Жаңалықтар

Ұстаз келбеті ұмытылмайды

Өміріңе өнеге жолын ұсынған, ұлағаты мол ұстаз бейнесі кім-кімге де ыстық. Мен үшін сондай қадірлі жандардың бірі Бигелді Қожахметов ағай еді.

Оңашада отырып ұстазымтуралы ойға кетсем, көз алдымаақжарқын мінезі, ақжүректі, жылы жүзі келіп, аяулы бейнесі еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…

Бигелді Сақашұлының тұлғасы —әр шәкірті үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болатын. Ұстаздың әр сөзі жүрегімізге жылу сеуіп, нұр құятын. Бейне бір қуаттың, өмірдің қайнар көзі іспетті көрінетін.

Біздің ұстазымыз өзінің бар күшін, тіпті  бүкіл өмірін бала тәрбиесіне, ауыл-аймақтың жағдайын жасауға,өзі еңбек еткен Мұғалжар ауданындағыҚайыңды орта мектебініңмәртебесін көтеруге арнады. Ағайымыз өте жанашыр, қамқоршы, ақылшы, тіпті керек болса жаныңда жақын дос болуға дайын тұратын. Жүрегі кең, өте мейірімді, алдына келген әр оқушысын қажетінше еркелетіп, арасында қатты ұстап, сауатын ашып, жан-жақты болуына күш салатын. Бізге көркем әдебиетті сүйіп, кітаппен дос болуды үйіндегі сөреде жиналған кітаптарын оқыту арқылы үйреткен!

Есейген сайын қайталанбас дара жолда өшпестей із қалдыра білген ұстазыңның қадір-қасиетін, өмірге кірпіш боп қалануымызға қосқан үлесін бұрынғыдан да мойындай түседі екенсің…

Уайымсыз өмір, баянды бала шағың артта қалып, шын өмірдің шаршы алаңында өзіңді көрсетіп жүрген шақта ардақты ұстазымның айрықша ақыл-сөздері мен адам баласына берген бар көмегі бір сəткеойғаоралып, көзгежасүйірді…

Маған әдебиет деген үлкен әлемнің есігін ашуыма Бигелді Сақашұлысебепкерболды. Оқу үрдісінде оқушылармен қарым-қатынасы үйлесімділік тауып, әр шәкіртін бір төбе көріп, еркелетіп есім беретін. Алғашқы сабақ берген күнінен бастап әдебиетке қызығушылығымыз оянғандай болды. Үнемі қосымша  тапсырмалар беріп, көркем шығармалар оқытып, оқыған әдебиетіміз бойынша шағын сынақ алып, шығармашылығымызды шыңдайтын.  Ол — өз ісінің шебері, себебі бізге қиын кезеңдерде қол ұшын созудан шаршаған емес. Тіпті ол кісі зейнеткер болып, біз түрлі қызмет саласында жүрсек те, алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге әрдайым дайын жан болатын. Оның сырт келбетінен өз мамандығын сүйетін мұғалім екендігін бірден түсінуге болады.

Әрбір шәкірт үшін өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, әрқайсысымызды жақсы адам болсын деп тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңіріп,жүрегімізге болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан асыл жандар солар емес пе?!

Бигелді облыстық «Ақтөбе» газетінің байырғы оқырманы еді. Өзі де мақалалар жазып тұратын. Әсіресе, ауылдастарының, еңбек адамдарының мерейін көтеруге ұмтылысы ерекше еді. Бұрынырақта Ұлы Отан соғысының жауынгері, ауылда жылқы баққан, ферма меңгерушісі болып ұзақ жыл қызмет атқарған Төлеу Ниязов туралы «Жігері жасымаған жан», өзінің немерелерінің ұстазы, кіші әріптесі, Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Гүлбану Теміртаева еңбегі жөніндегі «Әке жолын ұстанған», тағы да басқа мақалалары ізгі ниеттен, жақсылыққа жаршы болсам деген ойдан туындағанын байқайтынбыз.

Өзі ұстаздық еткен Қайыңды орта мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті Бигелді Қожахметовтің атында. Бұл кабинет заман талабына сай жоғары деңгейде жабдықталған. Ұстазымыздың өзі көзі тірісінде түрлі әдебиеттер мен оқулықтарды жеткізіп, қамқорлық жасағанын білеміз.

…Өмір ағысы бір сәтке де толастамайды ғой. Өткен жылы ғана біздің қатарластарымыз мектеп бітіргеніміздің жиырма жылдығы тұсында аяулы ұстазымызға сәлемдесіп, арнайы барып шыққанбыз. Қандай қуанды десеңізші!

Сол сәттегі мейірімді жүзі, жанарындағы ерекше жарқыл біздің әлі де көз алдымызда. Биылғы жылғы қазан айының 15-і күні ол мәңгілік ғұмырына көшті.

Енді сіздің рухыңызбен сырласамыз, аяулы ұстаз. Сіз әрдайым бізбен біргесіз.

Венера УӘЛИЕВА,

Ақтөбе гуманитарлық колледжі әдебиет және

тілдер бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button