Жаңалықтар

Өңірге 1330 тонна көмір әкелінеді

Тікелей эфир

Биыл қыс айларында облыс тұрғындары үшін 28 мың тонна көмір қажет болса, қазір оның 90 пайызы, яғни 25 мың тоннасы өңірге жеткізілген. Бүгінде бір тонна көмірдің бағасы — 13-16 мың теңге. Көмір бағасы өткен жылғымен бірдей.

1 желтоқсанға дейін облысқа тағы 1330 тонна көмір әкелінеді.

Бұл туралы кеше облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев тікелей эфир барысында баяндады.

— Бүгінде өңірде көмір сататын 10 теміржол қоймасы бар. Оның екеуі облыс орталығында орналасқан. Биылғы жылы өңірде көмір тапшылығын немесе қандай да мәселе туындамауы үшін жеткізушілер тамыз айынан бастап тасымалдады. Басқа өңірлерге қарағанда біздің облыста көмір қажеттілігі өте төмен екендігін айта кеткен жөн. Атап айтсақ, облыстағы көмір көлемі республикалық жалпы көлемнің 0,4 пайызын ғана құрайды. Қажетті көмірдің негізгі көлемі тұрғындардың сұранысына қарай тасымалдануда. Негізінен, сұраныс қараша, желтоқсан айларында артады. Қазіргі таңда бізге көмір Шұбаркөл, Қаражыра, Майкөбен алаптарынан жеткізілуде. Бүгінгі күні 19 вагон немесе 1330 тонна жолда келе жатыр. Атап айтсақ, 26 қараша-1 желтоқсан аралығында Ақтөбе қаласындағы 41-разъезге — 13, Жіңішке станциясына — 1, Мәртөк станциясына — 4, Тоғыз станциясына 1 вагон жеткізіледі,— деді Ержан Мұздыбаев.

Бұдан кейін тікелей эфирде Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева кондоминиум нысандарын басқарудағы соңғы жаңашылдықтарға тоқталып өтті.

— Қазіргі таңда Астана, Алматы аудандары әкімдіктері мен қалалық тұрғын үй инспекциясының тарапынан екі жобалық кеңсе жұмысын бастады. Кеңселер көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формаларына көшу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін қаламызда 67 мүлік иелерінің бірлестігі, 1426 жай серіктестік құрылды.

Бұл жерде атап өткен жөн, мүлік иелерінің бірлестігі — заңды тұлғалар. Олар әділет басқармасынан тіркеуден өтеді. Бұл бірлестік екінші деңгейді банктерден екі есепшот ашады. Оның бірі ағымдағы жұмыстарды жүргізуге арналса, екіншісі — жинақ есепшот. Ал жай серіктестіктерді жеке тұлғалар басқарады. Олар Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясына келіп, тіркеуден өтуге тиіс. Біз сонда оларға арнайы анықтама береміз. Серіктестік ашу үшін көппәтерлі үйде тұратын тұрғындардың үштен екі бөлігінің келісімі және үйді басқаратын тұлғаға әр пәтер иесі тарапынан сенімхат берілуі керек. Өзара келісімшарт да жүргізіледі. Бұл серіктестіктердің де ортақ есепшоттары болады, — деді ол.

Айта кету керек, бұрын көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың төрт формасы болса, соңғы қолданысқа енген заңға сәйкес қазір тек екі формасы ғана бар. Олар — мүліктің меншік иелері бірлестіктері және жай серіктестік.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button