Мәселе

— Атың кім? — Саммит.

Екі-үш жылдан кейін былтыр туған Саммиттердің тілі шыққанда өз атын өзі айтатын болады. Қазір балаға қаншалықты біртүрлі ат қойылса да, таңғалмайсың. Өйткені естімеген елде әлі көп. Әлемде экономикалық дағдарыс басталған уақытта еліміздің оңтүстік өңірінде Дағдарыс деген қазақ өмірге келгенін естіп, дағдарып қалдық. Былтыр Еуропадағы ұлттық қауіпсіздік ұйымының саммиті өткенде бірқатар қазақ отбасы балаларына Саммитбек, Саммитхан деген есімдер берді. Біздің облыста да кішкентай Саммиттер өсіп келе жатыр. Бірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаладан қызық ақпарат оқыдым: бір балаға Пярамира деген ат қойылыпты. Ол «пятьдесят развитых стран мира» деген сөздерден құралған екен.  «Әттеген-ай, одан да «іргелі елу ел» деген қазақша баламасына қарап «Іргел» қоя салмады ма екен» деп қынжылдық», — дейді автор Қ.Әлімқұлов.

Балаларға ат қою Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ата-ананың перзенті алдындағы ең алғашқы борышы — баласына лайықты ат қою. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қиямет күні өз аттарыңыз және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар », — деген.

Жалпы, діни тұрғыда да, ғылыми тұрғыда да адамның есімі оның тағдырына тікелей байланысты болады деседі. Ғалымдар жиырмасыншы ғасырдан бері адам мен оның атының арасындағы байланысты зерттеп келеді. Адам есімдерін зерттейтін бұл ғылым кейін антропонимика деп аталды. Бұл сала ғалымдарының айтуынша, көркем есімді сәби көркем боп өседі және адам аты мен оның туған мезгіліне планеталардың да ықпалы болады екен. Мысалы, қысты күндері туғандар пысық, көктемде туғандар жұмсақ, жаз мезгілінде өмірге келгендер қайырымды және күзде туғандар шаруақор болады деседі.

Діни тұрғыда да адам атына байланысты айтылған әңгіме көп: Расулуллаһ (с.ғ.с.) мағынасыз және жағымсыз аттарды жақтырмайтын еді. Бірде Хузн деген сахабадан: «Атың кім? » — деп сұраған. Ол: «Хузн (яғни «қайғы») », — дегенде Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сенің атың — Сахл (мағынасы «жеңілдік») болсын », — депті. Сахаба: «Жоқ, әкем қойған атты өзгертпеймін », — депті. Кейін Хузнның баласы: «Әкем қойған атын өзгертпеді. Біз ешқашан қайғыдан құтылмадық », — деген екен. Мұсылман дінінде балаға Аллаһтың 99 есімін сол күйінде қоюға болмайды дейді. Аллах есімдеріне «әбд», яғни «құлы» деген сөзді қосу керек екен. Мысалы, Халиқ, яки Жаратушы, не Рахман — Аса қамқор деген ат балаға лайық емес, өйткені, бала «Жаратушы» бола алмайды, оған Әбдіхалық (Жаратушының құлы), Әбдірахман (Аса қамқор Жаратушының құлы) деп қойған жарасады. Бірде Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала сізге сәлем жолдап, мынаны айтты: «Я, Әуелгі және Ақырғы пайғамбар! Егер сенің үмметіңе осы аттарды қойса, оларға көр азабы болмайды », — деді.

«Кенже ұлымның атын Аллаһтың ең жақсы көретін есімі — Әбдірахман, не Әбдіхалық деп қойғым келді. Бірақ дүниеге келгенше гастрольде ел аралап жүрдім, бұл бала ертең мен секілді әнші, не әкесі сияқты журналист болса, ел аралап, жол үстінде жүрсе, қиындау болар, елдің ішінде жүрсе, елдің арысы болсын деп Ерасыл қойдым», — дейді әнші Р.Әлқожа.

Қазақ ежелден балаға ат қоюға үлкен мән берген және түрлі ырымдарға қарай ныспы берген. Бұрындары жаңа туған нәрестеге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен әдейі Жаман, Қиқым, Ошақбай, Тезекбай, Қосқұлақ, Итемген, Шоқпыт секілді сиықсыз, сүйкімсіз есімдерді қойған. Балалары шетіней берген ата-ана сәбиіне әдетте Аманғали, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, сонымен бірге Евдокия, Клавдия сияқты орыстың аттарын қойса, қызы көп, ұлы жоқ отбасыларда Ұлтуған, Ұлбала, Ұлтуар, Ұлжан, Ұлту, Тойған, т.б. есімдер қоятын болған.

