Жаңалықтар

Ізденімпаз Индира

Ол өзін басқалардан өзгеше немесе кем көрмейді. Өзімен тағдырлас жандарға да «мүмкіндігім шектеулі» деп ойламау керектігін, мидағы шектеуді алып тастап, «қолымнан бәрі келеді» деп алға ұмтылу қажет екендігін айтады. Соның дәлелі — тағдырдың дегеніне мойынсынбаған мұғалжарлық Индира Байдоллина бірнеше жыл бұрын «Zhas project» жобасынан грант ұтып алып, химиялық тазалау орнын ашқан. Тұрмысы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсетеді. Бүгінде Қандыағаш қаласында жаңа кәсіпті қолға алыпты.

2015 жылы Кентау қаласындағы Арнаулы кәсіптік колледжге оқуға түскен бойжеткен «ЭВМ операторы» мамандығын оқып жүріп, 2017 жылы колледж атынан арнайы жобаға катысады. Осы жобадан ұтып алған бір миллион Индира үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Оқып жүріп, сол Кентаудан химиялық тазалау орнын ашады. Кейін 2018 жылы наурыз айында оқудан екі айға өндірістік тәжірибеден өту үшін Қандыағаш қаласындағы ерікті мүгедектер қоғамында дизайнер ретінде іс-тәжірибеден өткен. Тәжірибеден өту барысында ұжым мүшелерінің қолдауына ие болып, ықыласына бөленеді.
— Тәжірибеден өту барысында баспа ісіне қызығушылығым оянды. Сөйтіп, осы саланы тереңдеп үйрене бастадым. 2018 жылдың маусым айында қолыма дипломымды алып, Қандыағаш қаласына қайта келіп, баспа ісіне қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмыс жасай бастадым. Сонымен қатар ерікті мүгедектер қоғамында жастар тәжірибесінен өтіп, әрі қарай ақылы қоғамдық жұмыс арқылы тұрақты жұмысқа орналастым. Сол жылы білімімді шыңдау үшін Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнының сырттай бөліміне түсіп, биыл оқуымды аяқтадым. Қазіргі таңда ерікті мүгедектер қоғамында программиспін. Жұмысымнан бөлек, өзімнің және қоғам берген аппараттарды пайдаланып, қосымша табыс табамын. Аудандағы балабақша, мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін. Қол қусырып отыра алмаймын, ізденген ұнайды. Сондай-ақ көшірме қағаз, суреттерді басып шығару, шоколадтарға қаптамалар, қорапшалар, тойларға тойбастар, тағы да басқа жұмыстар жасаймын. Әлеуметтік желіге қолымнан шыққан дүниелерімді салып отырамын,сол арқылы тапсырыс та түсіп жатады, — дейді ізденімпаз Индира.
— Индира өмірге сап-сау болып келді. Қонақтан қалмайтын халықпыз ғой. Алты-жеті айлығында сол бір қонақтан келгеннен кейін бір апта қызуы көтеріліп, ауырды. «Көз тиген» дедік. Тоғыз айлығында балалардағы церебралды ми сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылып, ІІ топ мүгедектігі берілді. Қызымыз диагнозына қарамай, 3 жасында алғаш қадам басып, бізді қуанышқа бөледі. Мектепті үйден оқыды. Өте алғыр болғандықтан, сыныптан-сыныпқа ерте көшірілді. Оның екі қолы және тамырлары тартылып қала береді, соған қарамастан, қолөнер үйірмесіне қатысты. Қазақстанның көп қалаларына жарыстарға барып, жүлделермен оралды. Колледжді де, жоғары оқуды да өзге үлкен қалаларда оқыды. Өзі барып, өзі жүріп үйренген. Қызым өте пысық, жинақы, әрдайым таза жүреді және көңіл күйі үнемі көтеріңкі. Оның бұдан да биік жетістіктерге жететініне сенемін, — дейді анасы Анар Байдоллина.
Индира өзін де, өзімен тағдырлас жандарды да мүмкіндігі шектеулі дегенге келісе алмайды.
— Көп жерге шықпай, тек керек дүниелерді интернет арқылы қарайтынмын. Себебі менде комплекс басым болды. Кейін отбасым маған «сенің қолыңнан бәрі келеді» деп үнемі демеу көрсеткесін, солардың арқасында мүмкіндігім шексіз екенін сезіне бастадым. Қазір жағдайым жақсы, кез келген жерде еркін сөйлеп, ойымды еркін жеткізе аламын. Бұл — жақындарымның қолдауы мен өз-өзіме деген сенімімнің арқасы. Сонымен бірге өзім тәрізді жандардың барлығын еш нәрсеге мойымай, тек алға қарай талпынуға шақырамын. Себебі мен осы өмірде ешқандай шектеу жоқтығын түсіндім. Шектеудің барлығы біздің мида екен, — дейді кейіпкерім Индира.

Индираның қазіргі мақсаты — жоғары оқу орнын бітірген дипломы бойынша тұрақты жұмысқа орналасу. Алған білімі арқылы өзі де дамып, қоғамға да пайдамды тигізсем дейді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button