарды дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес облыста ауылдарды газбен, ауызсумен және басқа да игіліктермен қамту бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады», —  деп атап көрсетті облыс әкімі Оңдасын Оразалин осында болған кезінде.

Мәртөк өңіріндегі өзгерістер қатарында Саржансай, Кеңсахара ауылдарындағы көшелер мен кіреберіс жолдардың асфальтталуын, спорт алаңдарының салынуын, тағы да басқа бірқатар жаңалықтарды атап өтуге болады.

Италиялықтар инвестор болуға мүдделі 

Италиядан арнайы келген бизнесмендер өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысып, ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті.

Делегация құрамында азық-түлік, сән индустриясы, дизейнерлік өнер, құрылыс саласы, жол салу компаниялары өкілдері бар.

—  Ақтөбеде бүгінде шетелдік капиталдың қатысуымен «General Electric», «Sinopec» секілді бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта италиялық компаниялардың қатысуымен жел-электр станциясы, керамика зауыты іске қосылады. Сонымен бірге Түркия, Сауд Арабиясы, Корея, Жапония секілді көптеген елдермен де жақсы қарым-қатынас орнатылды. Бұл сапарда италиялық делегация өкілдері «Ақтөбе» әлеуметтік–кәсіпкерлік корпорациясы, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы өңірлік өкілдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды,— дейді «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы өңірлік директоры Құрманғали Аманқос.

Суармалы жер көлемі көбейеді

Облыста келер жылы суармалы жер көлемі 41 мың гектарға ұлғаяды.

Бұған суармалы жер көлемін өсіруге бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынуы да ықпал етуде.

2017-2021 жылдарға арналған «Суармалы жерлерді қалпына келтіру» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт жылда суармалы жер көлемі едәуір артқан.

2019-2020 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру және даму банкі несиесімен жүзеге асырылған бағдарлама нәтиижесінде 13 355 гектар жер қалпына келтіріліп, шаруа қожалықтарына пайдалануға берілді. Соңғы жылдары облыста егістік алқабы көлемінің өсу қарқыны байқалады. Былтыр 30226 гектар жер суармалы  болса, биыл оның көлемі 32000 гектарға өсті.

Суармалы алқаптарда мал азығын дайындауға да көңіл бөліне бастады.

Үкіметтік емес ұйымдардың үлесі

«Қоғам және мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі серіктестіктің 30 жылы» атты облыстық конференцияда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы сараланды.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 400-ден астам үкіметтік емес ұйым бар.  Олардың өңірдің дамуына, қоғамдық өмірдегі ілгерлеуге қосқан үлесі аз емес.

Жиында үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктері қамтылған көшпелі көрме ұсынылды, осы тақырыпта бейнеролик көрсетілді. Әсіресе, аталған ұйімдардың ел тәуелсіздігін нығайтудағы, қоғамдық ой-пікірді қалыптастырудағы, мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудегі, ұлттық салт-дәстүрлерді жетілдірудегі ұстанымдары мен атқарған еңбектері кеңінен атап өтілді.

«Abattandyrylǵan aýyl   2021»

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы облыс аумағында «Abattandyrylǵan aýyl» пилоттық арнайы жобасын жүзеге асыруды бастаған болатын. Бастапқыда пилоттық жоба аясында 8 ауылдық елді мекен таңдалды. Оларға екі жылға арналған Жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде абаттандырылған, инженерлік инфрақұрылымы, шағын орта бизнесі дамыған және жұмыс орындары құрылған ауыл қалыптаспақ. Жалпы, облыс және республика аумағында үлгі болатын абаттандырылған озық ауыл құру жоспарлануда.

Алға ауданындағы Үшқұдық ауылында өткен «Abattandyrylǵan aýyl — 2021» облыстық форумына қатысушылар осындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап көрді.

Ауыл кәсіпкері Айнагүл Будусова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан 18 миллион теңге несие алып, балабақша салған. Бұл — осы ауылдағы игілікті істердің біреуі ғана.

Көне тарихқа ұмтылыс

 

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы облыста 2021-2024 жылдарға бекітілген Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Биыл осы ауқымда 14 жоба орындалып, жақсы жаңалықтар жүзеге асты. Мәселен, Мұғалжар ауданының аумағында сармат дәуіріндегі бірегей артефакттері бар қорым табылды.

Осы бағыттағы жұмыстарға қатысты Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Оңғар Ақан Ақтөбеде болып, жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу кешендерінің қорытындысы, келер жылға арналған жоспарлар талқыланған жиынға қатысты.

* * *

Сонымен, қараша желтоқсанға жол берді. «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дегенімізбен, қыс қақпасы айқара ашылды. Ауыл, елде жан-жағымызды қымтап, шаруа жайды бұрынғыдан да үйлестіріп істеу қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан желтоқсанда жұдырықтай жұмылып, жақсы істерімізді молайта түсейік.

  Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button