«Ақтөбе — құтты мекен»

Ақжардағы спорт нысаны — металлургтердің қалаға сыйы

«Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкерлерінің ұйытқы болуымен Ақтөбе қаласында бірнеше жоба жүзеге асырылды.  «ERG қаласы» әлеуметтік жобалар байқауы аясында компания зауыт жұмысшыларының идеяларын жүзеге асыруға 34 миллион теңге жұмсаған.

«ERG қаласы» әлеуметтік жобалар байқауы осы компания қызметкерлеріне өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жеңіске жеткен ақтөбеліктердің бірқатар идеясы іске асырылды. Олардың алғашқылары  — Ақжар-2 елді мекеніндегі футбол алаңы, Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы арқанды кешен және Ақтөбе қалалық №7 мектептегі ақыл-есінің дамуы кенжелеп қалған балаларды дамыту мен әлеуметтік бейімдеу кабинеті. Олар ERG компаниясы мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы 2021 жылғы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында қаржыландырылған.

— «ERG қаласы» әлеуметтік жобалар байқауы 2019 жылдан бастап өткізіліп келеді. Компания акционерлері мен басшылары нысандарды салумен қызметкерлердің де идеяларын қаржыландырып отыр, —  дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов.

Спорт нысанының ашылу салтанатына «Қазхром» мен зауыттың басшылығы, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары мен Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдері қатысты. Жобаның авторлары — Ержігіт Еркінбайұлы, Айгүл Еркінбайқызы, Альбина Жукина — барлығы «Қазхром» қызметкерлері. Бұған дейін ақжарлық балалар спортпен айналысу үшін көрші елді мекенге барып жүрген. Осыған орай Ақжар-2-де спорт алаңын салу идеясы пайда болды. Бұған қоса балаларға ыңғайлы болсын деп спорт үйірмесінің қасына ауданы 540 шаршы метрлік футбол алаңы салынды.

— Ақжар-2-де тұрып жатқаныма 10 жыл болды, бұл — осы елді мекендегі ең алғашқы спорт нысаны. Енді жас спортшылардың тыныс алу жүйелерін нығайту үшін осы жерде де жаттығамыз, —  дейді грек-рим күресінен балалар жаттықтырушысы Бақытқали Батырғали.

Қолдау тауып, қаржыландырылған жобаның бірі — Ақтөбедегі арқанды саябақ. Жоба бастамашысы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бөлімінің маманы Полина Овсиенко.

Үшінші жоба ақыл-есінің дамуы кенжелеп қалған 300 бала оқып жатқан Ақтөбе қалалық №7 арнайы (коррекциялық) мектеппен байланысты. Жоба аясында әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетудің екі кабинеті жасақталды. Мұнда балалар ас әзірлеуді, кір жууды, үй жинауды үйренеді. Кабинеттердің іші жөнделіп, тұрмыстық техника мен қажетті құрал-саймандар, ас жиһазы сатып алынды. Әр кабинет проекторы бар интерактивті тақтамен жабдықталған. Оқу бөлмесі үй бөлмесінен аумайды. Бұл балаларды дербес өмірге дайындап, бейімдеуге көмектеседі.

Мейрамүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button