Жаңалықтар

Жасөспірімдер жарысты

Ақтөбе қаласындағы №72 орта мектепте қалалық білім бөлімінің және облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай «Бауыржан жұлдызды болған күн — қазақтың жұлдызы жанған күн!» атты қалалық әскери-патриоттық сайысы өтті.

9-10 сынып аралығындағы оқушылар автоматты бұзып-жинау, белтемірге тартылу, гір көтеру, арқан тарту, әскери саптық жүріс және әскери ант беру кезеңдері бойынша сынға түсті.

Шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасының бас маманы Манар Өтекешова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бауыржан Момышұлы — даңқты қолбасшы, батыр тұлға ғана емес, қазақтың көрнекті жазушысы. Мірдің оғындай дәл тиетін шешендік сөздері бүгінде даналық, қанатты сөздерге айналып отыр. Өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, халқымыздың мақтанышы болған батырдың есімі халық жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Қазақстанның болашағы — сіздер секілді жас өрендердің қолында. Сондықтан Отанын сүйетін, еліміздің нағыз патриоттары болыңыздар!, — деді.

Сондай-ақ шарада Ақтөбе қалалық ғылыми әдістемелік орталығының басшысы Ақманар Сүлейменова жастарға жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар Сазды орта мектебінің «Жасұлан» үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. №72 орта мектептің талантты оқушылары мәнерлеп өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқады.

—  Дәстүрлі шараның мақсаты — бүгінгі ұрпақты Бауыржандай батыр рухымен ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Оның биік тарихи тұлғасын тереңірек таныту, өнегелі ерлігін барынша үлгі ету.

Облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында «Жас ұлан» атты әскерге дейінгі жастардан құрылған клуб бар. Осы клубта патриоттық бағытта түрлі жұмыстар атқарылып келеді. 

Бүгінгі қалалық әскери-патриоттық сайысқа 7 команда қатысып отыр.

Осындай шара Ресейдегі Әлия Молдағұлова оқыған мектепте де онлайн форматта ұйымдастырылды.  Біздің облыстың командасы жүлделі І орынды жеңіп алды, — дейді облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпенова.

Сайыс қорытындысында I орынды №10 орта мектеп пен №33 орта мектептің командалары жеңіп алды. ІІ орынды №21 және Қызылжар орта мектебінің оқушылар еншілесе, ІІІ орынды №72, №5 және №4 орта мектептерінің командасы иеленді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button