Жаңалықтар

Балаларына екпе салдырып жатыр

Ақтөбе қаласындағы №5 қалалық емханада 12-17 жастағы жасөспірімдерге, бала емізетін аналар мен жүкті әйелдерге «Pfizer» вакцинасын егу жұмыстары басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев аталған емханаға келіп, баласына екпе салдырды.

Рүстем Исаев «Pfizer» вакцинасы қаладағы барлық емханаларға таратылғанын, жалпы облысқа 40 950 доза екпе әкелінгенін жеткізді. Сондай-ақ ол оқушылардың қауіпсіздігі үшін вакцина алу өте маңызды екенін атап өтті.

Бұл күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен №5 емхана қызметкерлері бірінші болып балаларына екпе салдырды.

— Қазір оқушылар арасында жіті респираторлық вирустық инфекция мен респираторлықсинцитиальдық вирустың өршуіне байланысты қалалық ауруханалар лық толы. Сондықтан бұл кезеңде балаларға вакцина алу өте маңызды. Жалпы, вакцинация — балалар мен отбасындағы басқа да мүшелердің қауіпсіздігі үшін тиімді шешім. «Pfizer» қазір бүкіл әлем бойынша №1 вакцина ретінде танылып отыр. Сондықтан мен ата-аналарға осы екпені салдырып, өз балаларыңызды індеттен қорғаңыздар демекпін. Бүгін басқарма басшысы ретінде өзім үлгі көрсетіп, №23 мектепте оқитын 12 жастағы ұлымды екпе салдыруға әкеліп отырмын. Бұл қандай да бір пиар емес, балаға деген жауапкершілік пен қамқорлық, — деді ол.

№5 емхана меңгерушісі Гүлайна Изимованың айтуынша, осы аптада медициналық мекемеге 60 доза «Pfizer» вакцинасы әкелінген. Қазір дәрігерлер мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен балаларына екпе салдыруға ниет білдіріп жатқан ата-аналар аз. Себебі ата-аналардың көбі әртүрлі қауесетке сеніп, балаларына екпе егуге  рұқсат бермей отыр.

Айта керу керек, бүгінде №5 қалалық емханаға  қарасты мектептерде 3 мыңнан астам бала бар.

***

Ақтөбе қаласындағы №4 емханаға вакцина алуға облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан қызымен бірге келді. Өңірдің бас ұстазының қызы да екпе салдыру жөнінде шешімді өзі қабылдаған.
— Коронавируспен ауырғым келмейді. Содан сақтану үшін өз еркіммен осындай қадамға барып отырмын. Әкеме «вакцина салдырамын» деп айттым. Ол менің бұл шешімімді қолдады.

Ата-әжем, әкем осы кеселмен ауырды. Сондықтан бұның қайталанғанын қаламаймын, — дейді Гүлнази Жолдасқызы.

Сол емханада вакцинаның үшінші дозасын алған Жолдас Батырхан вакцина алу қазіргі уақыттағы ең басты міндет екенін айтады.

— Отбасымыздағы ересектердің бәрі вакцина алды. Арамызда үйіміздің еркесі, осы кенжеміз ғана қалған. Бүгін, міне, ол да «Pfizer»-мен егілді. 12 жастағы қызымды үгіттеген жоқпын, саналы түрде өзі таңдады, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Вакциналау соңында дәрігер-эпидемиолог Ақбота Оқас түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңесін берді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button