Жаңалықтар

Облыс әкімі қаланы аралады

«Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Ақтөбе қаласын аралап, абаттандыру жұмыстарын қарап шықты», — деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оңдасын Оразалин алдымен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ғимаратын қарады.

— Бүгінде басқарма отырған ғимарат 1978 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарынан соң мұнда келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлығын ыңғайлы етіп жасадық. Мәселен, көзі нашар көретіндер мен зағиптарға арналған жазбалар мен бедерлі белгілер орнатылды. Ең бастысы, енді келушілер «бір терезе» қағидасы бойынша барлық қызмет түрлерін ала алады, — деді басқарма басшысы Асланбек Шүйіншәлиев.

Басқарма басшысы облыс бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен шамамен 49 мыңдай адам қамтылғанын жеткізді. Жыл соңына дейін  барлығы 53 мыңнан астам адамды қамту жоспарда бар.

Бұдан соң облыс әкімі «Рауан» тұрғын үй алабына барып, 280 үйдің электр желісі мен  су құбырларының құрылысын, жол жөндеу жұмыстарын қарады. Аталған жобалар биыл желтоқсан айында аяқталады. Бір айта кететіні, мұндағы көшелер  электр желісі қосылған соң жарықтандырылады.

Өңір басшысы жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, тілектерін тыңдады.

— Мектеп тұрғызылды, көшелерге асфальт төселіп жатыр, жаяу жүргіншілер жолы да салынды. Сізге және осы жерде демалыссыз күні-түні еңбек еткендерге рақмет. Ендігі бір өтінішіміз автобустардың қозғалысын реттеп берсеңіз. Автобустар өте аз жүреді, демалыс күндері адамдар аялдамада тоңып қалады. Сонымен қатар аялдама павильоны мен көшеге  жарық та керек, — деді тұрғындардың бірі Күзенбай Хасенов.

Оңдасын Оразалин: «Сіз өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Халыққа қолайлы жағдай жасау – біздің негізгі міндетіміз. Әрине, мұның бәрі бір күнде шешілмейді, кішкене уақыт керек. Айтып өткеніміздей, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Қазір жасалып жатқаны аббаттандыру жұмыстарының басы ғана. Жұмыстар әлі  жалғасатын болады»,— деп сендіріп, қала әкіміне тұрғындар айтқан мәселелер бойынша бірқатар тапсырма берді.

Осы айда «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы гүл бағын абаттандыру бойынша негізгі жұмыстар аяқталмақ. Көгалдандырылу жұмыстары келер жылға жоспарланып отыр.

— Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың 95 пайызы  аяқталды. Енді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп,  суару жүйелері, отырғыштар, қоқыссалғыштар мен балалар және воркаут алаңдары орнатылады.Гүл бағының ұзындығы — шамамен 30 метр. Ал жалпы алаңы— 3 гектар, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жомарт Бақыткелдіұлы.

Облыс әкімі сондай-ақ Ақтөбе қаласы аумағындағы беткі су бұру жүйесінің қондырғысын көрді. Жаңбыр мен қардың суын бұратын суағарлар 11-шағын ауданда, Сәңкібай батыр даңғылында, Маресьев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында, Қаратаев көшесінде салынып жатыр.

Осы айдың соңына дейін суды бұратын темірбетон науаларын, су жинайтын құдықтар мен резервуарлар орнату, суағарларды кәріз желілеріне қосу, сонымен қатар металл және темірбетон қақпақтарын науаларға орнату қарастырылған.

Айта кетейік, суағарлар орнату жұмысы келесі жылы Әуеқалашығында, Қарғалыда, Жаңақоныс ауылында, Батыс-2 шағын ауданында, сонымен қатар Жармағамбетов, Жұбанова, Гришин, Шәйкенов, Рысқұлов, Жиенбаев, Жазықов пен Тәжібаев көшелерінде жалғасатын болады.

Облыс әкімі бұл күні сулы-жасыл бульварда болып, абаттандыру жұмыстарын қарады. Жоба аясында бульвардағы «Шаңырақтың» құрылысы мен  кіреберісіндегі декоративті арканы, мінбенің қасбет бөлігін қалпына келтіру, жаяужол тақталарын төсеуқарастырылған.

Қаланы аралап шыққан Оңдасын Оразалин облыс орталығын әрі қарай дамытып, абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button