Жаңалықтар

Жерлесіміз Ардақ Елеусіз — «Дарын» сыйлығының иегері

Нұр-Сұлтанда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы аясында бір топ дарынды жасқа  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды.

1992 жылдан бері әр салада жемісті еңбегімен көзге түскен, жоғары жетістікке жеткен дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында берілетін сыйлықтың биылғы иегерлерін ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады. Биыл да «Дарын» сыйлығы әдеттегідей ғылым, әдебиет, халық шығармашылығы, журналистика, дизайн және бейнелеу өнері, классикалық музыка, театр және кино, эстрада, спорт, қоғамдық қызмет секілді он номинация бойынша берілді.

Биыл «Халық шығармашылығы» номинациясының сыйлығы үш адамға, яғни  Темірлан Олжабай, Ернат Наурызға және жерлесіміз, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында «Астана-Сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің домбырашысы және солисі Ардақ Елеусізге бұйырды. Сыйлық иегерлеріне «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы мен дипломы, төсбелгі және ақшалай сыйақы табысталды.

Сондай-ақ Ардақ Елеусіз осы айдың басында ғана Қарағанды қаласында Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы халық аспаптарында күй орындаушылардың VIII республикалық байқауында бас жүлдеге ие болды.

«Шерменде», «Мен қазақпын» атты күйлерінен бөлек тәуелсіздікке арнаған «Елім менің» күйін жарыққа шығарған күйшінің алға қойған жоспарлары көп.

— Алдағы жылы көктемде Нұр-Сұлтан қаласында келіншегім Тоғжанмен бірге үлкен концерт беруді жоспарлап отырмыз. Енді сол шараға дайындықты пысықтауымыз керек, — дейді Ардақ Тимурұлы.

Оқушы кезінен домбыра арқалап, республикалық көптеген байқаулардың жүлдегері атанып, күй әлеміне де өзіндік қолтаңбасымен енген жас күйшінің алар асуы әлі талай алда.

Әрқашан абыройың асқақ, мерейің үстем болсын, Ардақ!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button