Жаңалықтар

Бастаулықтарға алғашқы несие берілді

«Бастау-Бизнес» курсында оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген азаматтарға «Atameken Aktobe»  шағын несие ұйымы арқылы алғашқы несиелер берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша аталған бағдарламаның бес түлегіне берілген несиенің жалпы сомасы —  30 млн теңге.

Бірінші болып жылдық 6% жеңілдікпен несие алғандардың бірі — қобдалық жеке кәсіпкер Тәттібек Әмірғалиев. Ол курсты былтыр оқып, сертификатын алған.

— Мен бұрыннан өнеркәсіптік деңгейде құлпынай өсіруді жоспарладым. Қаржыландырудың тиімді шарттары бар микроқаржы ұйымының ашылуы ісін жаңа бастаған кәсіпкерге үлкен көмек болды. Ең маңыздысы, несие алу кезінде тапсырылатын құжаттардың аз болуы және шағын несие ұйымы кеңесшілерінің қолдау көрсетуі, сүйемелдеуі. Өтініш берген сәттен бастап бір ай ішінде біз 7,2 миллион теңге көлемінде несиеге мақұлдау алдық, аз уақытта қаржы шотымызға түсіп үлгерді. Енді Қобда ауданының орталығында жылыжай салу үшін қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алуға кірісеміз, — деді Тәттібек Әмірғалиев.

Тағы бір қобдалық кәсіпкер Амангелді Қазымбетов ірі қара мал сатып алуға 6,3 млн теңге көлемінде несие алды.

Микроқаржы ұйымы есебінен қаржыландырылған келесі екі жоба — Мәртөк ауданы тұрғындарының жобалары: «Гильманова Г. Н.» ЖК басшысы ірі қара мал өсіру үшін, ал Берік Ибраимов жүк тасымалдаумен айналысу үшін «Газель» көлігін сатып алуға несие алған.

Ақтөбе қаласы бойынша 8 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие «Хожакова Даулет Балтаевна» жеке кәсіпкерлігінің шотына аударылды.

— Жасым 60-та, бірақ бұл «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренуге кедергі болмады. Қурайлы кентінде отбасымызбен түйе өсірумен және шұбат сатумен айналысамыз. Шұбатқа тұрғындар арасында сұраныс көп. Аулада 5-6 түйеміз бар. Енді тағы он шақты бас сатып алғымыз келеді. Мен шағын несие ұйымына жүгіндім, кеңесшілер несие алуға қажетті құжаттар жинауға көмектесті. Комиссия қарағаннан кейін бізге қаражат мақұлданып берілді, — дейді Дәулет Хожакова.

Бастаулықтардың жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қыркүйек айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Ақтөбе облысына 1,3 млрд теңге бөлінді.

— Мемлекеттік қолдау шаралары өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Ең алдымен ісін жаңа бастағандарға қолдау көрсетіледі. Микроқаржы ұйымы пайда табуды емес, бастаулықтарды қаржыландыруды, олардың жобаларын іске асыруға жәрдемдесуді мақсат етеді.

Палата кеңесшілері, шағын несие ұйымы қызметкерлері және бизнес-тренерлер арасында құрылған тізбек пен жолға қойылған жұмыс — қаражаттың жоғары қайтарымдылығы мен іске асырылған жобалардың сәтті болуының кепілі. Палата жеке кәсіпкерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашуға, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы бизнес-жоспар әзірлуге, маркетингтік талдау жүргізуге, бизнесті дамытуға көмектеседі, — дейді  Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова.

«Atameken Aktobe» шағын несие ұйымы биыл сәуір айында  облыстық әкімдік пен  өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен құрылған. Ең негізгі мақсаты —«Бастау- Бизнес» жобасының түлектерін жеңілдікті несие қаражатымен қамтамасыз ету. Микрокредит беру Үкіметтің 2021 жылғы 4 маусымдағы №382 Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінде микроқаржы ұйымына жалпы сомасы 910 млн теңгеден асатын 175 өтінім түскен.

— Микроқаржы ұйымы өзінің бизнес-жоспарларын табысты қорғаған «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне кәсіпкерлік қызметтің барлық түрлерін дамытуға несие береді. Биыл ауыл және шағын қала тұрғындары үшін несиелердың ең жоғары мөлшері — 7,2 миллион теңге, қала тұрғындары үшін 18,9 миллион теңге болды. Негізгі несиены төлеудің жеңілдікті кезеңі — 12 айға дейін, сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 6%. Кредиттеу мерзімі — 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру — 36 айға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін — 7 жылға дейін. Несие рәсімдегені үшін ешқандай комиссия алынбайды. Кепілдік мүлікті бағалауды тәуелсіз бағалаушылар жүргізеді, ал жобаларға микрокредит беру бойынша шешімдерді шағын несие ұйымының Кредит комитеті қабылдайды,  — дейді «Atameken Aktobe» шағын несие ұйымының директоры Нұрлан Серікжан.

Алайда шағын несие ұйымы жеке тұрғын үй құрылысы мен жылжымайтын мүлік үшін жер учаскелерін сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, бар несиелерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button