Жаңалықтар

Италиялықтар облыстың инвестициялық әлеуетімен танысты 

Ақтөбеде болашақта жергілікті және италиялық бизнес өкілдерінің бірлескен бірнеше жобасы жүзге асырылуы мүмкін. Облысымызға Италиядан арнайы келген бизнес өкілдері өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысып, ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті.

Облыс әкімдігі, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы өңірлік өкілдігінің қолдауымен Ақтөбеге Италиядан 15 адамнан тұратын бизнес делегация келді. Құрамында азық-түлік, сән индустриясы, дизейнерлік өнер, құрылыс саласы, жол салу компаниялары, т.б. бар делегация бұл сапарында әзірге өңір әлеуетімен танысып, индустриялық аймаққа барды, кәсіпорындарға бас сұғып, кәсіпкерлермен кездесті.

—  Ақтөбе — инвестициялық тартымды өңір. Бүгінде облыста шетелдік капиталдың қатысуымен «General Electric», «Sinopec» секілді бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта италиялық компаниялардың қатысуымен жел-электр станциясы, керамика зауыты іске қосылады. Сонымен бірге бүгінде Түркия, Сауд Арабиясы, Корея, Жапония секілді көптеген елдермен жақсы қарым-қатынас орнатылып отыр. Бұл сапары барысында италиялық делегация өкілдері «Ақтөбе» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы өңірлік өкілдігімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды, — дейді «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы өңірлік директоры Құрманғали Аманқос.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ануар Асыловтың айтуынша, италиялықтар, негізінен, азық-түлік, сән индустриясы, архитектура және дизайн секілді төрт бағыт бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниеттеніп отыр.

— Алдымен өңір әлеуетімен танысады. Содан кейін шешімдер шығарылады. Мүмкін, азық-түлік саласында жаңа бірлескен жобалар жүзеге асырылатын шығар. Себебі біздің азық-түлік экологиялық тазалығымен ерекшеленеді ғой. Шетелдіктермен бірлескен жобалар біздің кәсіпкерлерге нарықтың жаңа бағыттарына шығуға мүмкіндік берер еді, — дейді ол.

Ануар Асыловтың айтуынша, облыста еуропалық туристер үшін қолайлы жағдай туғызу шаралары қолға алынып жатыр. «Еуропалық туристерге Қазақстанға Ақтөбе арқылы саяхаттауға мүмкіндік беретін туристік орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл өте тиімді жоба болар еді, себебі бүгінде шетелдік кәсіпкерлер туристік бағыттарда өте белсенді», —  дейді ол.

«Көктөбе» қонақүйінің мәжіліс залында өткен кездесу барысында италиялық кәсіпкерлер өздерін, бизнестерін таныстырды. Делегация басшысы болашақта жергілікті бизнес қауымдастықпен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді, ал италиялық кәсіпкерлер әрқайсысы өз саласы туралы мәлімет берді. Мәселен, интерьер дизайнын жасайтын, құрылыс бұйымдарын шығаратын, азық-түлік, соның ішінде құрғақ нан бұйымдары, ерекше италиялық ірімшік өндірісімен, кәсіпорындардың жұмысын автоматтандырумен айналысатын компаниялар өз кәсібі туралы айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button