Балаға атты ел ішіндегі сыйлы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алу дәстүрі де бар. Қаныштың әкесі Имантай туғанда атасы Сәтбай арнайы Сегіз Серіні шақыртып, баласының атын қойғызған деседі. Сонда Сегіз Сері балаға Иманжан деп ат қойып: «Бұл баланы  еркелетсеңдер Имантай  деп  атарсыңдар», — деп батасын беріпті. Сол секілді Кенесары ханның есімін Арғынның атақты биі Шоқай  қойған деседі.

Қазақ сонымен бірге баласына ел ішіндегі қол бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендердің, ақындар мен билердің, қолбасшылардың, қысқасы,  беделді, сыйлы кісілердің аттарын қоюға тырысқан. Абылай, Әбілқайыр, Едіге, Жәнібек, Алпамыс, Абай, Әлия, Мәншүк, Олжас, Бауыржан, Мұхтар, Фаризалар арамызда баршылық. Ал атақты Индира Гандидің елімізде он мыңнан астам аттасы бар көрінеді.

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеушілерінің бірі Ю.Бошняков: «Баламның аты затына сай болсын деп небір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін беретіндер балаларының есімін ол ержеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай, өліп қалуы ықтимал деп жорыған», — дейді.

Арамызда наурызда туған Наурызбайлар, айт мезгілінде туған Айтбайлар, жаңа жылда туған Жаңагүлдер мен жеңіс күні туған Жеңістер, Жеңісбектер, Жеңісгүлдер толып жүр. Елімізге оралған қандастарымыздың арасында да ерекше аттар кездеседі: Типа, Патрахан, Ховолхаг, Нурбати, Нурко…

19-ыншы ғасырдың соңында қазақ қоғамында ислам дінінің әсері күшті болған, оны адам есімдерінен де байқауға болады. Ибраһим, Мұхамедқанафия, Досмұхаммед, Мұстафа сынды есімдер сол кезде өте көп қойыла бастаған.

Кеңес Одағы кезінде Совхозбек, Колхозбай, Социал, Мэлс, Мардан, Марэн деген аттар көп қойылды. Соғыс жылдарында туған балаларға Қасым, Бауыржандар, алпысыншы-жетпісінші жылы туғандарға Мұхтар, Олжастар көп қойылды.

Сексенінші жылдары Олимпиадалар өмірге келді. Осы жылы жаңадан құрылған «Айгүл» ансамблінің құрметіне талай Айгүлдер туды. Тоқсаныншы жылдары Нұрсұлтандар өмірге келді.

Екі мыңыншы жылы Миллениумдер… Былтыр Саммиттер туды. Биыл Азиадалар тууы мүмкін….

Өткен жылы желтоқсанда ҚР Статистика агенттігі жылдың басынан тамыз айына дейінгі аралықта туған сәбилер есіміне қатысты мәліметтерді жария етті. Статистика елімізде Ерасыл және Аружан деген аттардың басқаларына қарағанда жиірек қойылатынын көрсетіп отыр. Ұл балалар есімдерінен алғаш­қы бестікке Ерасыл, Диас, Нұрасыл, Әлихан, Ми­рас енген. Соның ішін­де Ерасыл атын 1255 нәресте иеленген. Ал қыз бала­лар­ға Аружан, Кәу­сар, Аяулым, Диана және Али­на есімдері көп қойы­лыпты. Куәлігіне Аружан есімі жа­зыл­ғандардың саны – 1709. 2010 жылдың қаңтар-тамыз ай­ла­рында барлығы 244 292 сәби дүниеге келген. Алдыңғы жылы елімізде ұл балаларға Диас, Дін­мұ­хаммед, Темірлан, Даниал, Никита, қыз балаларға Аружан, Әмина, Әй­герім, Анастасия, Дарья есімдері жиі берілген болатын.

— Өмірге жаңа келген балаға берілетін құжаттарды толтыру барысында неше түрлі қызықты есімдер естиміз. Былтыр Саддам Хусейн деген баланың атын тіркедік. Кейін әкесі келіп, өзгертті. Бөлмеде отыр едік, бір кісі келіп айқай шығарды: «Неге баламның атын Саддам деп жазасыңдар? Қызым-ау, түсінсейші, ертең балам шетелге шығатын болса, атым Саддам Хусейн деп қалай айтады?» — дейді. Бақсақ, әйелі босану үйінде жатқанда жолдасының фамилиясы Хусейн болған соң ерекше ат болсын деп ойлаған болуы керек, Саддам деп қойып жіберіпті, әкесі оның атын Арман деп өзгертті, — дейді Ақтөбе қаласы әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің бас маманы Шынар Айнабекова.

