Жаңалықтар

Батырдың музей-үйі

Қобда ауданының Бұлақ ауылында биыл қыркүйек айында қазақтың Батыр қызы Әлия Молдағұлованың музей-үйі ашылған-ды. «Қос шынар» — Әлия, Мәншүк атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербестің бастамасы бойынша ашылған батырдың музей-үйінің ерекшелігі көп.

— Бұл жиырма жылдан бергі ойымда жүрген арман еді. Сол биыл жүзеге асырылды. Бұлақтағы батырдың музей-үйінің ең бірінші ерекшелігі — оның тап сол Әлияның туған, кіндік қаны тамған жерден ашылуы. Әлияның тұрған үйі құлап қалған болатын, тап соның орнынан кәсіпкер Сүйін Жолдас деген жігіт өз қаржысына екі бөлмелі үй салып берді. Екінші ерекшелігі — музейде Әлияның әке-шешесінің, бүгінге дейін ешбір жерде көрсетілмеген басқа да туыстарының суреттерінің қойылуы. Әлияның әкесінің де, анасының да бірде-бір суреті сақталмаған. Оларды образды түрде суретші Бақыткерей Жапаров салып берді. Әбубәкір Молдағұловтың бір әңгімесінде Әлияның анасының қандай болғаны суреттеледі, соны басшылыққа алдық, сонымен бірге олардың көзін көрген жандардың айтуынша, туыстарының түр-әлпеттеріне қарап салынды. Мұндай жәдігерлер Әлияның басқа музейлерінің бірде-бірінде жоқ.

Музей-үйдегі суреттер «Әлияның отбасы», «Әлияның туыстары» деп топтастырылған. Сонымен бірге өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін осы топырақты мекен еткен, осында өсіп-өнген әулеттердің өкілдері туралы да ақпараттар жинақталған. Мәскеуден, Санкт-Петербордан келген құжаттар, Әлияның ізімен жасалған сапарлардан әкелінген құжаттар да бар.

Жәдігерлерді «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупенова екеуміз жинақтадық, осы игілікті іске Қобда ауданының әкімі Болат Құлов көп көмегін көрсетті, — дейді  «Қос шынар» — Әлия, Мәншүк атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербес.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button