Ш.Айнабекованың айтуынша, былтыр Сағындықов деген кісі баласына Елеусін деп ат қойыпты. Оның Шахислам, Спартак, Мавсар деген құрдастары да өмірге келген. Егемен, Мәртебелі деген бүлдіршіндер де өсіп жатыр. Ш.Айнабекова ақтөбеліктердің сәбилеріне қазір арналардан көрсетіліп жатқан түрік сериалдарындағы кейіпкерлердің де есімдерін қоятынын айтады:

— Түріктің «Шахрезат» киносындағы Әли Кемал, Шахрезат, Бану деп, «Маусым түні» киносының кейіпкерлері Хусни, Илхам деп қойғандар бар. Бұл есімдерге, әсіресе, жастар әуес. Нәрестелерін Ләзиза, Урзалия деп атағандар да бар. Ат қоюдағы тағы бір ерекшелік — бұрын егіздерді Айман-Шолпан, Берік-Серік деп атаса, қазір ұқсастырмай қоятын болыпты. Егіздердің бірін атасы, екіншісін әжесі, біреуін папасы, екіншісін мамасы қою әдетке айналып бара жатыр. Және бір айта кетерлігі — біз, азаматтық хал актілерін тіркеушілер заң бойынша алдымызға келген адамға «сен балаңның атын бұлай қойма, былай қой»  деуге қақымыз жоқ, қалай қоямын десе де — еркі. Мысалы, бір орыс келіп, баласының атын Алексей емес, Алеша деп қойғысы келсе, өзі біледі. Бұрындары қазақы аттарды қойғанда хал актілерін тіркейтін жерде отырған орыстілділер қазақы есімдерді қате жазып жіберген жағдайлар жиі кездесті. Қазір де адам есімдерін қатесіз жазуда біз басшылыққа алатын ешқандай заңдық құжат жоқ. Кеңес Одағы кезінде де ондай құжат болмаған. 2009 жылға дейін Телқожа Жанұзақовтың адам есімдеріне байланысты еңбегін пайдаландық. Былтыр Асқар Смағұлов деген автордың қазақ аттарының тізімі берілген  қалың кітабы шықты, бейресми басты құжатымыз һәм қазақ есімдерінің толық базасы ретінде сол кітапты басшылыққа аламыз, — дейді Ш.Айнабекова.

Мұсылманның баласы алдындағы бірінші парызы балаға лайықты ат беру десе, оны қазіргі ата-аналар түйсіне, түсіне алып жүр ме? Түсінсе, баласына Дағдарыс деп ат қоя ма?..

***

Азиада құрметіне ұлының атын Алаубек қойды

Қазақстан қалаларын аралап жүрген Азиада алауы 17 қаңтар күні Оралға жеткізілген болатын. Дәл сол күні Қаратөбе ауданының тұрғыны Айбарша Орынбасарованы толғақ қысқан.

Сәбиге жарық дүние сыйлаған Айбарша Орынбасарова 18 қаңтарға қараған түні сағат тілі түнгі үшті соққанда өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. 18 қаңтар күні Азиада алауын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап қала көшелерімен алып өткен еді.

Азиада алауымен жарысып, өмір есігін ашқан «атқамінерге» әкесі Жеңіс Орынбасаровтың құрдастары Алаубек деп ат қояды. Қуаныштан төбесі көкке жеткен Жеңістің айтуынша, Азиада құрметіне орай және «Бек» деген жалғау қазақта сұлтан, басшы деген мағынаны білдіргендіктен, ұлына Алаубек деген ат берілді.

Алаубек — Жеңіс пен Айбаршаның бір ұл, үш қыздан кейінгі бесінші баласы.

Қазақпарат.

***

Ырғызда Азияда-Айару өмірге келді

Ырғыз аудандық перзентханасында Азияда-Айару деген жас нәресте дүние есігін ашты. Бұл есімнің қойылу себебін атасы Жолжан Дербісов ағамыздан сұрадық:

—  Бұл менің екінші немерем. Алғашқысы ер бала болып, атын Шығысхан деп қойған едім, бірақ құжатта Шыңғысхан деп жазылып кетіпті. Ал, енді мына немеремнің есімі жөнінде айтайын. Бұл жыл еліміз үшін айтулы жыл болмақ.  Қаншама мемлекеттің басын қосқан спорт додасы — қысқы Азияда ойындары біздің елде бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Бұл үлкен мақтаныш. Сондықтан мен осы немереме алғашында Азияда деп ат қоймақшы болғанмын. Бірақ, ағам Махайдың үйіндегі балаларым «Айару деп қояйық» деп өтініш айтты. Солардың да көңілі қалмасын деп Азияда мен Айаруды біріктіріп көрсем, әп-әдемі есім шыға келгені. Бұл есім бәрімізге ұнады, — деді ол.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

33 Comments

  1. маған өз есімім өте қатты ұнайды. әрі мағынасы да түсінікті деп ойлаймын. осындай есім берген анама алғыс айтамын.  қазақ болғандықтан атымыздың да қазақша болғаны дұрыс деп ойлаймын.

    1. Ай- деген аспандағы түнде жан жағына сауле шашып тұратын аспанның бір дүниесі. Ай дегенде оған қол жеткізу мүмкін емес. Кейбір өлең шумақтарында бар …..Гүл сыйлар едім күзде гүлдер солмайма, ай сыйлар едім айға жетер жол барма……..Айға кез келген жанның қолы жетпейді. Ай есімімен журген адамдар олар ата аналары үшін қымбат жан екендеріңді ұмытпаңдар.
      Ару деген қазақтың хас сұлуы деген сөз.

    1. Жанерке, баланың дүниеге келуіне желтоқсанның еш қатысы жоқ. ертең өскенде бала ұялмайтындай ат қойсаңшы… Тіпті соған байланып қалған болсаң, Азамат, Еркін,Азат, Бостан т.б. аттар көп қой.

    1. Азат, Егемен, Айғыр, Құнан, Архимед, Пифагор, Геракл, Азиз, Ғазиз, Сұңғыла, Адам, Қанай, Итбай, Қоянбай, Бар-Борис, Кеуілімжай, БекМамБет, Шалбай, Савелий, Аслан, Ермек, Елеусін

    1. Көне Рим аңыздарында (мифиологиясында) – тазалықтың, пәктіктің және айдың нышаны ретінде суреттелетін өсімдік және тіршілік Тәңірісі (богиня).
      Әрине ол сенім бойынша әр нәрсенің жеке белгісі болған, Диана сондай есім. Жалпы тілі де, ділі де жат елдің қоятын есімі.

  2. Назерке деген өте әдемі есім. Наз – қыз қылығы, ерке сөзінің мағынасын өзіңіз де түсінесіз деп ойлаймын. Менің қызымның есімі – ЕркеНаз. Ерке, әрі қылықты, назды қыз боп бой жетсін деп қойғам.

  3. Мен кишкентайымнан ат койганды унатамын!!! 4 жасымда женгем босанбастан, жишем Ержан деген алди алып келеди деп коймайды екем, иним туылган сон, есимин Ержан деп койды))))))))) Тагы бир инимнин атын Ерасыл деп койдым!!! Енди бир кыздын атын койсам деймин!!! Оз балаларым болса, Алинур, кызым болса Акнур деп койсам деген тилегим бар)))))))

  4. Биз жана туылган сабиге АЛИНУР есимин койдык.Бирак магынасын билмеймиз,таппай отырмыз.Отиниш АЛИНУР есиминин магынасын айтыныздаршы!!!!

  5. Шындығында мен де талай-талай есімдерді естідім расында көш басында Нұрислам Айзере Айшабибі есімдері тұр. Шынында бұл аттың адам өміріндегі маңызы зор ғой мағынасыз аттың өзі адамға кері əсерін тигізеді. Жанашыр ата-ана қайда. Баласының болашағы арманы бəрі атымен байланысты ғой . Қазақта «атына заты сай» деген дана сөз бар емес пе Əрине Айдана Аружан Айсулу Нұрислам Нұртілек т.б. есімдеріне таңдай қақтырар теңеулер жетеді Ал Аделья Санель есімдерін қандай мағынамен қандай затпен қандай теңеумен байланыстырамыз. Мағыналы есімге Нұрсұлтан басшының есімі де бар. Иə,атына заты сай сұлтан десең нағыз сұлтанның сұлтаны. Ал Артём Рабат Игорь есіміне қандай теңеу қандай мағына үлестіре аласыздар. Ата-ананың баласының болашағына алаңдауы міндетті онда неге болашағына оң əсерін тигізетін есім қоймасқа. Кейде сол Артур Артём Адель Аделья есімдерін естіп расында Қазақилықтан ауытқып бара жатқанымды сеземін. Неге? Ондай жағдай қалай болып жатыр. Ұлтшылдықтың ең құрғанда титімдей жанашыры уағыздаушы сол қазақи есімдер еді ғой!!! Қатты алаңдау білдіретін адамдар жалпы «ҚАЗАҚТАР» қайда құлдырап БАРАСЫҢДАР!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button